Су айдындарын таза ұстайық
Жыл басынан бері республика көлемінде бірнеше рет балық шаруашылығы саласына қатысты акциялар ұйымдастырылып келеді.
Мұндай игі шара биыл да жалғасын тауып, ауданымызда 17 тамыз күні «Аулардан таза су айдындары» атты акция өткізілді.
Бұл акцияның мақсаты – қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды және табиғатты қорғауды насихаттау. Науқан барысында балық шаруашылығы су айдындарын жарамсыз ау-құралдардан тазартып, сонымен қатар жағалауларды сүзіп, талдау жұмыстарын жүргізді.
Акция аудан көлемінде орналасқан балық шаруашылығы су айдындарында жүргізіліп, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция, Жалағаш орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары және жергілікті табиғат пайдаланушылардың қатысуымен өткізілді.
Осындай айтулы шаралар өңірімізде жалғасын тауып, жоғары деңгейде өткізіледі деген сеніміміз мол.
Келешек ұрпаққа мұра болып қалатын балық қорын сақтауға және балық шаруашылығы су айдындарын таза ұстауға бүкіл ел болып жұмылған жұдырықтай ат салысайық!