«Айка» фильмі «Оскардан» үмітті
Жылдың басында ғана Канн фестивалінде, ал өткен аптада Түркияның Анталия қаласында өткен кинобайқауда үздіктер қатарынан көрінген «Айка» фильмінің алдынан және бір үлкен әрі айтулы сын күтіп тұр. Режиссер Сергей Дворцевойдың аталған картинасы «Үздік шетелдік фильм» аталымы бойынша «Оскар» сыйлығы үміткерлерінің тізіміне енді.
egemen.kz
Байқаудың ресми сайтында жарияланғандай, «Айка» кинотуындысы ресейлік Константин Хабенскийдің дебюттік жұмысы – «Собибор», Беларусь кино өнімі – Дарья Жуктың «Хрусталь», украиндық Сергей Лозницаның «Донбасс» және қытай режиссері Цзян Вэняның «Құпия адам» (Hidden Man) фильмдерімен бірге «Үздік шетелдік фильм» аталымында сайысқа түсетін болады. Аталған номинация бойынша бақ сынайтын «Оскар» сыйлығынан үміткер бес картинаның ішінен суырылып шыққан үздіктің есімі киносүйер қауымға 2019 жылдың 24 ақпанындағы 91-ші «Оскар» сыйлығын табыстау рәсіміне арналған салтанатты жиында жария етіледі. «Бұл – әлемдік өте беделді сыйлық және оның бірқатар талаптары бар. Қазақстан атынан қатысуға талай шетелдік беделді кинобайқауларда жеңіс тұғырынан көрініп жүрген отандық режиссер Әмір Байғазин лайықты үміткер болар еді, бірақ уақыт талабына байланысты оның фильмін келесі жылы ғана ұсына аламыз. Ал «Айка» туындысы – уақыты, мәртебесі жағынан ең қолайлы өнім болып отыр. Аталған картинаның «Канн кинофестивалінің жеңімпазы» деген атағы бар және шын мәнінде насихатталуы тиіс сапалы фильм. Қазақстан үшін «Айка» фильмін «Оскарға» ұсыну – үлкен мәртебе», деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова халықаралық кинофестивальдарға арналып ұйымдастырылған кезекті баспасөз жиынында.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
egemen.kz