МЕРЕКЕ АЯСЫНДАҒЫ ҚҰРМЕТ
Алғыс айту күні – ең алдымен ел ішінде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні.
Айтулы мереке рухани байлығымыздың, қазақстандық патриотизмнің – жарқын көрінісі. Қазақстан шын мәнінде зобалаңнан бастап Ұлы Отан соғысы сұрапылында туған жерлерінен үдере көшкен көптеген ұлысқа ортақ шаңырақ болды. Олар осы жерде өздеріне жайлы орта тапты, жанұялы болды, өсіп-өнді. Жатсынбаған ел, қонақжай халық оларға өз Отанындай ыстық бауырласқа айналды.
Мереке аясында аудан орталығында орналасқан “Мәдениет және өнерді дамыту орталығында” өзге ұлт өкілдерімен кездесу өтті. Шараға аудан басшылығы бастаған бірқатар азаматтар, түрлі ұлт өкілдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты. Жиынды аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Е.Бақбергенұлы жүргізді.
Жиында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өңірдің қоғамдық тұрақтылығын қалыптастыруда үлесін қосқан, ел ішіндегі берекелі тұрмыс кешіп отырған бауырлас ұлттарды мерекемен құттықтады.
– 2016 жылдан бері Елбасының Жарлығымен 1 наурыз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні – Алғыс айту күні болып мерекеленіп келеді. Бұл тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған қаншама өзге ұлт өкілдеріне құтты қоныс бола білген қасиетті жерге, қонақжайлылық танытқан текті халыққа алғыс айтатын күн. Қиын заманда бірлесе иық тіресіп, тәуелсіз мемлекет болу жолында тер төккен барлық адамның бір-біріне алғыс білдіретін мерекесі. Қазіргі таңда бұл күннің ауқымы кеңейді. Өзге ұлт өкілдері ғана емес, шәкіртінің ұстазына, баланың ата-анаға, бауырластардың, жақындардың бір-біріне алғыс айтатын күні болып қалыптасты. Осы ретте, баршаңызды алғыс айту күні мерекесімен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.
Мұнан бөлек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, ауданда ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында жұмыс жасап отырған «Жалағаш достық мекені» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Мирман және медицина саласының ардагері Пак Лилия сөз алып, қатысушыларды айтулы күнмен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Сонымен бірге аудандағы түрлі салада қызмет етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен мерекелік сый-сияпаты табысталды.
Ал бірлестік төрайымы Дина Нұржанқызы кәріс ұлтының өкілі, жерлесіміз Пак Лилия апайымыздың 70 жасқа толуымен құттықтап, бағалы сыйлығын тапсырды. Шара барысында өзге этнос өкілдері бұл мерекенің саяси салмағы бар екенін айтып, қазақ халқына өз ықыластарын білдірді. Жиын соңы аудан өнерпаздарының мерекелік шашуына ұласты.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