Жалағаш ауданында тікұшақ апаты болған жерде түсірілген видео жарияланды
Қызылорда облысында тікұшақ апаты болған жерде куәгерлер түсірген видео жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Facebook желісіндегі Kokshetautoday парақшасына сілтеме жасап.
Видеода құлаған әуе кемесінің отқа оранғаны түсірілген. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, видео күн жарық кезде түсірілген. Еске салайық, бүгін Қызылорда облысында Қорғаныс министрлігінің тікұшағы құлады. 2019 жылдың 27 наурызында Қазақстан ҚК ӘҚК Әскери әуе күштерінің тікұшағы апатқа ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша, қаза тапқандар бар. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің саны мен жағдайы анықталу үстінде. 4 тікұшақ Ақтау қаласынан Шымкентке қарай бағыт алған еді. Ұшу түнгі уақытта метеорологиялық қиын жағдайда кешенді тексеріс және "Алтын жебе" арнайы бөлімшелерінің жаттығуы аясында іске асырылған. Тікұшақ бортында 13 адам болған.
Осыған дейін, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында Қызылорда облысында құлаған Ми-8 тікұшағының экипажы қаза тапқанын мәлімдеді. "Қызылорда облысында Қорғаныс министрлігінің тікұшағы апатқа ұшырады. Әскери жаттығу кезінде Ақтау-Шымкент бағытында ұшқан. Өкінішке қарай, экипаж мүшелері қаза тапты. Тергеу жұмыстары жүргізіледі. Қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтамын. Отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі", - деп жазды Қазақстан Президенті. Қорғаныс министрі генерал-майор Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен Қорғаныс министрлігінің арнайы комиссиясы құрылып, оқиға орнына аттанды. Қазіргі уақытта екі тікұшақ Қызылордаға қонды, біреуі апат орнына оралды. Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірігіп, әуе апатының себебі мен мән-жайын анықтау үшін тергеу бастады. ІІМ ТЖ жөніндегі комитететінің мәліметінше, МИ-8 Қызылорда облысы Жалағаш ауданында құлаған. Тікұшақ белгісіз жағдайларда құлап, толықтай өртеніп кеткен.
https://syrboyi.kz