Дженнифер Лопес “Зың-зың” бейнебаянына түсірген шағымын қайтарып алды
Jokeasses қазақстандық вайнерлер тобы түсірген “Зың-зың” бейнебаяны бұғаттан шығарылды. Әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопес клипке түсірген шағымын қайтарып алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
Бұған дейін Дженнифер Лопестің мүддесін қорғайтын Warner Music Group компаниясы “Зың-зың” трегінің Control Myself әніне ұқсайтынын байқап, шағым түсірген еді. Бұдан кейін, қазақстандық вайнерлер түсірген клип желіде бұғатталып қалды. Таяуда америкалық компания түсірген шағымын қайтарып алған.“Иә, ақыр соңында бейнебаян бұғаттан шығарылды. Енді оны қайтадан тамашалауға болады. Бізге ештеңе айтылған жоқ, бар болғаны Warner Music Group компаниясы шағымын қайтарып, біз тыныш өмір сүре бастадық”, – деп хабарлады Jokeasses тобының мүшесі Ахмад Хельми.
“Біз америкалық компанияға хат жолдап, бұғаттың себебін түсіндіруді өтіндік. Бейнебаянға ешқандай монетизация қоспағанымызды, одан бір тиын да пайда таппағанымызды айттық. Басқаша сөзбен айтқанда, көздегеніміз ақша емес екенін түсіндірдік, мүмкін сондықтан да бұғаттан шығарған шығар. Бізге ешқандай да жауап келмеді, есесіне шағымды кері қайтарып алған”, – дейді Ахмад Хельми.
Вайнерлер бұл оқиғаның ғұмырлық сабақ болатынына сенімді.
Stan.kz