» КИЕЛІ МЕКЕНДЕР ҚАСИЕТКЕ БАСТАЙДЫ

КИЕЛІ МЕКЕНДЕР ҚАСИЕТКЕ БАСТАЙДЫ


«Тәуелсіздікпен бірге халқымыз мәңгілік
мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі,
тәуелсіздігіміздің тірегі – мәңгілік елордамызды
тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың
мәңгілік болашағын баянды етуге арналады».

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың
халыққа Жолдауынан.

Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-ғайыр аймақты алып жатқан ұлы далада тәу етерлік қасиетті мекендер баршылық. Олардың қатарына Қорқыт баба кесенесін, Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздағы ежелгі ескерткіштерді жатқызуға болады. Тіпті, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудағы киелі мекендерді де сабақтастырған жөн. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтеріліп отырған тақырыпты кеңінен сөз етті. Мақалада: «Біз тарихымызды осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын соңды жасаған емеспіз. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Яссауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді» делінген.
Бағдарламалық мақала жарияланғаннан кейін Мемлекет басшысы атап өткен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша жұмыс жасала бастады. Жалпы алғанда елімізде республикалық 218 және жергілікті деңгейдегі 11277 ескерткіш бар. Бүгінде тарих және мәдени ескерткіштердің тізімі бекітілген. Бұл тізімде жиырма бес мыңнан аса тарих, археология, архитектура монументалды өнердің жылжымайтын ескерткіштері көрсетілген.
Тарихи ескерткіштерге келгенде Сыр елінің де алып-қосары бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлерінің картасына еліміз бойынша таң­далып алынған 100 қасиетті орындардың тізіміне облыс бойынша бірнеше ескерткіш ен­гізілді. Олардың қатарында археологиялық Сығанақ, Жанкент, Шірік Рабат, Жент қала­шықтары, сәулет және қала құрылысы ескерт­кіштері – Қорқыт ата ескерткіш кешені, Оқшы ата, Төлегатай-Қылышты ата, Хорасан ата, Жанқожа баба, Бұқарбай батыр кесенелері, Бегім ана мұнарасы және Қызылорда қаласындағы Христос спаситель шіркеуі бар.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ел аумағында қаншама тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. Бұл жұмыстардың Сыр елінде де жүйелі түрде жүргізілгенін атап өту қажет. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының алдын ала тізіміне облыс аумағынан Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш-мола, Жент, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескерткіштері мен Сауысқандық петроглифтері секілді тоғыз ескерткіш енгізілді. «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында аймақ архивтері Орынбор, Ташкент, Тәжікстан, Париждің мемлекеттік архивтеріндегі аса құнды тарихи құжаттармен толықты.
Осы ретте, ел көлеміндегі ­ЮНЕС­­КО-ның бүкіләлемдік тізі­міне енген басқа да ес­керт­­кіштерге тоқталайық. Олар­­дың қатарында Қожа Ахмат Яссауи мавзолейі, Там­­ғалы археологиялық ланд­­­­­­­шафтының петро­г­лиф­­тері, ­«Сарыарқа-Сол­түс­тік­­ Қа­зақстанның ­далала­ры мен­­­ көлдері» нысаны кірген. Жі­­бек жолының Же­тісу бө­лі­гінде Талғар, Қаялық, Қара­мер­ген, Ақ­төбе, Өрнек, Құлан, Қостөбе, Ақыр­тас ар­хео­логиялық кешені секілді нысандар атал­ған ті­зімге енген.
Президент мақаласында елдің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқаны айтылады.­ Жат идеологияларға өзіміздің ұлттық құнды­лық­та­рымыз арқылы ғана төтеп бере алатынымыз айқын. Көптеген құндылықтарымыз бізге халық ауыз әдебиеті арқылы жетті. Оның ішінде ертегілер, батырлар және ғашықтық жырлары бар. Қазақ әдебиеті тарихында бұларға егжей-тегжейлі тоқталады. Жырлардағы батырларды ата-аналары әулие-әмбиелерді жағалап, құдайдан тілеп алады. Бұл оқиға Алпамыста да, Қобыландыда да кездеседі. Қарап отырсақ, киелі мекендерде біз білмейтін әлі қаншама қасиет бар екен. Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиялық белдеуі неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы екені сөзсіз.
Әрбір аймақта сұранысқа ие қасиетті жерлер бар. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында Ахмет Яссауи мавзолейінен бөлек, Арыстан баб, Укаша ата, Жылаған ата, Баба түкті шашты Әзиз сынды басқа да жұртшылық көп баратын киелі орындарды кездестіресіз. Сол сияқты Сыр өңірінде де Қорқыт бабадан бастап жеті әулие байыз тапқан Оқшы ата, Хорасан ата секілді әулиелі мекендер баршылық.
Елбасы бастамасымен қайта құрылым­даудан өткен Қорқыт баба кесенесі бүгінде туристер көп баратын аймаққа айналды. Ол бүкіл түркі жұртына ортақ тұлға. Кең даланы қобыздың қоңыр үнімен тербеген ғұлама жайлы айтылатын аңыз-әпсаналар кімді болса да бей-жай қалдырмайды.
Шынында, жас ұрпақ осындай қасиетті де киелі орындардың тарихын біліп өссе, келешегін ұлттық тамырымен байланыстырады. Ал, ұлттық тамырдың не екенін көзі қарақты оқырманға түсіндірудің қажеті жоқ шығар.
Мемлекет басшысы айтқандай біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына қосылу. Бұл жолда жұдырықтай жұмылып, мызғымас бірлікте болуымыз қажет.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.


---
10 қараша 2018 ж. 1 132 0