Ирактағы 14 қазақстандық бала елге қайтарылмақ
Қазақстан Ирактағы жетімдер үйінде қалған 14 баланы елге қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы елордада өткен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Ауғанстан жөніндегі отырысында белгілі болды, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бұл мәселе "Жусан" операциясы аясында жүзеге асуы мүмкін екенін атап өтті. Елге қайтарылуы керек балалар бұрын соғыс аймақтарында болған. Олардың аналары өмір бойына бас бостандығынан айырылыпты. Бүлдіршіндердің үлкені 10-да, ал ең кішісі 2 жаста.
"Ирак тарапы балаларды қайтаруға келісім беріп отыр. Біз жақын күндері оларды Қазақстанға алып келеміз. Енді бүлдіршіндерді ата-анасының қателігі үшін далада тастай алмаймыз ғой", - дейді ҚР СІМ арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко.
Еске сала кетейік, алғашқы ауқымды "Жусан" гуманитарлық операциясы осы жылдың қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен сәтті жүзеге асырылған еді. Нәтижесінде 357 бала соғыс аймақтарынан Отанға оралды. Ал мамыр айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Сириядан тағы 231 қазақстандық эвакуацияланды. Оның ішінде мектепке дейінгі жастағы 156 бала бар, 18-і жетім қалған. Қазір елге қайтарылған 406 бала арнайы оңалтудан өтіп, қоғамға қайта қосылуда.