"Жазбай-ақ қояйыншы деп едім, шыдатпады...": Танымал айтыскердің Дениске арнаған жыры жұртты жылатты
Танымал айтыскер Балғынбек Имаштың Денис Тенге арнаған жыры жұртты жылатты. Ол өзінің инстаграм парақшасына "Инстажолақ Денистің суретіне толып кеткен соң жазбай-ақ қояйыншы деп ем...
Шыдатпады... ", деп мынадай өлең жолын жазды.
"Қаза мен Қазақ
***
Айна кетті, ұрланып, айна кетті,
Қанішерлер көлікті майдан етті...
Айна көлдің айналған Айнасына,
Алашымның Денисі қайда кетті?
***
Әй, қарақшы, ұрлық жеп, май кекірген,
Денис - қазақ, әлемге әйгі етілген.
Жер жүзіне танымал ерді өлтіріп,
Ел жүзіне қарайсың қай бетіңмен?
***
Сақшы да ортақ болмаса несібеге,
Ұрлықшылар соншалық есіре ме?
Алла - Ғаффар, бірақ, Ол - Әділетті,
Кісі ақысын жегенді кешіре ме?
***
Сататындар базарда ұрлықы зат,
Түсірдіңдер жүрекке түрлі сызат!
Қалай жауап бересің, Алла алдында,
Саған қарсы сөйлейді күллі құжат?!!
***
Қылмыскерлер қырып жүр айналаңды,
Ар-иман мен "Ата Заң" қайда қалды?
Өз ерлерін өзге емес өзі өлтіріп,
Қазақ неге соншалық майдаланды?
***
Батыраштар "Айнама" көз тігіпті,
"Құлагердің" демі де тез тыныпты.
Тен құлады, солқылдап мен жыладым,
Есіме алып Мұстафа Өзтүрікті...".
Мұны оқыған желі қолданушылары даңқты спортшының өліміне әлі де сенбейтінін айтып, өздерін жырмен жұбатып жатыр.
Фото: balgynbek_imash
http://ernur.kz