«АҚЫЛДЫ ҚАЛА» АҚЫЛДЫ ҰЛТТЫҢ ДАМУЫНА НЕГІЗ САЛАДЫ
Қазақстандық және ресейлік сарапшылар Сыр елінде "Ақылды қала" тұжырымдамасын талқылады. «SMART CITY: аймақтың дамуындағы жаңа мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстелде Мәскеу, Краснодар, Астана қалаларында іске қосылған «Ақылды қала» тұжырымдамасы бойынша цифрландыру және «SMART CITY Қызылорда» тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелері сөз болды.
Басқосуда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың аймақта жүзеге асу барысы айтылды. Мәселен, аталған бағдарлама мен «Smart city» тұжырымдамасы бойынша, биыл өңірде 37 жоба жүзеге асуда. Сондай-ақ, біздің облыс «Ақылды басқару» бағытында пилоттық аймақ ретінде таңдалды. Өңірде қолға алынған жобалар 8 бағыт бойынша, оның ішінде 5 негізгі жоба «Smart City» аясында: білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, көлік және қауіпсіздік салалары негізінде жүзеге асатыны айтылды.
Цифрландыру бағытындағы жұмыстар мұнымен шектелмек емес. Мәселен, бүгінде өнеркәсіп саласын цифрландыру бойынша «Интеллектуалды кен орны» цифрлық технологиясын енгізу жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта мұнай өндіруді 1-2 пайызға, күрделі жөндеу мерзімін 700 күнге дейін арттыру, операциялық шығындарды 10 пайызға дейін төмендету және басқару шешімдерінің тиімділігін 20 пайызға арттыру жоспарда бар. Мұнан бөлек, уран өндіру өнеркәсібінде: «Байкен-U» ЖШС кәсіпорны «Қазатомөнеркәсіп-Сайран» ЖШС-ның тазарту цехында дайын бұйымдарды жинау блогының роботтық кешенін енгізу тәжірибесі бойынша зерттеулер жүргізуде. Роботтық кешенді енгізу қолмен жұмыс істеуден босатып, өнімді тасымалдау, орауға қатысты барлық алгоритмді автоматтандыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Ал, білім беру саласында аймақтағы білім беру мекемелерін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы компьютермен қамту шаралары қабылданды. Жыл аяғына дейін 293 мектеп жоғары жылдамдықты интернет және Wi-Fi желісімен жабдықталады. Сондай-ақ, аймақтағы 293 білім беру мекемесі «Күнделік» электронды журнал жүйесіне қосылған.
Денсаулық сақтау саласы бойынша өңірдегі 80 пайыз медициналық мекемелерде кеңжолақты интернет желісі орнатылған. Медицина мекемелерін «қағазсыз айналымға» көшіру жұмыстары қолға алынды. Тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметті жақсарту мақсатында «Облыстық медициналық орталықта интеграцияланған операциялық жүйені орнату» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба отаға дайындық уақытын 20 пайызға дейін қысқартып, өлім қаупін азайтады, сондай-ақ, жылына 3 мыңға дейін операция өткізуге мүмкіндік береді. Цифрландыру бағытындағы ілкімді істер қауіпсіздік секторында, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салалары бойынша да қолға алынуда.
Басқосуда мамандар цифрландыру жобаларын әзірлеу және енгізу тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, цифрлық технологиялар көмегімен Краснодар бюджетін жылына жарты миллиард рубльге дейін қалай ұлғайтылғаны сөз болды. Қазіргі таңда аймақта смарт-менеджмент, білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, көлік, қауіпсіздік және бизнес саласында 30-дан астам жоба жүзеге асуда. Біздің облыс «Ақылды басқару» бағытында пилоттық аймақ ретінде таңдалды. Оның шеңберінде жаңа кіші жүйелерге арналған «Ситуациялық орталықтың ақпараттық-талдау жүйесін дамыту» жобасы іске асуда. Сонымен қатар, дарынды жастарды қолдау үшін техникалық лабораториялар мен коворкинг орталығының қызметтерін көрсету, ІТ-стартап-жобаларын және бизнес-инкубаторды дамыту мақсатында Қызылорда қаласында «ІТ паркі» құрылды. Ал, өткен жылдың аяғында облыста «HackDay-2017» жас IT-мамандарының алғашқы аймақтық фестивалі өткен болатын.
К.БОЛАТ.