МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ БАРЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгінде Алашқа ана атанған аймағымыз үздіктердің көшін бастап тұр. Қай саланы алсақ та алға ілгерілеушілік байқалады. Сырдария өзенінің сол жағалауынан бүтін бір қаланың бой көтеріп жатқаны облыс халқына қуаныш сыйлауда. Бұған қоса кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнесті өркендетуге айрықша қолдау бар екенін атап өткеніміз жөн. Бір сөзбен айтқанда, экономиканы әртараптандыру табысқа бастаған қадам болып отыр.
Ел үшін жасалған жұмыстар нәтижесін беруде. "Индустрияландырудың екінші бесжылдығы. Қазақстанда жасалған" Жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа «Ең үздік бизнес орта құрғаны үшін» номинациясы бойынша "Алтын сапа" сыйлығын табыстады. Айта кетейік, бұл жоғары баға өңірде бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған және дамуына зор үлес қосқан аймаққа беріледі.
Үздіктердің көшін бастау үшін мемлекеттік бағдарламалардың да өз дәрежесінде орындалуы керек.
Жуырда облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесі бюросының отырысы өтті. Онда комиссия жетекшілері жыл бойы атқарған жұмыстарды саралап, партия белсенділері марапатталды.
Жиында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясы жанындағы комиссияның, партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің, партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Денсаулық» бағытындағы комиссияның атқарған жұмыстары тыңдалды.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша 22 жоба жүзеге асырылуда. Басқосуда комиссия жетекшісі, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Темірхан Әлімқұлов атқарылған жұмыстар туралы айтты.
– Олардың біреуі Жаңақорған ауданында болса, қалған 21 жоба – бас шаһарда. Қаладағы жоба жұмыстарын жүргізуге 5,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Бюджет қаражатын мақсатты жұмсау нәтижесінде 262,1 млн теңге үнемделіп, республикалық бюджетке қайтарылды. Негізгі қаралған қаржы толық игеріліп, 120,7 шақырым ауыз су, 4,5 шақырым кәріз жүйесі және 7,046 жылу желісі жаңғыртылса, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында сумен қамту және суды бұру бойынша Арал, Қазалы, Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласындағы 19 жобаға қаржы қаралып, оның 9-ы аяқталды. Нәтижесінде 89,9 шақырым ауыз су, 12,1 шақырым кәріз жүйелері жаңартылды, – деді Т.Әлімқұлов.
Мұнан соң партия филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов хабарлама жасады. Ол Мемлекет басшысы, партия Төрағасының нұротандықтарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылап, партиялық мониторинг жасауды тікелей тапсырғанын атап өтіп, қоғамдық кеңес жұмысының нәтижелерімен таныстырды. Сондай-ақ, жұмысты жетілдіру бағытындағы ұсыныс-пікірлерді ортаға салды.
– Бізде көбіне жұмыс есеп үшін жүргізіледі. Яғни, рационалды ойлаймыз. Ал, біз иррационалды шынайы сезіммен ойлағанымыз жөн. Сонда ортақ мүдде жеке мүддеден жоғары тұрады. Бұл бағытта Елбасы бастамасымен жүргізіліп отырған «Рухани жаңғыру» аясында, қазақ қоғамының дәстүрлі құқықтық мәдениеті арқылы қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыруға қол жеткіземіз. Құқықтық мәдениет жоқ жерде құқықтық жүйе де қауқарсыз. Осы жерде ұлттық ар-ұят, ұлттық намыс түсінігінің орны маңызды, – деп атап өтті.
Сонымен қатар, Наурызбай Сейітқалиұлы халықтың санасындағы «ақша бермесең, дәрігер сені емдемейді, мұғалім дұрыс білім бермейді, билік мәселеңді шешпейді» деген түсінік азаматтарды пара беруге итермелейтіндігін және бұқараға таратылатын әрбір ақпараттың қоғамдық санаға әсерін ескеру қажеттігін алға тартты.
Партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша «Денсаулық» бағытындағы комиссияның жұмысын баяндаған аймақтық тәлімгер Нұриддин Әмитов жалпы медицинаға қаржы бөлінуі жағынан Сыр өңірінің республика бойынша алдыңғы қатарда екенін атап өтті.
Жиын соңында бюро мүшелері күн тәртібіне сәйкес облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының 2019 жылға арналған жұмыс жоспарын, фракция мүшелерінің алдағы жылға арналған қабылдау кестесін бекіту туралы шешімдер қабылдады. Яғни, Саяси кеңес бюросы отырысының күн тәртібіндегі барлық мәселелер толығымен қаралып, қаулылардың жобалары негізге алынды.
Мемлекеттік бағдарламалардың халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталатыны белгілі. Биылғы жылдың 5 қазанындағы Елбасы Жолдауында да осы мәселе айтылған болатын. Халықтың әл-ауқаты артса, мемлекеттің де алға адымдап дами берері белгілі. Ал, дамыған 30 елдің қатарына қосылуға ұмтылып, сол жолда ортақ мақсатқа жұмылған Қазақстан халқы мұны жақсы түсінеді.
Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.