ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті қызылордалықтар!
Сіздерді сүйікті қаламыздың 200 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Биыл Елордамыз Астананың 20 жылдық және Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойларын қатар атап өтудеміз. Бұл Қазақстанның алғашқы және қазіргі астаналары арасындағы ерекше рухани байланысты аңғартады.
Екі ғасыр ішінде Қызылорда қаласы тарихы бай, көрікті әрі заманауи қала болып қалыптасып, ұлттық рухани құндылықтардың ұйытқысына айналды.
Қызылорда қаласы Жанкент, Шірік-Рабат, Сығанақ сынды ежелгі астаналардың және Ақ Орда мен Алтын Орда сияқты хан ордаларының аумағы, Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның астанасы, сондай-ақ, ағарту, саяси және өнеркәсіптік даму орталығы болды. Ұлтымызға «қазақ» атауын қайтару туралы шешім де дәл осы киелі мекенде қабылданды.
Астана қаласына қарап бой түзеген Қызылорда Сырдарияның сол жағалауына қарай кеңейіп, өзінің қос ғасырлық мерейтойына ерекше сый жасап отыр. Келешекте де сәулеті мен дәулеті келіскен қаламыз орасан жетістіктерімен ел дамуына зор үлес қоса бермек.
Қымбатты жерлестер!
Сүйікті қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан баршаңыздың еңбектеріңізге ризашылық білдіре отырып, Сіздерге толағай табыс, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін!
Халқымыздың қажырлы еңбегі мен еліміздің мызғымас бірлігі тәуелсіз Қазақстанның қарыштап дамуының негізіне айналсын!
Гүлдене бер, өсе бер, сүйікті Қызылорда!
Мереке құтты болсын!
Құрметпен,
облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.