» » » Қазақ киносы – итальяндықтар назарында

Қазақ киносы – итальяндықтар назарында

Ұлттық киноөнеріміз Еуропа жерінде ұлықталады. «Еуразия» халықаралық кинофестивалі дирекциясының ұйымдас­тыруы­мен Венеция қаласында отандық кинокартиналардың таныстырылымы өтті. Аталған ауқымды жоба Италияның кинематографиялық, аудиовизуалды және мультимедиалық өнімдерінің ұлттық ассоциациясының (ANICA) қолдауымен жүзеге асып отыр.



Еуропадағы тарихы терең­нен тамыр тартатын көне фести­вальдердің бірі, биыл осымен 75-ші мәрте ұйымдастырылып отырған Венеция халықаралық кинофестивалінің өту мерзімі­мен (Mostra Internazionale d’Arte Cinematografica) тұспа-тұс кел­ген айтулы іс-шара қазақ кино мәде­ниетін әлемдік өнер кеңіс­тігін­де танытуға үлкен жол ашпақ. – Бұл шара біздің киномыз бен мәдениетіміздің дамуы­на әсер ететіндіктен, қазақ кине­матографистері мен мәде­ниет қайраткерлері үшін өте маңыз­ды оқиға болып отыр.

Осыған орай, көркем өнерді бағалай біле­тін Венеция қаласына шақы­рып, біздің кинематографиямызды таныстыруға мүмкіндік бергені үшін итальяндық ANICA халықаралық департаментінің басшысы Роберто Стабилеге алғысымды білдіремін. Біздің шарамыз тарихы терең және беделді Венеция кинофестивалі өтіп жатқан уақытта ұйымдас­тырылғаны көңіл қуантады, – деп халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева мәдени жоба жайында өз пікірін білдірді.

Қазақстан мен Италия ара­сын­­­дағы мәдени, рухани дос­тық қарым-қатынастың ай­қын үлгісін танытар айтулы шара аясында соңғы жылдары тү­сі­­­рілген отандық кинофильм­дер еуропалық көрермен назарына ұсынылады. Атап айтар болсақ, режиссер Э.Байғазин­нің «Өзен», Х.Ахметовтің «Әруақ», Дж.Веспаның «Әміре», Б.Қалым­бетовтің «Талан», Р.Әбдіра­шевтің «Алмас қылыш», С.Құр­манбековтің «Оралман», Т.Теменовтің «Біздің қала­ның кішкентай ханзадасы», Ж.Же­тіруовтің «Шыңырау», Е.Тұрсыновтың «Жат», А.Са­таев­тың «Анаға апарар жол» және «Ол» атты қос бірдей кинокартинасымен қатар, анима­циялық туындылардан: А.Әбіл­диновтің «Күлтегін», А.Бей­сембаевтың «Jumper», Т.Майдан, Т.Төлеуғазының «Мұзбалақ» фильм­дерінің ресми трейлерлері көрсетіледі.

Сондай-ақ шара барысында Мәдениет және спорт министр­лігі құрылтайшысы болып табылатын Орталық Азиядағы ең ірі кинофорумдардың бірі – «Еуразия» кинофестивалінің әлемдік деңгейдегі таныстырылымы өтеді. Венецияға баратын делегация құрамында Болат Қалымбетов, Тоқтар Қарсақбаев, Талғат Теменов бастаған режиссерлер мен актер Санжар Мәдиев және өзге де кино саласының мамандары бар. Өнер қайраткерлері итальяндық киносүйер қауымға қазақ өнері мен мәдениетін кең ауқымда таныстырып, ұлттық құндылықтарымыз жайында тұщымды әрі жан-жақты ақпарат беретін болады. Жоғарыда атап өткеніміз­дей, айтулы өнер сапарының тағы бір қуанышты жаңалы­ғы – дәл осы уақытта өтетін 75-і Вене­ция кинофестивалінің «Көкжиек» атты конкурстық бағдарла­м­асын­да Қазақстан атынан Эмир Байғазиннің «Өзен» картинасы бақ сынаса, «Қысқа метражды фильмдер» аталы­м­ында режиссер Эльдар Ши­бановтың 19 минуттық туын­дысы сайысқа түсетін болады. Италияның ең көне де ауқым­ды кинофестиваліне қаты­суға жол­дама алған қос фильм­нің де жұлдызы жанып, жүл­дегер­лер қатарынан көрінетініне халық­аралық «Еуразия» кино­фес­тивалінің президенті Айман Мұса­қожаева зор сенім білдірді.

egemen.kz
03 қыркүйек 2018 ж. 934 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 768

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930