» » » “БАЛАПАН” БҮЛДІРШІНДЕРГЕ НЕ БЕРІП ЖҮР?

“БАЛАПАН” БҮЛДІРШІНДЕРГЕ НЕ БЕРІП ЖҮР?

Бүгінде бесіктегі сәбиге дейін смартфон қарайды, сондағы әннің әуендерімен уанады. Бесігінің басынан алып қойсаң, шырқырап көнбей жылайды. Есі кірген балалар болса да компьютер мен теледидар алдына байланған. Тәрбиесіне қажетті нәрсе сіңірсе жақсы ғой. Жоқ, олар ата-ананың бақылауынсыз жалғыз қалғанда ғаламторға қосылған смартфон мен теледидардан өздерінің қалауын көреді. Баланың көзінде "сүзгі" жоқ, көргенін талғамай жұта береді. Қазіргі балалар ғаламторға жіпсіз байланып, басыбайлы тәуелді болып қалған. Балаларды сол тәуелділіктен арашалайтын "Балапан" арнасы.

Аталған арнаның ашылғанына да бір­шама жыл болды. Әсіресе, бүлдіршіндер "Балапанға" бауыр басып қалды. Ондағы "Әли мен Ая", "Түрлі түсті шөжелер", "Майя", "Саяхатшы Дара", "Саяхат сақшылары", "Марко Полоның хикаялары", "Қаһарман", "Сақалар", "Алан мен қозықа", "Көртышқан мен панда", "Сәби", "Еркелер", "Супер әке", "Ғарыштық ренджерлер", "Ержүрек сақшылар", "Супер көлік самұрық", "Тобот", "Ойын­шықтар", "Жеңімпаз жеткіншектер", "Құрастырушы Лева", "Зак дауыл", "Ерте­гілер еліне саяхат", "Құтқарушы күшіктер", "Көңілді көкөністер", "Сүйкімді жәндіктер", "Турбозаврлар", "Питер пен", "Марин және достары", "Рей бастаған құтқарушылар", "Винкстер клубы", "Мен және менің робо­тым", "Хайди", "Пороро және оның дос­тары", "Бетперделі батыр", "Данышпан қарға", "Тоқты мен Серке", "Ертемір", "Томпи", "Бұзығым", "Шахмат патшалығы", "Бала­пан және оның достары", "Достық жеңіл­мейтін күш", "Глобус", "Айдар", "Сиқыр­лы ас үй", "Күшік", "Экстрималды Фут­бол", "Баскетболшылар", "Дәл соққы", "Балақайлар", "Тынымсыз шөжелер", "Әт­кен­шек", "Алтын кілт", "Менің елім" секілді мультфильмдер мен мультихикаяларды және қазақ батырлары туралы ертегілерді, сонымен бірге "Күлдір-бүлдір", "Көке", "Тең­біл доп", "Дарын мен Айзере", "Аққұс", "Расулдың хикаялары", "Джеки Чанның басынан кешкен оқиғалары", "Құпия кітап", "Қалқанқұлақ", "Табиғат сақшылары", "Ауыл жұлдыздары", "Санжар мен Қайсар", "Кітап хана" секілді телехикаяларды балалар тап­­жылмай отырып көреді. Сонымен бірге бала­ларға арналған әндер де үйренеді. Бұ­лар­дың атауын неге тізіп жазып отырмын? Зер салып оқыңызшы, баланы елең еткі­зеді. Атауларының өзінің тәрбиелік мәні бар. Мазмұны да кедір-бұдыры жоқ теп-тегіс, баланың қабылдауына жеңіл. Әсі­ресе, мультфильмдерден балалар адам­гер­шілік­ті, достықты, қамқорлықты үйренеді.

Сондай-ақ, балаларды білім алуға, ғылым үйренуге, робототехникаларды мең­ге­руге, әлеммен танысуға, тіпті ғарыш тыл­сым­дарының сырын ұғуға, тарихын танып, білуге және табиғатты қорғауға баулиды.

