» » » АДАМЗАТТЫҢ АДАСТЫРМАС ШЫРАҒДАНЫ...

АДАМЗАТТЫҢ АДАСТЫРМАС ШЫРАҒДАНЫ...



«…Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазык іспетті. Соған қарап тірлігіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз. Өйткені, жанды жегідей жеп жүрген көп сауалдың жауабын Абай әлдеқашан айтып кеткен. Абайды оқып отырып-ақ, көштің басын баяғыда-ақ жөнге салып алуға болатын еді. Сорлатқанда біреудің уақыты жетпейді, біреудің ұғымы жетпейді, біреудің атымен зауқы жок» деп ғұламаның сөздерін ардақтаған Елбасымыз Абайды пір тұтқан, ұлағатты ойларын өміріне бағдаршам еткен.

Шынында, қым-қуыт тірлікте адамдар бір-бірін түсінісе алмай ашу-ызаға булығып араздасып жатады. Туысқан-бауырлар сөз көтере алмай немесе аз-маз дүниені өзара бөлісе алмай бір-бірін көрместей айқайласып, арты жантүршігерлік өліммен аяқталып жатқанын да көріп жүрміз. Осындай сабырсыз пенделердің зердесіне сабақ болсын деп Абай атамыз қаншама философиялық ой-жинақтарын қара сөзбен толғап, өлеңмен өрнектеп кеткен.

Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер, өзің біл.

Адамдардың бойындағы жаман қасиеттерін ащы тілмен түйреген, пәрменді сөздермен санасын оятқан. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген нақылға дөп келетін өлең жолында «Жек көрсеңдер өзің біл» дейді. «Турасын айтқан туғанға жақпайды» дегендей ғұламаның әрбір насихатынан өмір жолыңа бір ғибратты ақыл табасың. Ашуға булықсаң, сабаңа түсесің, адассаң жол табасың. Әйтеуір күнделікті күйбең тірлікте қолыңа қараңғылықта табылған шырақ секілді сәуле жағады.

…Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннін де бәріне жауап таба аласың.»

Бұл сөздер әрбір адамның дұрыс жетілуіне кепіл болатын, коғам өмірінде басшылыққа алатын бағдарламалық ойлар тәрізді.
Әр елдің өз ұлы адамдары болады. Оларды кезінде дұрыс танып, олардың қалдырған мұраларын халықтың игілігіне қолдана білген елдер заманның қандай шырғалаңынан да еркін шығып отырады. Мысалға бір ғана елді, көршіміз қытайды алайық. Конфуций мұрасын қытай халкы өзінің рухани өмірінің күре тамырына айналдыра білген. Ұлы ойшыл осыдан екі жарым мың жылдай бұрын өмір сүрсе де қытай халқы оның жазғандарын әлі күнге дейін өздерінің күнделікті өмірлерінің кодексі ретінде пайдаланады. Елдің барлық саяси-әлеуметтік өзгерістерінде де ұлы Конфуцийдің ілімі ешбір мұқалмайды, қайта сол саяси өмірдің іргетасына айналып, жаңаша құбылып отырады. Оның нәтижесін осы күнгі қытай елінің қарқындап өркендеу екпінінен де көріп отырмыз. Қытай халқына дана Конфуций жол көрсететін шамшырағы болса, ал бізге – ұлы Абай бабамыз сондай шамшырақ.

Еңбекті сат, ар сатып неге керек?
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

Ол дегеніңіз, нендей рахатқа кенелсең де еңбекпен ғана қол жеткіз. Денсаулығың барда, он екі мүшең аман тұрғанда еңбек етудің бақытын сезін. Маңдайың терлемей ар сатып алған абырой бақытқа жетелемейді. Қайрат пен жігерге айнымас ақылың қосылып, жүрегің мейірімге толы болса қасиеті мен өсиеті мол адамгершілігі жоғары зиялы жандардың санатынан боласың деген ұлағат айтады.
Абай есті кісілер мен есер кісілердің мінезін, қылығын, сырт қарағанда оп-оңай көзге іліне қоймайтын ерекшеліктерін қалт жібермей, дәл басып, дәл танитын үлкен суреткерге тән көргендікпен сипаттап береді. Ойын әсерлі бейнелеп айта келіп, тікелей ақыл-кеңес айтуды да жөн көреді.

«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдағы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей, қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» - дейді. Бұдан біз адамның есті болуының басты шарты оның әрбір істеген ісіне сын көзімен қарап, дұрыс бағалай білуі, содан тиісті қорытынды шығара алуы деген түйінді аңғарамыз. Он тоғызыншы сөзінде Абай осы ойын тағы бір қырынан өрістетіп, адам туғаннан есті болмайды, естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, сондай білгені, көргені көп адам есті, білімді болады және естілердің айтқан сөздерін ұғып, ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады дейді ұлы ойшыл.
Қалай десек те, дана Абай атамыздың ойлы туындыларын бойтұмардай кәделеп, жүрек түкпіріне жинақтасақ, тұшынып, қажетімізге пайдалансақ қысқа өмірде өкініп, бармақ тістемес едік-ау...

Жалпы, Абайдың философиялық көркемдік, әлеуметтік, гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз және т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.




02 тамыз 2018 ж. 965 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930