» » » Оразаның қасиеті жайлы 30 хадис

Оразаның қасиеті жайлы 30 хадис


Ораза – исламның негізгі бес парызының үшіншісі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ниетін бекітіп, ішіп-жеуден, басқа да оразаны бұзатын нәрселерден аулақ болады.

Мұсылмандарға рамазан айында ораза ұстау – парыз. Ораза жайлы көптеген хадис деректер бар, деп жазады Асыл арна.
  1. «Ұлы Алла Тағала айтты: «Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза –  Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» (Бұхари., Муслим).
  2. Басқа бір риуаятта: (Алла Тағала): «Ол өзінің тамағын, сусыны мен шаһуатын Мен үшін тастайды. Ораза мен үшін, оның сыйын Өзім беремін. Сондай-ақ, әрбір жақсылық он еселенеді» деген (Бұхари).
  3.  «Ораза – қалқан. Кім ораза ұстаса, ол күні арсыздық жасамасын, дауыс көтермесін. Егер оған біреу ұрысса немесе онымен дауласқысы келсе: «Мен оразамын!», – деп айтсын. Мұхаммедтің жаны қолында Болғанның атымен ант етемін, ораза ұстаушының аузынан шыққан иіс, Алланың қасында жұпар әтірдің иісінен де жағымдырақ. Ораза ұстаушының екі қуанышы бар; аузын ашқанда ашқаны үшін қуанады және өзінің Раббысын кездестіргенде ораза ұстағанына қуанады (Бұхари, Муслим).
  4. Кім Алла жолында екі жұп затын жұмсаса, ол Жәннәт қақпаларынан: «Я, Алланың құлы! Бұл – игілік!», – деп шақырылады. Сондай-ақ кім намаз оқыған болса намаз қақпасы арқылы шақырылады. …. Ораза ұстаушылардан болған адам «Әр-Райяан» қақпасы арқылы шақырылады. Ал, садақа беруші адам садақа қақпасы арқылы шақырылады. Сол кезде Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын): «Я, Алланың Елшісі! Әкем мен анам жолыңда пида болсын! Бұл қақпалардан шақырылған адам еш нәрсеге мұқтаж болмайды, ал осы қақпалардың бәрінен бірдей шақырылатын біреу табылар ма екен?», – деп сұрады. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Иә, (ондайлар болады) және сені, солардың бірі болады деген үмітім бар», – деді (Бұхари, Муслим).
  5. «Расында, Жәннәтта «Әр-Райяан» деп аталатын қақпа бар. Қиямет күні одан ораза ұстағандар кіреді. «Ораза ұстағандар қайда?», – делінеді. Олар орындарынан тұрады. Олардан басқа ол қақпа арқылы ешкім кірмейді. Олар кіріп болған соң ол қақпа жабылады да, одан кейін ол арқылы ешкім кірмейді» (Бұхари, Муслим).
  6. «Қандай да бір құл Алла жолында бір күн ораза ұстаса Алла сол күн себепті оның жүзін  Оттан (яғни, Тозақтан) жетпіс жылға алыстатады» (Бұхари, Муслим).
  7. «Рамазанда Аллаға иманмен әрі сауабын үміттеніп ораза ұстаған адамның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Муслим).
  8. «Рамазан келгенде Жәннәт есіктері ашылып, Тозақ есіктері жабылады да, шайтандар кісенделеді» (Бұхари, Муслим).
  9. «Оны (яғни, Рамазанның туған айын) көріп ораза ұстауды бастаңдар және оны (келесі жаңа айды) көріп ораза ұстауды тоқтатыңдар. Егер ол сендерге көрінбесе, онда шағбанды отыз күнге толтырыңдар» (Бұхари, Муслим). Муслимнің нұсқасында: «…егер күн бұлтты болса, онда отыз күн ораза ұстаңдар», – делінген.
  10.  «Кім Рамазан кезінде иманмен әрі Алладан сауабын үміт ете отырып намаз оқыса оның өткен  күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Муслим).
  11. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) былай деді: Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдарды Рамазан кезінде қосымша түнгі намаздарды оқуға талпындыратын. Бірақ оны қатаң бұйырмайтын. Тек: «Кім Рамазан кезінде иманмен әрі Алладан сауабынан үміт етіп намаз оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – дейтін (Бұхари, Муслим).
  12.  «Сәресі ішіңдер, өйткені, ауыз бекітетін уақытта береке бар» (Бұхари, Муслим).
  13. Зәйд ибн Сәбит (оған Алла разы болсын): «Бірде біз Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сәресі іштік те, сосын намазға тұрдық», – деді. Сонда Зәйдтен: «Ол екеуінің арасында қанша уақыт өтті?», – деп сұралды. Ол: «Елу аят оқитындай уақыт», – деп жауап берді» (Бұхари, Муслим).
  14. Абдулла ибн Омар (әкесі екеуіне Алла разы болсын) былай деген: «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) екі азаншысы болатын. Біләл және Ибн Умми Мәктум. Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Біләл азанды түнде айтады, сендер Ибн Умми Мактум азан шақырғанша тамақ жеп-ішуді жалғастыра беріңдер», – дейтін.
  15. «Біздің оразамыз бен кітап иелері оразасының арасындағы айырмашылық – сәресі ішу», – деген (Муслим).
  16. «Адамдар ауыз ашуға асыққан сайын жақсылықта болады» (Бұхари, Муслим).
