Өз уақытымызды ұтымды пайдалана білеміз бе?
Бірде өзінің салыстырмалылық теориясын түсіндіру кезінде белгілі ғұлама Альберт Эйнштейн «Қолыңызды бір минут ыстық оттың үстінде ұстап тұрсаңыз, бұл минут сізге бір сағаттай көрінеді, ал сүйіктіңізбен өткізген бір сағатыңыз бір минуттай болып өте шығады» деген екен. Біздің өміріміздегі ең қымбат нәрсе - ол уақыт. Адам белгілі бір уақытта жаратылды, уақытша жаратылды. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Уақытты қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың адамға бағынбайтын өз заңдылығы бар. Қазақта уақытқа қатысты "қас қағым сәт", "көзді ашып-жұмғанша", "қамшының сабындай қысқа ғұмыр" тәрізді сөз тіркестері бағзы заманнан қалыптасқан. «Уақыт - емші», «уақыт - төреші» деген де бар. Осылайша, ата-бабамыз уақыттың бағасын жете түсініп, оның қадір-қасиетін ұрпақтарына жеткізуді қалаған. Уақытты зая кетіру - ең ауыр өкініш. Уақытын қадірлемеген жан көптеген мүмкіндіктен айырылып қалады. Адам баласы уақытын ұтымды пайдалана білгенде ғана көздеген мақсатына жете алмақ. «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: Қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін біл, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біл, қысылтаяңнан бұрын бос уақытты қадірле және өлмей тұрып, тірілігіңді ғанибет біл» деген сөз содан қалса керек. Уақытқа қатысты қызықты деректерге сүйенсек, шамамен 800 миллион жыл бұрын, ерте замандағы тіршілік пайда болғанға дейін Жер бетін қалың мұздақ басып тұрған дәуірде бір жылда 486 күн болыпты. Ал жүз миллиондаған жылдар өткен соң - динозаврлар дәуірінде бір жыл 370 тәулікке дейін қысқарған. Дәл қазір оның небәрі 365 күннен ғана тұратыны белгілі. Неліктен бұлай? Өйткені, ғасырлар өткен сайын ай гравитациясының әсерінен Жер ғаламшарының айналу жылдамдығы азайып келе жатыр. Соның салдарынан күндер ұзарып (шамамен бір мыңжылдықта 1,7 миллисекундқа), ал жылдар қысқаруда. Яғни, уақыт гравитация әсерінен өзгерістерге ұшырайды. Мысалы, гравитация көзі болып табылатын Жер ортасына объект неғұрлым жақын болған сайын, уақыт соғұрлым баяу жылжиды. Мәселен, әлемнің ең биік шыңы Эвересте бір жыл теңіз деңгейімен салыстырғанда 15 микросекундқа аз. Сондай-ақ уақыт объектінің кеңістіктегі қозғалысына байланысты. Мұндайда көбіне "егіздер парадоксын" мысалға келтіреді. Мысалы, екі егіздің бірін ғарышқа аттандырсақ, ұшып кеткен егіз үйде қалған сыңарына қарағанда баяу қартаяды, яғни ол үшін уақыт баяу өтеді. Кеңістіктегі уақыттың бұл әсерін қазіргі уақытта ағайынды 50 жастағы егіз астронавтар Марк пен Скот Келли өздеріне қатысты қолданып көруде. Биылғы жылдың 27 наурызында Байқоңыр ғарыш айлағынан "Союз ТМА-16М" басқарылатын кораблімен "Союз-ФГ" зымыран-тасығышы ұшырылды. Ондағы ресейлік ғарышкерлер Геннадий Падалка мен Михаил Корниенкомен бірге американдық астронавт Скотт Келли де ғарышқа аттанды. Олар Жерге тура бір жылдан соң, яғни 2016 жылдың наурыз айында оралмақ, сөйтіп ғарышта өткізілген уақыт бойынша әлемдік рекорд орнатпақ. NASA бұл миссияны адамдарды Марсқа ұшыруға жол ашатын маңызды қадам деп санайды. NASA басшылығы қазіргі таңда астронавтардың ғарышта рекордтық уақыт болуымен байланысты медициналық тексерістер нәтижелерін жарияламаймыз деп отырса да, ғалымдар екінші бортинженер Скотт Келлидің денсаулығын мұқият зерттемек. Олар адам ағзасына салмақсыздық, радиация мөлшерінің аса жоғары жағдайларында өткізген бір жылдың әсерінен оның генетикалық трансформацияларға ұшырауын Скоттың жерде қалған егізі Марктен алынған тестілер нәтижелерімен салыстыратын болады. Осылайша, егіздердің көмегімен ғалымдар ғарышта ұзақ уақыт өткізудің адам ағзасына қаншалықты әсері барын зерделейді. Егер ғарыш кемелерінің жарықтың жылдамдығымен ұшатындай мүмкіндіктері болса, Сириусқа ұшып барып кері қайтуға сіз небәрі 2,5 жыл уақыт жұмсар едіңіз, бірақ Жерге оралғанда туыстарыңыздың бірден 17 жасқа қартайғанын көріп таңданар едіңіз. Себебі, адамның ғұмыры небәрі 0,16 «ғарыштық секундтарға» созылады, яғни біздің 70-80 жыл ғұмырымыз ғарыш өлшемі бойынша тіпті бір секундқа да жетпейді, ол ғарыштық секундтың жүздеген бөлшектерінің бірін ғана құрайды. Ал адамзаттың бар тарихын осы өлшемге салар болсақ, ол небәрі 1,5 сағатқа созылады