» » » БҮГІН ҚАНША ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАДЫҢЫЗ?

БҮГІН ҚАНША ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАДЫҢЫЗ?



Қайырымдылық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адами құндылықтардың қадірлісі. Қамқорлық жасау, өзіңде барды өзгемен бөлісу жомарттық. «Оң қолың жасаған жақсылықты сол қолың көрмесін» деген.

Жалпы, ислам діні де біреуге жақсылық жасауды адами болмыстың ең биігі санайды. Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың иесі Алла. Ол біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін де ескертеді.
Бала кезімізде үлкен кісілерден «малым – жанымсың садақасы, жаным – арымның садақасы» дегенді жиі еститінбіз. Балалықпен «садақа» деген сөздің түп-төркінін түсінуге тырыспайтынбыз. Бірақ, бұл сөздің мәні де, мағынасы да тереңде екен. Бөтен мақсат көздемей, тек шын жүректен жасалған әрбір іс – сауап, садақа. Қоғамда біреуге көмек қолын созып, өзінен артылғанды бөлісуге дайын тұратындар баршылық. Ондай жандар өз қаржысына мешіт салып, мұқтаж жандарға пәтер, көлік сыйлап жатады. Ал, кейбірі жетімдерге, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық жасап, мектеп жасындағы балаларын оқу құралдарымен, формаларымен қамтамасыз етеді. Ретін тапса, сауапты істің түрі көп. Ал, сіз күніне қанша игі іс жасайсыз? Қанша жанның жүрегінен жол тауып, қаншалықты сауапқа кенеліп жүрсіз? Осы турасында өз-өзіңізден сұрап немесе ойланып көрдіңіз бе? Шынымен, күнделікті нанталап тірліктің күйбеңімен жүріп, кішкентай болсын сауапты іс жасауды естен шығарып жатамыз. Таң атқаннан күн батқанша бірнеше адаммен ренжісіп, сөзге келуіміз әбден мүмкін, бірақ бір адамға болсын жақсылық жасауға кеш қаламыз. Әдетте, әрбір адам күн сайын өз-өзіне есеп беріп отырса, яғни, бір күн бойы нендей жақсылық жасағанын, қандай жаман істерге араласқанын ойланып, таразыласа құба-құп. Содан соң ертеңгі күні бүгінгі жіберген қателігін қайталамауға, олқылықтарының орнын толтыруға талпынса, ол адамның ісінде береке болады.
Қазақ «жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді. Бірақ, сол жақсылық адал жүрек, таза ниеттен жасалынса нұр үстіне нұр болар еді. Көзбен көріп жүргеніміздей жасаған жақсылығын дүйім жұртқа жариялап, өзінің атын шығартып жататын адамдар да бар. Болмаса қайырын Алладан көрем деп емес, пендешілігін алға тартып, өз абыройын асырмаққа ұмытылады. Әрине, адамдар алдында ғана. Бұнымен біз көпке топырақ шашқымыз жоқ. Дегенмен, қайырым шын ниет, адал жүрек және жарияға жар салмай жасалынса, ол адамның жаны тыныш, ұйқысы қанық, тіршілігі берекелі болары кәміл.
Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін жақсы болады. Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» деген. Кез келген адам үшін бұл өмір сынақ. Осы дүниедегі жасаған жақсы амалдары, не болмаса қылған қиянаты таразыға тартылып, әділдік орнайды. Әр жанның ойында үйінен шығарда бүгін тым болмаса бір адамға жақсылық жасаймын, жанына жылу сыйлайтын мейірім төгемін деген мақсаты болса екен.

Біле білсеңіз, игі іс жасау деген міндетті түрде біреуге дүниеңнің жартысын бөліп беру деген түсінік емес. Түсінгенге, сауапты іс бұл – үлкен жүректен шығатын кішкене ғана іс-әрекет. Адам бойында жақсы қасиеттер көп болса, оған бақ та, бақыт та қонады.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.

19 қаңтар 2019 ж. 1 116 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930