» » » АҒА БАСЫЛЫМДАҒЫ ЖАЛАҒАШТЫҚ АРУЛАР

АҒА БАСЫЛЫМДАҒЫ ЖАЛАҒАШТЫҚ АРУЛАР

Қызылорда облыстық «Сыр бойы», қалалық «Ақмешіт апталығы» газетінде жүріп, Жалағаштың әрбір жетістігін қаламына арқау еткен жалағаштық арулар – Гаухар Қожахметова, Ғазиза Әбілда, Мөлдір Қалымбет те туған жердің мерейін өсіруге өзіндік үлес қосып келеді.
Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылының тумасы, ақын Гаухар Қожахметова 1965 жылы дүниеге келген. Ауылдағы №117 орта мектепті 1982 жылы бітіріп, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түсті. Жоғарғы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, журналистика саласына қадам басты. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өлең жазып, түрлі байқауларда жеңімпаз атанған оның өлең-шығармалары кітап-жинақтарға енген. Жерлесіміз Гаухар апай бүгінде қалалық "Ақмешіт апталығы" газетінде жауапты хатшы қызметін атқарып келеді. Гаухар Асқарқызының Туған жер, Отан, Ана, Әке туралы жазған 10-нан астам өлеңіне ән жазылып, үлкен сахналарда шырқалып жүр.
Сондай-ақ ол "Жігер" фестивалінің дипломанты, бірнеше "Алғыс хат", "Құрмет грамотасы", мерекелік медальдардың иегері. Гаухар апайдың әкесі Сыр өңіріне танымал майдангер ақын Асқар Қожахметов жөнінде естелік әңгімені жазушы Ахат Жанаевтың аузынан естіген едім. Майдангер ақын жөнінде кейінірек тарқатып жазамын...
Ал жалағаштық Ғазиза Әбілданың есімі Сыр жұртшылығы ғана емес, тұтас қазақ жұртына, одан әрі көршілес Қырғыз еліне жақсы таныс. Олай айтуыма да негіз бар. Жақында Қырғыз ақыны Кундуз Суранбаев пен Накан Жазы жерлесіміз Ғазиза Әбілданың өлеңдерін өз тілдеріне аударды. Олар ақын өлеңдерін алғаш әлеуметтік желіден байқап, қырғыз тіліне аударуға қызығушылық білдіріпті.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, ақын Ғазиза Әбілда 1975 жылы Жалағаш ауданында дүниеге келген. Өмірін өлеңмен өрнектеген ол қазіргі күні облыстық "Сыр бойы" газетінде арнаулы аға тілшісі қызметін атқарып жүр. 
Оған дейін біраз жыл Жалағаш аудандық "Жалағаш жаршысы" газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, бас редактор болып, туған жерінде абыройлы қызмет етті. Ақынның 2011 жылы "Таңсәрі" атты жыр жинағы жарық көрген. Жаны нәзік ақынның өмірді сұлу сөзбен суреттеген өлеңдерінен саф, мөлдір, кіршіксіз таза пейілді аңғаруға болады.
Ол 2001 жылы қараша айында Алматы қаласында өткен жас ақын жазушылардың әдеби семинарына қатысып, шығармалары үздік деп танылып, Қазақстан Жазушылар одағына мүше болып қабылданды. 2002 жылы сәуірде, 2007 жылы маусым айында өткен Қазақстан Жазушыларының құрылтайына делегат болып қатысты. 2005 жылы өнер жылы аясында өткізілген “Сырдария-жырдария” өнер фестивалінің “Құрмет белгісімен”, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының “Құрмет грамотасымен” марапатталды. 2007 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Алғыс хатымен”, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Құрмет грамотасымен», “Қызылорда облысына 70 жыл” мерекелік медалімен марапатталған. Шығармалары аудандық, облыстық, республикалық басылым беттерінде жарияланып жүр. 2012 жылы Қызылорда облысы әкімінің «Құрмет грамотасын», Халықаралық «Бейбітшілік әлемі» Қазақ творчестволық бірлестігінің М.Шолохов медалін иеленді. 
«Сыр бойы» газетіндегі қаламы ұшқыр жас журналистердің бірі – Мөлдір Қалымбет. Ол өзінің салмақты мінезімен, тиянақтылығымен дараланып тұрады. Қарындасым Мөлдір екеуміз 2016 жылы облыс әкімі тағайындаған «Сыр үміті» жастар сыйлығын алып, 2017 жылы Журналистер одағына мүше болдық. 
Сырдың сұлу аруы Жалағаш ауданындағы №31 орта мектепті тәмамдап, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ды журналистика мамандығы бойынша бітіріп шықты. 2014 жылдан бастап облыстық “Ақмешіт жастары” газетінде тілші, өңірлік коммуникациялар қызметінде маман, 2016 жылдан бері облыстық “Сыр бойы” газетінің сайт тілшісі қызметін атқарады. 
Жас болса да өзінің қабілетін жан-жақты таныта білген журналистің жетістіктері де жоқ емес. Жоғарыда айтқандай “Сыр үміті” сыйлығының иегері. “Ұшқыр қалам” фестивалінде қала әкімі Н.Нәлібаевтың “Жас тілші” номинациясымен, облыстық ішкі саясат басқармасының «Алғыс хатымен», ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің дипломдарымен, Халықаралық қысқы мобильді журналистика мектебінде “Ең үздік мақала” номинациясымен, "Самұрық" инновацияларды қолдау орталығы" ҚБ-нің «Алғыс хатымен», Өңірлік коммуникациялар қызметінің, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Алғыс хатымен» марапатталған. Сонымен бірге ҚазҰУ жанындағы Халықаралық қысқы мобильді журналистика мектебі куәлігінің, мүмкіндігі шектеулі жастардың клуб қызметін ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін “Өркениетті Қазақстан” ҚБ-нің, “Жастар-Отанға” республикалық саяси лагері семинар-тренингтерінің, “Қазақстан” ұлттық телерадиохабар таратушылар ассоциациясы” ұйымдастырған семинар сертификаттарының иегері.
Өткен жылдары “Түркітілдес журналистер” қорының ұйымдастыруымен өткен Стамбұл-Солтүстік Кипр Республикасындағы БАҚ өкілдеріне арналған ағылшын, түрік тілдерін оқыту курстарына, семинарларына қатысып, біліктілігін шыңдап келді.
Жалағаштан шыққан ару қыздардың алар асуы әлі алда. Туған жердің мерейлі сексен жылдық мерекесімен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ


22 қазан 2019 ж. 702 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930