100 ОҚУЛЫҚ ЖАҺАНДЫҚ БІЛІМГЕ ЖОЛ АШАДЫ
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып, жарық көрген еңбектер бүгінде ЖОО-дағы кітап сөрелерінде тұр. Биылдан бастап студенттер осы оқулықтармен білім ала бастады. Алғаш басылып шыққан 18 оқулықтың отандық білімге қосар үлесі мол. Себебі, бұл еңбектер басылымға дейін біраз сүзгіден өтті. Әр оқулықтың 10 мың данасы ЖОО-ға тегін таратылды. Нәтижесінде, талапкерлер озық университеттер деңгейінде оқуға мүмкіндік алды. Осы кезге дейін жалпы кітап атаулы орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы тәржімаланса, бұл аудармалардың дені ағылшын тілінен, бірен-саран кітап қана өзге тілдерден тәржімаланған. Бастысы, бұл аудармаларда да, оған кітап іріктеу ісінде де мазмұндық тұрғыдан бейтараптық қағида сақталды. Яғни, аударма елімізде гуманитарлық ілімді ілгерілету мақсатында жасалып отыр.
Құнды еңбектер жөніндегі ғалымдар пікірі бұл кітаптар ғылымды қазақша сөйлетудің дәлелі дегенге саяды. Аудармашылар үшін биылғы жоспарда әлі 30 оқулық бар. Ал, 100 кітапты түгел аудару алдағы екі жылда жүзеге асады. Өз тілімізге түпнұсқадан аударылып, жарық көрген алғашқы оқулықтардың ерекшелігі қарапайым әрі түсінікті түрде жазылған. Сондықтан, бұл кітаптарды тек ЖОО-дағы талапкерлер ғана емес, жоғары сынып оқушыларына да пайдалануға толық мүмкіндік бар.
Елімізде аударма ісінің кенжелеп қалғанын ескерсек, жоба аясында жүзеге асқан жұмыстар бұл мәселенің де оң шешімін табуда маңызды рөл атқарады. Алғашқы 18 оқулықпен жұмыс жасауда мамандарға терминнің дәл аудармасын беру қиынға соқты. Олардың ішінде Светлана Тер-Минасованың "Тіл және мәдениетаралық коммуникация" атты кітабы мен Роберт Родман, Кина Хайамс, Виктория Фромкиннің "Тіл біліміне кіріспе" атты еңбектері де бар. Солардың жауапты редакторы болған филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы аударма барысында біршама қиындықтың кездескенін айтады. Оның сөзінше, жұмыс барысында бірінші рет қолданысқа енген терминдердің аудармасын дәл беру оңайға соқпаған. Сол себепті, қолданыста бар және халықаралық терминдер өз қалпында қалып, тек жаңа терминдерді қолданысқа бейімдеу жұмыстары жүрді.
Ш.Құрманбайұлы өз сөзінде «ғылым тілі ұлт менталитетіне сай болу қажет» дейді. Сондай-ақ, ол әр елдің өзгеше дүниетанымы, мәдениеті болатынын ескере отырып, қазақ халқының менталитетіне сай аударманың икемделгенін айтады. Осы тұрғыда мамандар кітап авторларымен келісе отырып, қазақ мәдениеті мен менталитетіне сай келмейтін тұстарды біздің нұсқадағы еңбектен алып тастаған.
