Жалағаштан шыққан «ДЖОХА»
Жалағаш ауданының топырағынан небір ірі тұлғалар, тарих көшін бастаған билер, қаламы қарымды қаламгерлер, саңлақ спортшылар мен мәдениет саласының майталмандары шыққан. Соның бірі – 1965 жылы дүниеге келген актер, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегері, жас көрермендер театрының бас директоры Ғани Әбдуәлиұлы Құлжанов.
Ғани Құлжанов Қызылорда қалалық музыкалық училищесін, Алматы мемлекеттік театр және кино институтын бітірген. 1987-1991 жылдары аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік бөлімін КСРО халық әртісі, профессор Шолпан Жандарбекова мен Қазақстанның халық әртісі, профессор Тілектес Мейрамовтың класын бітірген. 1990-2007 жылдары М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қызмет атқарды. 2007 жылдан бастап Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының әртісі, жас көрермендер театрының бас директоры қызметінде болды.
Халықтың көзайымына айналған ол өте іскер, ширақ, талапшыл басшылық мінезімен қатар, тынымсыз, қажырлы еңбегінің арқасында аз ғана уақыт ішінде драма және қуыршақ театрларының труппасы қалыптасып, 2007 жылдың 5 шілдесінде жас ұжым шымылдығын ашып та үлгерген. Қай жұмысты да тындырымды атқаратын азамат бір жылдың ішінде еліміздің жеті бірдей облысына гастрольдік сапар ұйымдастырып, жаңа театрдың көпшілікке танылуына тікелей себепкер болды. 2013 жылға дейінгі директорлық қызметінде жастар театрының жеткен әрбір жетістігі талант иесінің елеулі еңбегі екені сөзсіз.
Ғани Әбдуәлиұлының кино саласындағы әртістік шеберлігін дүйім жұртқа дәлелдеген, жұлдызын жаққан картиналардың көш басында «Тоғысқан тағдырлар» мен «Шегіртке» сынды танымал хикаялар тұрды. Кейіннен «Ләйләнің зары», «Күндізгі барлау», «Аманат» және «Жұлдыздар тоғысқанда» (Нұрсұлтан Назарбаевтың серіктесін сомдаған) толықметражды картиналарына түскен. Мәдениет саласына, оның ішінде кино әлеміне терең бойлай білген тума талант, жерлесіміздің шығармашылық әлемі мұнымен тоқтаған емес. М.Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектаклінде – Айбар, М.Байджиевтің «Қалындық пен күйеу» спектаклінде – күйеу, У.Шекспирдің «Асауға тұсауындағы» – Гортензио, М.Әуезов «Айман-Шолпанында» – Арыстан, Е.Замятиннің «Еділ патшасында» – Вегила, Ғ.Мүсірепов «Махаббат туралы аңызында» – Қодар, Иран Ғайыптың «Шыңғыс ханында» – Сүбітай, «Абылай ханында» – Әбілмансұр, Қ.Аширдың «Қабыл - Адам Ата перзентінде» – Абыл, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейнесіндегі» – Құмар, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» – Эрих Кламрот, У.Шекспирдің «Гамлетінде» – Король Клавдий, Д.Исабековтің «Әпкесіндегі» – Омар, Шахимарданның «Қазақтарында» – Қасымсұлтан, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесінде» – Оразқұл, Ә.Нұршайықовтың «Қан мен терінде» Тәңірберген рөлдерін ойнап, «Қазақфильм», «Қырғызфильм», «Өзбекфильм», Ресей киностудияларында киноға түскен. Сондай-ақ, «Қара шегіртке», «Дневной дозор», «Жас ұлан» сияқты фильмдерде басты рөлдерді сомдаған.
Айта берсек сахна саңлағының өнердегі жүріп өткен жолы, сіңірген еңбегі көп. Қазақ елінің жүрегінен жол тауып, көпшіліктің көңілінен шыққан Ғани ағамыздың қазақ мәдениеті мен руханиятына қосқан үлесі зор. Талант иесінің талайды таңғалдырған ерекше қабілеті, әртістік шеберлігі елеусіз қалған жоқ. 1998 жылы Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектакліндегі Құмар рөлі үшін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, 2015 жылы Елбасының Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен, 2016 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне – 25 жыл» медалімен марапатталып, Жалағаш ауданының құрметті азаматы атанған.
Шығармашылық қашан да ізденісті талап етеді. Ал, оның жемісі – көркем образ. Жеке стильдік ерекшелігі бар көркем бейнені жоғары әртістік шеберлікпен сомдай білу шығармашылықтың басты жеңісі болмақ. Жұрттың жүрегінен орын алып, елдің сүйікті актері атанған жерлесімізді «100 жаңа есім» жобасы арқылы ел дамуына елеулі үлес қосқан талант иесі деп танығымыз келеді.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.
Пікір 1