» » » Баланы шахмат ойынына қалай баулуға болады?

Баланы шахмат ойынына қалай баулуға болады?


Шахмат – көнеден бар интеллектуалды ойын. Адамның ойлау қабілеті мен когнитивті жүйесін дамытады деседі. Шахмат ойнай білетін адамның дүниеге көзқарасы, қабылдауы мен ойлауы өзгешелеу болады. Ақылдылар ғана шахмат ойнай  алады деседі.

Ендеше осынау бекзада ойынды неге балаға үйретпеске? Баланы жастайынан ақыл-ойды дамытар дағдыға баули білсек, болашағы да жарық болмай ма? Оның үстіне, смартфон қуған балаға шахмат үйрету қиын деп кім айтты? Ендеше қойылған сауалдарға бірге жауап іздеп көрейік.

Ең алдымен айтарымыз – балаға шахмат үйреткім келеді деген ниеттің өзі әжептәуір күш. Бұл ойға көңіліңіз түскенінің өзі керемет, мақтауға тұрарлық. Ендігі кезек – алгортимде.

Қай жастан баулыған жөн?
Бұл сауалға нақты жауап беру қиын. Бірақ барынша ерте жастан бастасаңыз, соғұрлым оңай.
  1. Үш жастан бастап балаға шахматты таныстыра бастаймыз. Көзі жаттыға бергені дұрыс. Көзбен көріп, санасы қабылдай бастайды. Осы кезеңде шахмат тастарын таныстырып, қызықтырып ойнап көрсеңіз де болады.
  2. Төрт жастан бастап шахмат ойнауды үйретуге, қай тас қалай жүретінін көрсетуге болады. Ақырыңдап ойын арқылы «ойнап көру» де артық етпейді.
  3. Бес жастан бастап шахматтың комбинацияларын, кейбір әдіс-тәсілдерін, алғашқы жолдарын үйретуге болады.
  4. Ал балаға шахмат үйретудің ең тиімді әрі жемісті кезеңі – 6-8 жас арасы. Баланың шахматқа деген қызығушылығы осы жаста ашылады. Таланты да ашылып, дарын қабілеті де осы жаста байқала бастайды. Бұл жастағы баланың тағы бір қасиеті – өзі ойланып, өзі ойнай алатыны, шешім қабылдай алатыны.
Шахмат – жасөспірім мен ересек, үлкен адамдардың ойыны десеңіз қателесесіз. Бұған АҚШ ғалымдарының айтқан уәжі дәлел бола алады. Олардың айтуынша, бүлдіршін баланың дүниені тануы мен қабылдауы өте зерек, ал шахмат баланы сыни ойлау мен шешім қабылдауды ерте жастан үйретеді.

«Балаға шахматты қай жаста үйрету керек дегенге сарапшылар түрлі пікір айтады. Бірақ бір нәрсеге бәрі келіседі. Ол – баланы барынша ерте жастан бастап үйрету керек деген пікір. Мен де балаға барынша ертерек үйрету керек деген ойдамын. Өйткені бала ерте жаста өте зерек, зейінді болады», – дейді АҚШ Шахмат мектебінің доктор Фергюсон.

«Балабақшадағы және бірінші сыныпқа барған балаларға шахмат үйретіп көрген едім, тұщымды нәтиже болмады. Бірақ екінші сыныпқа үйреткен кезімде, тез үйренгенін байқадым», – дейді АҚШ Шахмат федерациясының маманы Том Браунскомб.
Баланы қалай қызықтырамыз…

Балаға шахмат үйретудің маңызы зор. Қарапайым ғана жылқының «Г» жүрісін үйретіп қойғаныңыз дұрыс.
Ал балаға шахматты қалай үйретеміз, қалай қызықтырамыз дегенге келсек, оның жолдары көп.

Бала айтқанды емес, көргенді істейтінін бәріміз білеміз. Ендеше баланың көзінше шахмат ойнаңыз. Бүкіл әулет, жанұя боп шахмат ойнасаңыздар, тіпті керемет! Ойнап отырып баланы ақырың ойынға тартып, жүрістерді үйретуге болады.
Сол сәтте бала шахмат үйренгісі келетінін айтып, үйретуді өтінсе, «сен әлі кішкентайсың, есейгенде ойнайсың» деңіз. Кейін біраз уақыттан кейін (2 аптадан кейін) «сен есейдің, енді шахмат ойнасаң болады» деңіз. Солай шахмат үйретіп кетуге болады…

Бұл жерде айта кететін бір нәрсе бар. Балаға алғаш шахмат үйреткен кезде, 10-15 минут қана уақыт жұмсаңыз. Болды. Одан әрі жалығып кетуі мүмкін. Егер осы арада баланың шахмат тақтасы мен тастарына қызығушылығы туса, айлаңыз іске асты дей беріңіз.

Одан кейін де шахмат үйретуге отырған кезде, 15 минуттан артық отырмаңыз.
Балаға шахмат ойыны бар мультфильмдерді, кітапшаларды көрсетуге болады. Шахматтың тарихын, пайда болу оқиғасын, басқа да қызықты деректерді айтыңыз.
Сабақты қалай бастаймыз?

Балаға шахмат үйретуде мына кеңестерді есте ұстаған жөн:
  • Шахматты компьютермен үйретпеңіз. Баламен байланыс, қарым-қатынас орната отырып үйреткеннің маңызы зор. Бұл – бір. Екіншіден, бала шахматты басымен де, қолымен де ойнайды. Содан баланың тактильді рецепторлары дамып, ойынды тез игереді.
  • Ойынның ережесі мен тәртібін қатар үйретіңіз. Бала 6-8 жаста дүниені тануға құлшынысы ерекше болады. Танымдық қабілеті артады. Осы сәтті пайдаланып, жадына сіңіріңіз.
  • Бала ойыннан мазасызданып, көңілі басқа жаққа ауып кетсе, уақытты қысқартыңыз әрі баланың назарын аудару үшін «балалық дүниелерді», ойын элементтерін қосыңыз.
  • Тастарды баланың өзі жинап, өзі тізсін. Атын айтып, қалай жүретінін де айта отырса, артық емес.
  • Балаға жанашыр адам, серіктес дос керек. Сондықтан бүлдіршін ойын ойнағысы келсе, бас тартпаңыз.
  • Баланың өзі ойланғаны дұрыс, сондықтан көп ым-ишара беруге болмайды. Тек бір нәрсені ойлап ұзақ отырып қалса ғана көмек беріңіз.
  • Шахмат үйретуге мынандай бір айланы қолданып көріңіз. Басында тек пешкамен ойнап көріңіздер. Тасты қалай «жеуді», не үшін «жеу керегін» түсіндіріңіз. Содан кейін ақырыңдап жылқы, піл, ладья, король, ферзьді үйретіңіз. Шахмат күрделі ойын болғандықтан, балаға біртіндеп үйрету маңызды. Жалықтырмайды, іш пыстырмайды. Бастысы – асықпау. Бала бір фигураны игеріп болды ма, оны үйренгенін тексеріп көріңіз. Ұққан болса, келесі тасқа өтуге болады.
Уақыт
Шахматты басында жиі ойнап тұрған дұрыс. Дебютантқа ең керегі сол. Күніне бір не екі партиядан ойнаған жөн. Екі аптада баланың ойынға деген азарты оянуы мүмкін.
Қайталау – үйренудің анасы. Баланың стратегиялық ойлауын дамыту үшін әр ойынның соңында бекіту, қорыту, нәтиже шығару сынды ой тұжырым жасау керек.
05 шілде 2021 ж. 1 287 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930