Аударма ісі жүзеге асқалы Тіл білімінің жаңа саласы пайда болды. Мәселен, осы күнге дейін Мәдениетаралық коммуникация арнайы пән ретінде оқытылған емес. Бұл пән Ресейде оқытылады. Оның өзінде оқыту курстық тұрғыдан ғана жүреді. «Мәдениетаралық коммуникацияны арнайы пән ретінде оқытуда ұтарымыз не?» деген сауал туындауы мүмкін. Біз осы тұрғыда тілді игеру арқылы басқа ұлттың мәдениетімен, таным-түсінігімен, ұлттық ерекшелігімен танысамыз. Өзге ұлттардың мәдениетімен дұрыс таныс болмаған кезде тілдік қақтығыстар болып жатады. Сондықтан, бұл пәннің осы мәселені шешуге қосар үлесі мол. Аталған оқулық – әсіресе, өзге ұлт өкілдерімен жұмыс жасайтын әлеуметтанушылар, дипломаттар, экономистер үшін таптырмас құрал. Мұнан бөлек, ғалымдар мен мұғалімдерге де пайдалы ғылыми ақпарат береді.
Бізде аударма ісі осыған дейін тек көркем әдебиетте жүзеге асқан еді. Яғни, белгілі бір автордың шығармасын аудару ғана болатын. Бұл істің тек жеке оқырмандар үшін тиімділігі болмаса, ғылымға қосар пайдасы шамалы. Ал, қазір ше? Енді ғылымды қазақ тілінде сөйлетіп, ғылым тілі көкжиегінің кеңеюіне жол ашылды. Сонымен қатар, оқырмандардың ақпаратты қазақ тілінде алуына мүмкіндік туды. Ғалымдар орыс тіліне аударылмаған кітаптарды да қазақша сөйлетіп, қазақтың ғылыми тілінің дамуына қомақты үлес қосты.
Жоғары оқу орындары ұсынған 800-ге жуық кітаптың ішінен 100 оқулықты таңдағанда сарапшылар бірнеше талапты негізге алды. Мәселен, тәржімаланатын еңбек осыған дейін кемінде үш рет баспада басылып, жарыққа шығуы шарт. Мұнан кейін шетелдегі беделді оқу орындары қолданып жүрген оқулық болуы қажет. Сондай-ақ, идея жағынан бейтарап болуы міндетті. Жарық көрген 18 кітаптың 16-сы ағылшын тілінен, біреуі француз, енді біреуі орыс тілінен аударылды. Әр оқулық 10 мың кітап болып тарайды. Олардың электронды көшірмелері «Қазақстанның ашық университеті» – «www.OpenU.kz» порталынан табылып, интернет арқылы еркін қолдануға жол ашылды. Сонымен бірге, осы оқулықтар негізінде мультимедиялық лекциялар топтамасы әзірленіп, дайын онлайн курстарға айналды. Әр пән бойынша 25 видео-лекция, конспектілер, тапсырмалар мен тест сұрақтарының топтамасы жарық көрді. Онлайн курстарды дайындауға қазақстандық жоғары оқу орындарының үздік профессорлары мен оқытушылары қатысуда. Ашық университет әсіресе, аймақтарда оқитын студенттерге үздік ұстаздардан және ең озық оқулықтардың негізінде білім алуға жағдай жасайды.
Бұл – осы күнге дейін жүзеге асқан аударма ісінің басы ғана. Ұлттық аударма бюросы қазір 30 кітапты аударып, баспаға әзірлеу үстінде. Оқулықтар негізінен философия, тіл білімі, әдебиет теориясы, ориентализм, семиотика, қазіргі педагогика, интернет психологиясы, халықаралық құқық, дипломатия, медиа мен журналистика, өнер тарихы, экономика және кәсіпкерлік салаларын қамтиды. Бұлардың қай-қайсысы да – адамның жеке тұлға және маман ретінде қалыптасуына зор ықпал ететін білім салалары.
Біз 100 оқулықтың қазақша нұсқасын жарыққа шығару арқылы елімізде гуманитарлық ілімді ілгерілетуге үлкен жол ашамыз. Бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыруда да бұл жұмыстар басты рөл атқарады. Бұған алғашқы 18 еңбектің ғана идеясымен танысу барысында көз жеткіздік. Ал, 100 оқулық қолданысқа толық енсе, көп ұзамай өз жемісін берері сөзсіз.
К.БОЛАТ.