Жемқорлық жұмылғанда жеңіледі
«Нұр Отан» партиясы өзінің құрылған күнінен бастап адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуына жасалатын жағдайды жақсарту мақсатымен экономика мен саясатта ауқымды реформаларды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларды тұрақты түрде жүзеге асырып келді.
Партия төрағасы, еліміздің Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша партия 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама қоғам мен мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күш-қуатын жұмылдыруға бағытталған саяси құжат болып табылады. Елбасы айтып өткендей: «Мемлекет пен қоғам біртұтас майдан құрып жемқорлыққа қарсы шығуы тиіс. Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып табылады». Сыбайлас жемқорлық Қазақстанның барлық табыстарына қол жеткізуге мүмкіндік туғызған мемлекетіміздің негізгі құндылығы – Тәуелсіздікке қауіп төндіреді. Сыбайлас жемқорлық қоғамның мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіреді, елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани өрлеуіне айтарлықтай кедергі келтіре отырып, мемлекеттік биліктің тиімділігін төмендетеді.
Партияның саяси доктринасында «Сыбайлас жемқорлықпен күресу – баршаның және әр адамның міндеті» деп белгіленген. Осы мақсатта аудандық партия филиалы жанынан құрылған «Сыбайлас жемқорлыққа байланысты қоғамдық кеңес» өзінің іс-жоспарын бекітіп, осы бір індетке қарсы, оның алдын алу және болдырмау мақсатында біршама жұмыстар атқарып келеді. Аудандық филиал партияның орталық аппараты мен бас прокуратураның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу жөніндегі бірлескен меморандумы негізінде аудандық прокуратурамен және аудандық қаржы полициясымен бірге меморандумға отырып, соған сәйкес жұмыстар жасалуда. Аудан тұрғындарымен бінеше рет құқық қорғау органдарының басшыларының қатысуымен көшпелі қабылдаулар өткізілді.
Сыбайлас жемқорлыққа байланысты іс шаралар, әсіресе, халықпен тығыз жұмыс істеп, қызмет жасайтын мекемелерде өткізу басты назарда. Осындай шаралар салық басқармасында, халыққа қызмет көрсету орталығында, аудандық қазынашылық басқармасында, аудандық әділет басқармасы, әскери комиссиарат, зейнетақы төлеу орталығында өткізіліп, оларға құқық қорғау органдарының өкілдері қатыстырылды.
Кіші және орта кәсіпкерлік субъектілерімен сыбайлас жемқорлыққа байланысты партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тиісті сала басшыларының қатысуымен қабылдаулар өткізіліп келеді. Сонымен бірге, сыбайластық жемқорлыққа қарсы мониторинг тобымен бірлесе отырып, «Сыбайлас жемқорлық жоқ ел – өркендеуші ел» партиялық жобасы аясында «Мүлдем төзбеушілік» қағидасын қалыптастыру бағытында 7 рет рейд жүргізіліп, қоғамда орын алатын тәртіпсіздікті болдырмау жөнінде сауда орындары мен кент тұрғындарына кеңестер берілді. Сондай-ақ, «Жолда қабылдау» республикалық акциясы, кент және ауылдық округтерде дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып келеді.
Жалпы, жоғарыда айтылған партиялық бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың қоғамдық инфрақұрылымын құрудың, тұлғаларды лауазымына қарамастан жауапқа тартудың, жемқорлыққа қатысты түйткілді мәселелерді ашық талқылаудың негізгі міндеттері өз шешімін тапты. Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес аясында оның өңірлердегі филиалдарының арқасында барлық деңгейдегі депутаттардың, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ-тың қатысуымен жемқорлық дерті дендеген салалардың қоғамдық бақылаумен қамтылу өрісі айтарлықтай кеңейе түсті. Азаматтардың сеніміне ие болған көшбасшысы партия филиалындағы қоғамдық қабылдаулар кері байланыстың тиімді жолына және тұрғындардың құқықтарын қорғаудың пәрменді құралына айналды.
Қорыта айтқанда, әрбір мемлекеттік қызметкердің ары да жаны да таза, сауатты және білікті болса, олар қоғамда орын алып отырған осындай сыбайластық дертінен аулақ болары анық. Әрине, ең алдымен бүгінгі бала, ертеңгі мемлекеттік қызметкердің отбасындағы тәлім-тәрбиесі дұрыс болуы ләзім. Осы бағытта, партия филиалында студенттер және оқушылардың қатысуымен түрлі деңгейдегі кездесулер, ауылдық округтерде дөңгелек үстелдер өткізіліп отыр. Ондағы мақсат – сыбайлас жемқорлық дертінің қоғамға тигізер кері әсерін түсіндіре отырып, адалдыққа тәрбиелеу, жастардың бойына ұлттық тәрбиені нәсихаттау. Бұл бағыттағы жұмыстар бұдан былайда өз жалғасын табатын болады.
Қаншагүл МҰСТАФАЕВА,
"Нұр Отан" партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары,
сыбайластық жемқорлыққа қарсы мониторингтік топ жетекшісі.