екен. Біз осы уақытты, оның қадірін қалай түсінеміз? Оны бағалай білеміз бе? Уақыт өткен сайын күндер ұзарғанымен, жылдар қысқарып жатқанын ескерсек, оны тиімді әрі өз игілігімізге пайдалана алып жүрміз бе? Адамның өмірі оның жүзеге асырған іс-әрекеттерінің нәтижелерінің көрінісі болып табылады. Нақ осы уақыт бізге өз өмірімізді қандай да бір тұрғыдан бағалауға мүмкіндік береді. Адамның өз уақытына деген қарым-қатынасы арқылы оның өз өміріне, өзіне деген көзқарасын түсінуге болады. Сонымен, уақыт сарапшыларының пікіріне құлақ түрсек, өз уақытымызды бағалай білу үшін ең алдымен "біздің уақытымыз - біздің өміріміз" деген қарапайым нәрсені ұғынуға тиіспіз. Өз өміріңізді жақсартатын, сізді тұлға ретінде дамытатын, оң нәтижелер әкелетін істермен айналысыңыз, дейді олар. Уақытының баға жетпес байлық екенін түсінген жан Жер бетінде өткізген әр сәтіне зер салып отыруды үйренсе, өмірін түбегейлі өзгертуге қол жеткізері хақ. Уақытты тиімді пайдаланудың тағы бір жолы - уақытыңызды босқа алатын теледидар көру, әлеуметтік желілерде отыру, телефон арқылы ұзақ сөйлесу т.с.с. нәрселерден бас тарту. Сонымен қатар әр күні ойға алған істеріңіздің тізімін жасап отырсаңыз, мұндай жоспарланған әрекеттер көбіне оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бірақ бұл жерде ескеретін жайт - уақыттық жоспарыңыз сіздің күшіңіз бен мүмкіндіктеріңізге сай болуы керек. Әрі, атқарылатын істерді күрделілігі мен қарапайымдылығына орай саралай білген жөн. Тағы бір ұсыныс - бір уақытта тек бір нәрсені жүзеге асыруға тырысыңыз, себебі адамның сана-сезімі бір нәрсеге ғана шоғырландырылған жағдайда оның миы өнімдірек жұмыс жасайды. Ірі істерді ұсақ істерге бөліп орындаңыз әрі оларды кейінге қалдыру әдетінен арылыңыз. Абраам Линкольн бала кезінде бір шаруаның көмекшісі болып жұмыс істейді. Жайып жүрген малдарын тынықтыратын уақытты ұтымды пайдаланып, кітап оқып жүріп, біраз оқу орындарын сырттай бітірген, сөйтіп жүріп лицейді, содан кейін құқықтану факультетін тәмамдап, сынақтан өтіп, адвокаттық қызметке кірді. Міне, осындай уақыт үнемшілдігінің арқасында ол АҚШ-тың 16-шы президенті болып сайланды. Қазіргі ақпараттық технологиялар заманында уақытты тиімді пайдаланудың бір тәсілі ретінде компьютерге немесе ұялы телефонға күндер есебі виджетін орнату ұсынылып жүр. Бұл бағдарламада уақытты есептеудің үш мерзімін белгілеу қажет: адам өзінің туған күнінен бастап қазіргі күніне дейін және өзі қандай да бір мақсатына қол жеткізуді межелеген датаны. Сонда уақытының әр секунды сәт сайын көз алдында зырлап өтіп жатқанын көрген соң адам ойға алған істерін кейінге шегеру әдетінен арылып, оны бірден қолға алып, мақсатына жетуге тырысады екен. Ал енді біреулер 1,5 жыл бойы ерінбей жалықпай күнделікті уақытының есебін қойын кітапшасына жазумен жүргізіп отырған соң біртіндеп оны тиімді пайдалану әдеті өз-өзінен қалыптасып кеткенін айтады. Әрі, олардың уақытты дұрыс сезіну сезімі де қалыптасқан. Сондықтан бір күнге, аптаға, айға жоспарларын нақты біледі, бәріне үлгереді. "Менің сол уақытымның өтіп жатқаны туралы ойлануыма да уақыт жоқ. Қалай өтіп жатқанын білмеймін. Тек жұмыстан қол тимейді", - дейді телеарнада еңбек етіп жүрген Айдын. Ал жоғары оқу орнының ұстазы Тоты: "Алдымен ең маңызды, тығыз, уақытымды аз алатын жұмыстарды орындап, кейін қалғанына - күрделісіне, уақыт алатындарына уақыт бөлемін" десе, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкері Роза: "Ерте тұрып, бәріне үлгеруге тырысамын, сөйтіп уақыт ұтамын", - дейді. Сөзімізді белгілі ақын Алмас Темірбайдың өлең жолдарымен түйіндесек: Уақыттан асқан билік жоқ, Уақыттан озған жүйрік жоқ, Адамға Алла бұйыртқан Уақыттан қымбат сыйлық жоқ. Өзіңді-өзің алдама, Уақытты салма саудаға. Жиырма төрт сағат берді Алла Балаға, кемпір-шалға да. Жас болып мәңгі жүрмейсің, Мәңгілік өмір сүрмейсің. Үнемдеп жұмса уақытты, Бітеді ол қашан білмейсің. Әдемі сағат таңдайсың, Көресің ұстап әрқайсын, Он сағат сатып алсаң да, Уақытты сатып алмайсың. Уақытты жинай алмайсың, Біреуге сыйлай алмайсың. Уақытың бітсе, сен оны Қарызға сұрай алмайсың. Бұл өмір деген ─ қас қағым, Өтер де кетер жас шағың! Сыйлатқың келсе өзіңді, Уақытын сыйла басқаның...
Гүлнәр Жомартова ҚазАқпарат
Гүлнәр Жомартова ҚазАқпарат