Сол секілді ер балалар мультфильм кейіпкерлерінің ерлік істері арқылы елін, жерін қорғайтын батыр болуға талаптанса, қыз балалар әдеп-ибаны, ісмерлікті үйренеді және "Сиқырлы асханадан" түрлі тағамдар жасаудың қыр-сырына қанығады. Қазақ ертегілері мен қазақ батырлары жайындағы мультфильмдер де сәтті шыққан. Бүгінгі ер балалардың тәрбиесіне қажетті көмекші құрал десе де болады. Техникалық көр­кемдік сапасы жағынан да, мазмұны жа­ғынан да мінсіз түсірілген. Алайда, бір әттеген-айы, осы мультфильмдердің ау­дар­маларында бір кінәрат бар. Кейбір қазақ сөздері түсініксіз және қазақша атауы бар, тілімізге сіңіп кеткен тұрмыстық тех­нологиялық терминдерді ағылшынша, орыс­ша атауымен атайды.

Сонымен бірге кейіпкерлердің қуанып, қорқып, таңғалғандағы эмоцияларын ыңғай­сыздау берген. Естір құлаққа жағымсыз, түрпідей тиеді. Баланың психикасына да әсе­рін тигізеді. Ал "Алпамыс батыр", "Ер Тарғын", "Қобыланды батыр", "Керқұла атты Кендебай" секілді ертегілер мен "Оты­­рар­­ды қорғау", "Киелі Қазығұрт", "Түр­кіс­тан", "Ордабасы – бірлік туы", "Керей мен Жә­ні­бек", "Сұлтан Бейбарыс" секілді та­ри­хи мультфильмдер балалардың ұлттық та­­нымын кеңейтетін сондай бір әсерлі дүниелер.

Шынымды айтсам, балаларыммен бірге мен де осы мультфильмдерді тұщынып бірнеше мәрте көрдім. Өне-бойында ұлттық бояуы қалың, оқиғалары ерекше қызықты етіп суреттелген. Сондай-ақ, "Балапандағы" жоғарыда атын атап кеткен телехикаялар да балалар үшін қызықты. Баланың мінезі әртүрлі болғанымен, бәрі бірдей ойлайды. Олар үшін мына әлемде уайым-қайғы жоқ. Лайым да балалар қайғырмасын. Әлгі теле­хикаяның оқиғаларына көңілдері мәз болып отырған кішкентайларымды көр­генде, бала­ларды жылатпай, күлдіріп қойған бейбіт күнге шүкір деймін.

Қай күні Қырғызстан Жоғары Кеңесінің бір депутаты "Балапан" арнасы туралы былай деді:

"Менің қыздарым "Балапан" арнасын көріп, қазақ тілін тез үйреніп алып, қазақша сөйлей бастады. Біздің "Баластан" арнасы жартылай орыс тілінде хабар таратады. Ал балалар мемлекеттік тілді меңгеруі үшін арнаны толығымен қырғыз тіліне ауда­ру қажет", – депті қырғыздардың халық қалау­лысы. Демек, біздің "Балапан" арнасы бала­лардың тәрбиесі үшін, соның ішінде ұрпақты өз ана тілінде сөйлетуге таптырмас идеологиялық құрал болып отыр.

Ал Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаттарына қазақ тілін үйре­ту үшін мемлекет қазынасынан 27 миллион қаржы бөлінбекші екен. Халық қалаулылары өзге ұлттың өкілдері үйреніп жатқан қазақ тілін үйрену үшін осыншалықты қаржыны ысырап етпей, күніне бір мезет балаларымен бірге отырып "Балапан" арна­сын қараса, айналасы бес-алты айдың ішінде өз тілін меңгеріп шығар еді ғой.

Ендеше, алдағы уақытта әлгі айтып отырған бірен-сараң олқылықтарды түзеп жіберсе, "Балапанның" еліміздегі өзге ұлт балаларының да мемлекеттік тілде тілін сындыруға әлеуеті жетеді деп ойлаймын. Ол үшін әрбір ата-ана уақыт тауып, "Бала­панды" баласымен бірге көруі керек. Өйткені, ересектердің өздеріне білінбейтін кейбір оғаш қылығын балалардың аңғаратыны секілді, балалар байқамағанды ересектер аң­ға­рады және дер кезінде түзетуге тырысады.

Қуат АДИС

29 наурыз 2022 ж. 392 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 760

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930