Түркі жұртын біріктірген таңдаулы жоба
Сыр топырағында Түркі жұртының басын қосқан таңдаулы жоба – «Парасатты поэзия» халықаралық фестивалі өтті. Дәстүрлі шара облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен өмірге келген еді. Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясын арқау еткен поэзия фестивалінің түпкі мақсаты: қазақ поэзиясын парасат биігіне көтеріп, жалпы түркі әдебиеті деңгейінде танылуына жағдай жасау. Әлбетте, бұл бастама бауырлас елдер арасында шығармашылық байланысты арттыра түсетіні даусыз. Олай дейтініміз, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан, Татарстан мемлекеттерінен келіп, айтулы шараға ат қосқан ақындардың лебізінен қазақ еліне, қасиетті Сыр топырағына деген ерекше бір жылылық есіп тұрғандай...
Биылғы «Парасатты поэзия» фестивалі қазақ поэзиясының падишасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Фариза Оңғарсынова мен жерлесіміз, көрнекті ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жарасқан Әбдірашұлының шығармашылығына арналды. Дәстүрлі шараға Фариза Оңғарсынованың сіңлісі Алмагүл Оңғарсынова, ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов, сондай-ақ, ақын Жарасқан Әбдіраштың ұлы белгілі кинорежиссер Рүстем Әбдірашев пен немересі Әбілхайыр Әбдіраш қонақ болды.
Фестивальге қырғыз елінің айтулы ақыны Қарбалас Бакиров, Түркия елінен ақын, публицист, Түркия және Әзербайжан Жазушылар одағының мүшесі Мехмед Нури Пармаксыз, Әзербайжан және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі, ақын Хаял Рза, Татарстаннан ақын, журналист, «Казан утлары» тарихи танымдық журналының бас редакторы Рустам Галиуллин, сондай-ақ, есімі ел аузындағы әйгілі қазақ ақындары Серік Ақсұңқарұлы, Мейірхан Ақдәулет, Ғалым Жайлыбай, Шаһизада Әбдікәрімов, Байбота Қошым-Ноғай, Бүркіт Базарбай, Бақытжан Алдияр, Елубай Әуезов бастаған Ұларбек Нұрғалым, Ақберен Елгезек, Қалқаман Сарин, Мирас Асан, Бекзат Смадияр, Мақпал Мыса сынды өлең өлкесінде өзіндік өрнегі бар жас ақындар қатысты. Олардың қатарында Сырдың сыршыл ақындары Толқын Қабылша, Асылзат Арыстанбек, Ақжол Түменбай, Назгүл Бердіқожа, Биболат Сәтжан отты жырларымен оқырман ықыласына кенелді.
Фестиваль қонақтарын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қабылдады. Кездесуде облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, сонымен бірге, рухани жаңғыру аясында жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар жайында әңгімелеп, жалпы Сыр халқының бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Алаштың анасы – Сыр өңірінен бастау алған «Парасатты поэзия» фестивалінің алғашқы олжасы – «Ұлы дала үні» жыр жинағымен таныстырды.
– Жуырда Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласындағы баспадан қазақ ақындарының қырғыз тілінде «Ұлы дала үні» атты өлеңдер кітабы жарық көрді. Әлем ақыны Олжас Сүлейменов, қазақ поэзиясының тарландары Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, М.Шаханов, Ұ.Есдәулет, Е.Раушановтан бастап бүгінгі жастар шығармашылығын қамтыған жыр жинағы жарыққа шықты. Парасатты поэзия туындыларын қырғыз ақындары Бақтыгүл Чотурова, Қарбалас Бакиров тәржімалап, баспаға әзірледі. Жыл сайын фестиваль аясында бұл жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Татарстан мемлекеттерінен келген ақындар сөз алып, айтулы шараның Түркі жұртының арасындағы рухани байланысты нығайта түсетініне зор сенім білдіріп, аймақ басшысына алғыстарын жеткізді. Сол күні шара қонақтары «АРАЙ СИТИ» сауда орталығының кинозалында жерлесіміз, белгілі кинорежиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмінің премьерасын тамашалады.
