Қызғандым: Азамат Сатыбалды Димаштың концертінде шетелдіктердің көп болғанын айтып күйінді
Димаштың Мәскеуде өткен ән кешіне қатысқан Азамат Сатыбалды өзегін өртеген өкінішін жеткізді. Сөзіне қарағанда, Құдайбергеновтің концертін тамашалауға қазақтардан қарағанда шетелдік фанаттар көптеп келген. Бұл ретте ол батырды бар кезінде бағалауға шақырды, деп жазады Stan.kz.
"Ай ортақ, күн ортақ, жер ортақ, жерден шыққан ер ортақ деген дана xалқым. Димаштың Мәскеу қаласындағы, Кремль концерт залындағы екі күнгі аншлагпен өткен концертін тамашаладым.
Концерт барысында сан түрлі әсер алдым. Ең бастысы мақтандым, ортасында қуаныштан көзіме жас та келді жасыратыны жоқ. Жамбыл жәкем намаз оқыған Кремльде, сан жылдан кейін Димашымыздың концерт беруі мақтаныш екені сөзсіз.
Көрерменнің көбісі қытайлықтар және шетелдіктер болды. Солар Димаши деп айқаға басқанда шыны керек қызғандым. Атып тұрып ол біздің Димашымыз деп айтқым келді. Сонда байқадым Димаш елдің емес, әлемнің Димашы болыпты. Оларда бізден қызғанып отырған болар....
Бір әттеген-айы шетелдік жанкүйерлер қазақтардан көп болды. Батырларымызды барынша бағалау керек екенін естен шығармайық.
Қазақта Құдайға шүкір таланттар жетерлік, бірақ Димаш Құдайбергенов жалғыз. Өйткені Димаш ол - құбылыс. Оны солай қабылдау керек.
Ең бастысы тіл-көзден сақтасын. Менің байқағаным бұл тек басы ғана. Құдай қаласа Димашымыз талай биікті бағындырары сөзсіз. Қазақтың атын әлемге танытар ұл-қыздарымыз көп болсын. Алла жар болсын!" - дейді Азамат.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген наурыздың 22-23 күндері Мәскеудегі Кремль сарайында концерт берді. 6 мың адамға арналған зал екі күнде де адамға лық толы болды. Димаштың ән кеші аншлагпен өтті.
Stan.kz.