Министр ұялы телефонды тіркеу жайлы: Жаңа жыл түнінде ешкім байланыссыз қалмайды
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздегі 26 млн құрылғының IMEI код бойынша 14 миллионы ғана тіркелгеніне қарамастан жаңа жыл түнінде ешкім байланыссыз қалмайды. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев осылай деп сендірді.
2019 жылғы 1 қаңтарда ұялы байланыс пайдаланушыларының абоненттік құрылғыларын міндетті тіркеу ережесі күшіне енеді. Осыған орай, Мәжіліс депутаты Михаил Чирков Үкімет сағатында министрден «осы мерзімге дейін ұялы телефонын тіркемегендер байланыссыз қалады ма?» деп сұрады.
«Мәліметке сай, 26 млн абоненттің тек 14 миллионы тіркеуден өткен, бұл жартысынан көбі ғана. Осыған байланысты бірнеше миллион қазақстандық жаңа жыл түнінде және одан кейін бір-бірін құттықтай алмайды деген күдік басым», - деді мәжілісмен.
Дегенмен Дәурен Абаев бұл бағытта қажетті жұмыстың барлығы атқарылып жатқанын айтты.
«Әрине, адамдардың барлығы уайымдайды, бірақ барып, тіркемейді. Мәселен, бізде 26 миллион пайдаланушы бар, ал халық саны – 18 миллион. Яғни, адамдарда бірнеше телефоннан, 3-4 телефоннан бар. Қазір халықтың 70 пайызға жуығы тіркелген. Құрылғылардың 2-3 пайызы тіркеуге жарамайды. Менің ойымша, проблема болмайды және адамдар жаңа жылда байланыссыз қалмайды», - деді Абаев Мәжілісте өткен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысы туралы жиында.
Бұған дейін 2019 жылдан бастап IMEI-кодын тіркемеген абоненттерге ұялы байланыс қызметі көрсетілмейтінін хабарлаған едік. Жоғалған телефондарды іздеуді жеңілдету, қылмыстарды тергеуге көмектесу мақсатында биылғы жылдың соңына дейін қазақстандықтар ұялы құрылғыларын ЖСН арқылы тіркеуі қажет. 2019 жылдан бастап тіркелмеген гаджеттерге ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді.
Бүгін министр «озық білімді ІТ-мамандарымызды уысымыздан шығарып алмауымыз керек» деген болатын. Сондай-ақ, елімізде автомобиль және металлургия саласын роботтандыру мүмкіндігі жоғары екенін айтқан еді. Және де Абаев болашақ мамандықтар мен «ақылды қалаларды» атаған болатын.