«Парасатты поэзия» фестиваліне қатысушы ақындар көші үш топқа бөлініп, Сыр бойының барлық аудандарын аралап, жырсүйер қауыммен жүздесті. Айталық, Қорқыт ата мемориалдық кешені, «Байқоңыр» ғарыш айлағы, Сығанақ қалашығының орнында болып, сондай-ақ, қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне, жыр дүлдүлі Нартай Бекежанов, дала академигі Ыбырай Жақаевтың мұраларына көңіл аударған қонақтар, алты алаштың анасы атанған Сыр өлкесінің таңғажайып тарихымен тереңірек танысты. Айта кетейік, Түркі жұртына ортақ Қорқыт абыздың мемориалдық кешенінде бауырластардың жүзінен бөлек бір толқынысты байқағандай болдық. Ақындар тобына жетекшілік жасап келе жатқан Шаһизада Әбдікәрімов ағамыз осынау тарихи орынның іргетасы кешегі кеңестік кезеңде қаланғанын айтып, қысқаша тарихынан хабардар етті.
Сыр өңіріндегі өзінше тарихы бар, жүз жырау шыққан киелі мекен – Жаңажол ауылына ат басын бұрған ақындар Дүр Оңғар атындағы ауылдық мәдениет үйіндегі поэзия кешіне қатысып, жастайынан өлең-жырмен сусындап өскен ауыл халқының алғаусыз қошеметіне бөленді. Осынау сапар барысында тағдыры әлем назарында тұрған Арал теңізінің тарихы ақындардың жан дүниесін толқытқаны заңдылық болса керек. Сол сияқты, Байқоңыр қаласында қолға алынған игі бастамаларға да ризашылықтарын білдірді.
Үш күнге созылған «Парасатты поэзия» халықаралық фестивалінің қорытынды кеші Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында өтті. Салтанатты шарада сөз алған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев жұртының сөзін жүрегімен тербеткен ақындар тілегі Тұран топырағында жыл сайын тоғысатынын атап өтті. Елбасының Рухани жаңғыру идеясының аясында өмірге келген бұл бастаманың түбі бір түркі халқының тарихи, рухани болмысын айшықтап, әдебиет әлемінде алтын көпір орнататынына риясыз сенім білдірді. Сондай-ақ, шара аясында Жарасқан Әбдіраштың «Дала, сенің ұлыңмын» атты кітабының тұсауы кесілді.
Осынау шара аясында ақындар көші қалың оқырманмен жүздесіп, оның бер жағында бір-бірімен етене танысып, шығармашылық байланыс орнатуға мол мүмкіндік алды. Әсіресе, Қорқыт ата атындағы ҚМУ және «Болашақ» университетінің студенттерімен кездесуде жас толқынның өлең-жырға деген өзгеше ықыласын аңғарғандай болдық.
Сонау Қорқыт бабамыздың қоңыр сарыны қалған сардала – Сыр өңірінде ауыз әдебиеті арқылы саф қалпында сақталған кешегі Тұрмағамбет, Дүр Оңғар, Балқы Базар, Нұртуған, Нартай сынды шайырлардың жыр мұрасы бір-біріне ұқсамайтын өзіндік өрнегімен оқшау тұратыны рас.
Арада неше ғасырлар өтсе де жыр сарыны жалғаса беретінін уақыттың өзі айқындап отыр. Яғни, жаһандық технология жадымызды жаулап, ақпараттар ағыны тасқындап жатыр десек те, сөз құдыреті шектелген жоқ. Замана сарынын, дәуір дабылын арқау етіп, ой орамы мен көңіл алаңын өлең-жырмен өрнектеген ақындар легі үзілмей жалғасып келеді... Жалғаса да береді.
https://syrboyi.kz