Мекке қаласының кереметтері

* * *
Адамзат тарихындағы ең алғашқы құрылыс – Мекке қаласындағы қасиетті Қағба. Осы уақытқа дейін табиғи және техникалық апаттарға байланысты бірнеше мәрте жөндеуден өткен. Соңғы құрылыс 1996 жылы өткізіліп, тастары, шатыры ауыстырылып, іргетасы бекітілген. Алғашында Қағбада екі есік, терезесі болыпты. Қазір терезесі жоқ, бір ғана есігі бар.
Меккеге қажылыққа барып, қасиетті тасқа тәу ету барша мұсылманның тіршілігінде өтейтін парызы. Ал Қағба ішіне кіру мұсылман үшін арман ғана. Алайда, бұрын қалаған мұсылманға аптасына екі мәрте Қағбаға кіріп намаз оқуына рұқсат етіліпті. Қазір жылына екі рет жоғары лауазымды тұлғалар мен ерекше қонақтар үшін ғана ашылады екен.
Ғарыштан түсірілген суреттерден Мекке қаласы орналасқан аймақтың үнемі жарқырап тұратынын көруге болады. Ғалымдар Қағба орналасқан жерде Жер ғаламшарының магниттік орталығы бар екенін анықтаған. Жердің магниттік полюстері өзгергенде Қағбаның полюсі қалпында қалады екен. Бір кездері сахабалардың Қағбаны "Жердің кіндігі" деп атауында да бізге беймәлім сыр бар шығар.
* * *
Меккедегі әл-Харам мешітінде бір мезетте 2 миллионнан астам адам намаз оқи алады екен. Бір қызығы, жалаңаш таулар мен құмдардың ортасында орналасқан Меккеде әлемнің барлық аймағында өсірілетін жеміс-жидектер мен көкөністер сатылады екен. Сондай-ақ, өзен-көлі жоқ шөлді өлкеден әлемнің барлық мұсылмандары шөл қандырады екен. Өйткені онда қасиетті зәмзәм суы бар.
* * *
Қасиетті қала – Меккеде ұрлық жасалмайды, адамдар бір-біріне қиянат қылмайды. Тіпті аң-құс та ауланбайды, тал бұтағы сындырылмайды. Оған қатаң тыйым салынған. Демек, ол жер Алланың назарында тұр.
Бірде қажылық сапарға барған елімізге танымал тұлғаның Қағбаны айналып тәу етіп жүргенде бағалы фотоаппаратын жоғалтып алғанын және оны ертесіне миллиондаған адам жүрген жерден қайта тауып алғанын оқыған едім. Жоғарыда айтылғандарға осы әңгіме куә.
* * *
Мекке қаласында адамзат баласына мағұлұм сарқылмайтын қайнар бұлақ бар. Ол – зәмзәм суы шығатын қасиетті құдық. Тереңдегі – 42 метр.
Ибраhим пайғамбардың жұбайы Сара ұзақ уақыт бала көтермеген соң Хажар есімді мысырлық әдемі бір күңді күйеуіне некелеп қосады. Хажардан Исмаил пайғамбар дүниеге келеді. Алайда, Сара күндесінің мұндай бақытын қызғана бастайды. Сондықтан Ибраһим пайғамбар Хажар мен Исмаилды Меккеге әкеледі. Ашығып қалмасын деп азын-аулақ құрма мен су қалдырады. Ибраhим пайғамбар кеткеннен кейін су таусылып, шөлдеген сәби шырылдап жылай бастайды. Хажар су іздеп Сафа мен Мәруә төбелері арасында жан ұшырып жүгіре береді. Сол уақытта Жәбірейіл періште аяғының (немесе қанатының) ұшымен Мәруә төбесінен жерді қазып, су шығарады. Кейін жүрhүм жұрты бұл қасиетті құдықты бітеп тастайды. Мұхаммед пайғамбардың атасы Абд ал-Мутталиб түс көріп, Зәмзәм құдығының орнын тауып алады. Аббас әулетінен шыққан халиф Әбу Жафар Мансұр Зәмзәм құдығының айналасына мәрмәр тасын орнатқан. Осман әулетінен шыққан сұлтан Сүлеймен Кануни Зәмзәм құдығы айналасын 1,5 метр биік мәрмәрмен қоршап, хауыз салдырды. Міне, бүгінде Меккеге келген барша мұсылман дәм татып, еліне алып кететін осы зәмзәм суының құрамын зерттеген ғылым оның қасиетін айшықтай түсті. Қанша су алса да құдық ортаймайды.
Еуропадағы лабораторияларда жасалған зерттеулер нәтижесінде зәмзәм суының құрамында өте аз мөлшерде күкірт бар екені анықталды. Ал АҚШ-та жасалған тест нәтижелері бойынша құрамында микроорганизм және бактерия жоқ, өте таза, сапалы су екендігі анықталды. ДДСҰ тарапынан зәмзәм суы әлемдегі ішуге болатын және денсаулыққа пайдалы ең жақсы су ретінде жарияланды. Оның құрамында микроб, бактерия жоқ және адам ағзасына пайдалы минералдарға бай, кальций және магний тұздарының мөлшері көп.
Дайындаған Қуат АХЕТОВ