» » » Абай тағылымы – даналық шырағы

Абай тағылымы – даналық шырағы

Адам баласы бүгінде қаншама тарихи уақытты артқа тастағанымен қоғамда рухани дағдарыстың түрлері күшеймесе, азайып отырған жоқ. Бұның барлығы айналып келгенде пенденің санасы мен мінезінен көрініс табуда.

Бұқар жырауды сөйлетсек, былайша тебіренеді:
Аруды таңдап сүйсе де,
Алтынды үйге кірсе де,
Аспанда жұлдыз аралап,
Ай нұрын ұстап мінсе де,
Арманын қоймас адамзат!

Ұлттың қамын ойлаған арыстардың даналығынан түйеріміз арман, мұрат, мақсат, ақыл, мінез арқылы адам айналасын жақсылыққа қарай бұрып отыруы тиіс. Ол үшін қоғамға жақсы ақыл-парасат, ұрпаққа түзу жөнді үйрететін аға буынның үлгісі мен өнегесі керек. Келер ұрпақ тарихты, ойшылдардың рухани дүниелері арқылы да танып білуі керек. Адамға дұрыс мінезді үйрететін толымды ақыл, өресі биік ой мен өмірдің тәжірибесін бойға сіңіру болмақ.

Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Абай тұсы халықтың бұзылғаны,
Қаралыққа айналып қызыл қаны.
Ақ бейіл, бауырмалдың қалпы кетіп,
«Желбуаз», «сұрқия» боп қызынғаны.
Ханнан күш, қарындастан қайырым кеткен,
Көңілден ар әм беттен ұят кеткен.
Ұлтшылдық, намысшылдық қарасы ұшып,
Есіл-дерті болған онда шен мен шекпен.
Жол-жоба түзулікке тоқтау қалып,
Кім бір аяқ ас берсе, сол әкеткен, – дейді.

Шынында кейбір тұстары біздің заманға да дөп келетін секілді. Шен мен шекпен, атаққұмарлық, жылтыраған жылы сөзге елтіп, мақтаншақтыққа бой үйретіп барамыз. Қоғамның осындай бойкүйездігіне мойынсұнсақ, ертең бізден өнеге алар ұрпақ «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледінің» кейпіне түспей ме? Арзан атақ пен мансапқұмарлық кімге опа берер дейсің? Әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатқан ордень, медальдардың сату-саудасы жайлы жазбалар кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Сол жайдан көбіміз хабардармыз. Бірақ селт етпейміз. Себебі жалған мақтаншылық бізге жабысқан дерт секілді санамызды улап тастағандай. Сырты бүтін, іші түтін болып алған медаль кімге керек? Жалпы жалған нәрсенің абырой әкелгені бар ма? Ішкі жан дүниең рахаттанып, кеудеңді мақтаныш кернеп, таза маңдай теріңмен алмаған атақ пен даңқ ешқашан мерейіңді көтермейді. Ол рухыңды күйретеді, бойыңдағы серпін мен күш-қайратыңды, жігеріңді жасытады.

Абай ұлттық мінез мәселесіне екі тұрғыда көңіл бөлген. Біріншісі, ұлттық қасиеттерді дәріптеу. Екіншісі, отаршылдық заманда қазақ қоғамына жүргізілген идеологияның салдарынан туындап отырған мәселелер, яғни мінез түрлері. Атап айтсақ, жағымпаздық, намысыздық, мансапқорлық, даңғойлық, екіжүзділік, парақорлық, атаққұмарлық, жеңілтектік және тағы басқалары. Осы мінез түрлері қоғамға орнығып, күш алып кетсе, ел мәдениетінің әлсіреп, түбінде жойылатындығын айтқан.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы.
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.
Өзімдікі дей алмай өз малыңды,
Күндіз күлкің бұзылды, түнде ұйқың.
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,
Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың.

