Абаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның миссиясын жария етті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша құрылатын саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның міндеті мен мақсаты жарияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев мәлім етті.
"Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылғандығын жария етті. Бұл - тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіндегі еліміздің кезекті қадамы. Сол жылдардағы қуғын-сүргін - тарихымыздың жанындағы жазылмаған жара. Процестердің бұқаралығы, жабықтығы, құпиялығы өкінішке орай, көптеген ақтаңдақ қалдырды. Кінәсіз қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлығы бірдей ақталған жоқ. Біздің мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні 6 мыңға жуық істі қарау қажет. Халқымыздың құқы үшін де күрескендерді ақтауға тиіспіз. Мәселен, 1910-1930 жылдардағы халық көтерілісіне қатысушыларды айталық, 1929 жылғы Батпаққара көтерілісіне қатысқан 500 адамның тек үшеуі ғана ақталған", - деді Абаев.
Бұған қоса ол марқұмдардың ұрпақтары, келешек қазақстандық жастар алдындағы мемлекет парызы - кінәсіз сотталғандардың жарқын бейнесін сақтау екенін алға тартты.
"Жаңадан құрылған органның миссиясы - саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай саяси және заңды түрде ақтау жақсатында жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру.
Президенттің комиссия алдына қойған міндеттері және оның аясында жүргізілетін жұмыстар мынадай:
Біріншіден, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңнамалық ұсыныстар әзірлеу;
Екіншіден, жапай саяси қуғын-сүргін құрбанына теңестірілетін және саяси ақтауға жататын тұлғалар санатын бекіту;
Үшіншіден, ақталғандарды мәңгі есте қалдыру, олардың жерленген жерлерін іздеу және күтіп-ұстауды ретке келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
Төртіншіден, ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтінімдер мен шағымдарды қарау.
Аталған міндеттер мемлекеттік комиссия жұмысы сұлбасын нақты бейнелейді. Оның барысы жайында қоғамға тұрақты түрде ақпарат берілетін болады", - деп қосты ол.
Еске салайық, бұған дейін ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссияқұруды тапсырған болатын.