Мектеп оқушылары өңіріміздің тарихи орындарында болды
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Туған жерге тағзым» әлеуметтік жобасы аясында облыс мектептерінің озат және әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан оқушылары «Рухани мұра: ғасырдан ғасырға» тақырыбындағы тарихи-мәдени экскурсияда болды.
Екі күнге созылған экскурсия барысында оқушылар аймағымыздың тарихи ескерткіштер орналасқан қасиетті мекендерінде болып, рухани азық алып қайттық. Экскурсияның алғашқы күні өңіріміздің оңтүстік бөлігіне орын тепкен Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы қасиетті жерлерде болып, ата-бабаларымыздың тарихымен сусындадық. Сондай-ақ, Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейіне қонақ болып, аймақтың танымал тұлғаларымен таныстық. Тарихи орындардың бірі ретінде қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қалашығы мен қасиетті мекен саналатын Қорасан ата кесенесі де назардан тыс қалған жоқ. Оқушылардың сұрауымен ХІ ғасырға жататын Төлегетай-Қылышты ата кешенді кесесеніне соғып, баба рухына құран бағыштадық.
Экскурсияның екінші күні оқушылардың алғаш аялдаған орны – Қалжан ахун мешіт-медресесі. Заманында іргелі оқу орны саналған мешіт-медресенің тарихы оқушылардың қызығушылығын оятты. Одан соң Қармақшы ауданы, Жосалы кентінен 18 шақырым жерде орналасқан Марал ишан кесенесіне аялдадық. Дүйім қазаққа белгілі баба кесенесінің шырақшысы оқушыларға аңыз-әңгімелерін айтып, ақ батасымен шығарып салды. Экскурсияның соңында оқушылар түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт атаның мемориалдық кешеніне табан тіреді. Аз ғана уақыт ішінде қайта жаңғыртылып, бүгінде сәулет өнерінің еркеше үлгісіне айналған бүкіл түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт ата мемориалдық кешенін кешеннің экскурсоводы Айгүл Бермаханова таныстырды. Көп адамның қастер тұтар қасиетті орны, көненің көзін кие тұтар туристердің ат басын тірер жәдігер жеріне айналып үлгерген кешеннің тарихы туралы тың мәліметтер білген оқушылар естелікке суретке түсті. Жол-жөнекей Сортөбе қалашығына аялдап, рухани ескерткіштің тарихымен танысты.
Қорыта айтқанда, өңіріміздегі тарихи орындар мен қасиетті мекендерде болған оқушылар үшін бұл экскурсияның әсері мол болды. Туған жер тарихы мен ата-баба ғұмыры туралы тың деректерге ие болып, жаңа достар тауып, рухани байлықтарын молайта алды деген үміттеміз.