Ойшылдың ұғымынша қоғамдық санаға, көңіл күйге әсер ететін жекелеген адамдардың түсінігі, ой өрісі, іс-әрекеті. Қоғам уақыттың, тарих пен болашақтың талабынан тысқары, айналып өтпейді. Қоғам алдында қабілетті, зерек, ақылды әрі білімді, ерік-жігері мол, табанды адамдар жүретін болса, қоғамдық санада жаңа өзгеріс пайда болмақ.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Абай ұлттың мінезін бұзып, қоғамның тұтастығын жоятын адамзат бойындағы жалған, алдамшы әрекет жайлы көп айтқан. Ұлы ақынның ұғымында ел мүддесіне қызмет ететін адамның болмысы мемлекет пен халықтың, тарих пен келер уақыттың арасында рухани көпір болуы тиіс. Халықтың сенімінен шығатын зиялылар арқылы қоғамға жақсы тәрбие мен бағыт берілсе, қоғамның мінезі ұлттық сипатқа ие болмақ. Би, шешен, ақын, жырау, батыр, бай адам болсын, ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоюы керек. Бір-бірінің сөзіне келіспей, бас-басына билік құрып, әркім әр жаққа тартса, шынында «Аққу, шортан һәм шаян» деген мысалдағы бассыздыққа тап болып, ел ішінен береке кетеді. Береке кеткен жерде бақ та, дәулет те, игілік те болмайды. Алға басқан қадамың кері кетеді.

Ұлттық мінезге қатысты Абай өзінің отыз тоғызыншы қара өзінде былай деп жазады: «Біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың әлгі екі мінезін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай, сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік, мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, сайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді. Ол екі мінез қайсы десең, әуелі ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Екіншісі намысқор келеді екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға, өкпе-араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен. Ендігілердің достығы – бейіл емес, алдау, дұшпандығы – кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық»

Абайдың айтуы бойынша, ұлттық мінез – ұлттық болмыстың, оның мәдениетінің түп тамыры, қоғамның беріктігін сақтап отыратын негізгі қасиет. Қоғам қаншалықты дами берсін, өркениет жолына ерте түскен мемлекеттердің өзі үнемі тұрақтылыққа, бір қалыпты дамуға көңіл бөліп отырады. Қоғамдық дамудағы тұрақтылық мәдени үрдіске келіп тіреледі.

Абайдың идеялары өте өміршең. Ол бүгінгі болмысымызға да, болашақ ұрпаққа да ауадай қажет. Біздің жас буынның тәрбиесі Абай тәлімінен алыстап кетті. Бұрын жас кезімізден Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін жаттау әр адамның борышындай сезілетін. Данадан алшақтаған сайын оның берген ғибратын бойға сіңіре алмаймыз. Оны түсініп, бойға сіңірсек, ұлттың ұранына айналса, көп күрделі мәселенің түйіні шешілер еді.

Әлем халықтарын сусындатып жатқан маржан дүниеден өз ұлтымыздың ұл-қыздарының кейбіреуі бейхабар десек, шындыққа жанасады. Ал тілі орысша шыққандардың, орысша ойлайтындар құндылықтың тереңіне бойлайды деп айта алмаймыз. Сондықтан Абайдың рухани әлемін меңгеру үшін ана тілімізді терең білу керек. Сонда ғана дананың ғибратын, яғни түрлі мінез кеселінен қалай құтылу жолын дәл табасың. Табасың да өз-өзіңе есеп беріп, жаман қасиеттеріңді көруге көкірек көзің ашылады. Міне, Абай ұлылығы осында жатыр.

Ұлт мақтанышы Абайдың идеясы әлем ойшылдарының идеяларынан кем түспейді, солармен астасып жатыр. Тап қазіргі қоғамдағы шиеленістерде Абай пайымындағы ұлылық пен тереңдікке сүйенген жөн. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демекші, қазақтың данышпаны жылатып айтқан. Абай философиясы – ойыңды тұңғиыққа жетелегенмен, ұлтымызды ізгілікке, адами қасиеттерге баулитын үміттің жарық сәулесі.

Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА


01 ақпан 2022 ж. 568 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 784

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031