  17.     Бірде біз Масруқ екеуіміз Айшаға (оған Алла разы болсын) келіп, былай дедік: «Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларынан екі адам бар. Олардың екеуі де игілікті істерді мүлт жібермейді. Олардың бірі ақшам намазы мен ауыз ашуды асықтырады, ал екіншісі ақшам намазы мен ауыз ашуды кешіктіреді». Айша (оған Алла разы болсын): «Кім шам намазы мен ауыз ашуды асықтырады?», – деп сұрады. Масруқ: «Абдулла», – деді. Яғни, Ибн Масғуд (оған Алла разы болсын).  Сонда ол кісі: «Алланың Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) солай істейтін.», – деді (Муслим).
  18. «Ұлы Алла Тағала былай деді: Маған құлдарымның ішіндегі ең сүйіктісі –  бәрінен ерте ауыз ашуға асыққаны» (Тирмизи).
  19. «Мына жақтан кеш батса, мына жақтан күндіз (жарық) кетіп күн батса  ораза ұстаушы ауыз ашады» (Бұхари, Муслим).
  20. Абдулла ибн Әби Әуфа (оған Алла разы болсын) былай деген:«Бірде біз Алла Елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге сапарда болдық. Ол кісі ораза болатын. Күн батқан кезде ол бір адамға: «Әй, пәленше, тезірек біз үшін асты араластыр», – деді. Ол адам: «Иә, Алланың Елшісі! Кешке дейін күтпедіңіз бе?», – деді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әй, пәленше, тезірек біз үшін асты араластыр», – деді. Ол адам: «Иә Алланың Елшісі! Әлі күндіз кеткен жоқ қой!», – деді. Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) (үшінші рет): «Иә, пәленше, тезірек біз үшін асты араластыр», – дегенде ғана ол кісі түсіп, оларға ас дайындады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тамақ ішіп болып: «Мына жақтан түннің келе жатқанын көрсеңдер, ораза тұтушы аузын ашу керек», – деп саусағымен күн шығысты көрсетті» (Бұхари, Муслим).
  21.  «Сендерден кім аузын ашатын болса құрмамен ашсын. Ал егер құрма таппаса, онда сумен ашсын. Өйткені, ол тазартушы», – деген (Әбу Дәуд, Тирмизи).
  22.  «Ораза тұтушыға ауыз аштырған адам ораза ұстағанның сауабындай сауап табады. Сондай-ақ оның сауабы ораза ұстаушының сауабын кемітпейді» (Тирмизи).
  23. Умму Умара әл-Ансария (оған Алла разы болсын) былай деді: «Бірде маған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кіргенде, оған ас ұсындым. Ол кісі: «Сен де ал (же) », – деді. Мен: «Оразамын», – дедім. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, періштелер ораза ұстаушының үйінде басқалар тамақ жегенде, олар тамақ жеп болғанша немесе тойынғанша ораза ұстаушыға игілік тілейді» (Тирмизи).
  24. «Сендерден біреу ораза болған күні жаман сөздер айтпасын, даусын көтермесін. Ал, егер біреу оны балағаттаса, немесе төбелескісі келсе ондайға: «Расында, мен оразамын!», – десін» (Бұхари, Муслим).
  25.   «Ораза кезінде кім өтірік айтуын және өтірікті амалға асыруын тоқтатпайтын болса, ондай адамның тамағы мен сусынынан бас тартқанының Алла үшін қажеті жоқ» (Бұхари).
  26.  «Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адамдардың ең жомарты болатын. Ал жомарттықты Рамазан айында онымен Жәбірейіл кездескен кезде ерекше танытатын. Жәбірейіл онымен Рамазанның әр түнінде кездесіп Құран оқысатын. Расында, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жәбірейілмен кездескенде игі істерге ескен желден де артық жомарт болатын» (Бұхари, Муслим).
  27. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деді: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы он күні кіргенде түндерді намазбен өткізетін, жанұя мүшелерін оятатын және изарын (белін) бекем байлайтын» (Бұхари, Муслим).
  28. Айша (оған Алла разы болсын) былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанның соңғы он күнін мешітте өткізетін және ол: «Қадір түнін Рамазанның соңғы он түнінің ішінде күтіңдер», – дейтін (Бұхари, Муслим).
  29. Айша анамыз (оған Алла разы болсын) былай деген: «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Рамазанда басқа айларға қарағанда құлшылыққа көбірек күш салатын. Ал, соңғы он күнінде Рамазанның басқа күндеріне қарағанда құлшылықққа одан сайын күш салатын (Муслим).
  30. Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) былай деді: «Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір бәдәуи келіп: «Я, Алла Елшісі! Маған оны орындасам Жәннәтқа кіретін амал нұсқашы», – деді. Оған Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаға ешкімді ортақ қоспай құлшылық ет, намаз оқы, парыз зекетіңді төле және Рамазанда ораза ұста», – деп жауап берді. Бәдәуи: «Жаным қолында Болғанның атымен ант етемін, мен бұған еш нәрсе қоспаймын!», – деді. Ол шығып кеткеннен кейін Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім Жәннәт тұрғындарына қарап, көзін қуандырғысы келсе, онда ол осы бәдәуиге қарасын» (Бұхари, Муслим).

http://stan.kz

04 мамыр 2018 ж. 1 562 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930