Гүлдер жайлы ырымға сенесіз бе? Әйелдер қауымының жаны сүйетін, көпшілігінің сүйікті ісіне айналған дүниесі - үй гүлдерін өсіру. Гүлді өсіру оңай көрінгенімен, әр гүлдің өзіндік шығу тарихы, күтімі болады. Тіпті гүлдер жайлы ел арасында түрлі ырымдар да жетерлік. Мәселен, гүлді ұрлап алып отырғызса жақсы өседі, ал иесі көріп қалса өнім бермейді десе, бірі кейбір гүлдер иесін жақсы көрмесе түнде улы газ шығарады, доллар гүлі ақша шақырады, қыздар отырып қалады деп жатады. Ең маңыздысы гүлдер адам таңдай ма деген сұрақ көпшілігімізді мазалайды. Ендеше осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Ең әуелі өсімдіктер көп өсірілген жерде біз жақсы тыныс аламыз. Себебі олар өз бойларынан оттегі бөліп, қоршаған ортаның биоаумағын тазартады. Сонымен қатар үй ішіндегі әдемі өсімдіктер көңіл-күйіңізге оң әсерін береді. Кейбір адамдардың гүлдерге су құйған кезде олармен сөйлескенін байқаймыз. Сол секілді гүлдер адамдардың жақсы көргенін сезеді. Сіздің көңіл-күйіңізге қарап өсіп-жетіледі. Егер отбасында ұрыс-керіс, келеңсіз жағдайлар жиі орын алса, гүлдер де өздігінен солып, сарғайып ауруға шалдығады. Ақша шақырушы гүлдер Зерттеушілердің айтуы бойынша, бөлме өсімдіктері адамға әр түрлі жақтан әсер етеді. Оның ішінде лалагүлі (лилия), қазтабан гүлі (гусиные лапки) ауа ластануының бірнеше түрінен, соның ішінде формальдегидтен тазартады. Ал бегония мен фикус гүлдері үйіңізге келген адамдардың жағымсыз пиғылдарын өз бойларына сіңіріп, сіздерге тек оң энергия жібереді. Теледидар, компьютер, толқынды пештердің сәулелерінен сақтануға раушан гүлдер, орхидея, өрмелегіш (лиана) өсімдіктер көмектеседі. Балалар бөлмесіне шегіргүлдерді (фиалка) орналастырсаңыз, жеткіншектің өсіп-жетілу уақытындағы көңіл күйін бірқалыптылыққа бейімдейді. Қазтамақ (герань) гүлінің қасында 15 минуттай отырсаңыз да жеткілікті. Сіз өзіңіздің жаңа күш жинап, демалғаныңызды сезесіз. Өйткені бұл өсімдік эфир майларын бөліп шығарады. Сондықтан сіздің ағзаңыздағы зат алмасу үдерісі арта түседі. Ұсақ жапырақты гүлдер мен хризантемалар отбасындағы, жұмыс орнындағы адамдардың бір-біріне деген жақсы қарым-қатынасы қалыптасуына әсер етеді. Бөлмеңізге гүл жапырақтарының жалпақ, домалақ тәріздес түрлерін көп өсіріңіз. Олар сіздің үйіңізге табыс, ақша келуіне әсер етеді. Жанжал туғызушы гүлдер Жапырақтардың тікенек, тік (кактус, алоэ) болғаны адамға жағымсыз әсерлерді туғызуы мүмкін. Әсіресе, отбасында ұрыс-керіс шақырады. Гүлдеріңіздің ауруға шалдыққанын, сарғайып кеткенін байқасаңыз, олардың орнын басқа жерге ауыстырыңыз. Егер ол жерден оңалып кетсе, онда жақсы. Болмаған жағдайда одан құтылғаныңыз жөн. Бөлмеңізде өзіңізге ұнамайтын бұрыштар болса оларды бейтараптандыру үшін шашыраңқырап өсетін шырмауық егуіңізге болады. Әдемілік үшін арнаулы құтыға өсірілген немесе жаңа кесіп алынған гүлдерді қолданыңыз. Гүлдер өздеріне күтімді көп қажет ететіндіктен, әрдайым таза, әдемі болуы керек. Егер сіздің оларға қарауға уақытыңыз жоқ болса, қарауды көп қажет етпейтіндерін таңдауға тырысыңыз немесе мүлдем гүл өсірмеңіз. Жатын бөлмеге арналған гүлдер Мамандар жатын бөлмеге леди пальмасы мен фикус гүлдерін отырғызуды ұсынады. Себебі екеуі де жүйкені қалыпқа келтіріп, ауаны тазартып, аллергияны қоздырмайды. Бұл гүлдерден бөлінетін биобелсенді заттар тез ұйықтап және жайлы жатуға көмектеседі. Қазтамақ (герань) гүлі де жанды тыныштандырып, стрестің алдын алады және ұйқыны реттейді. Сонымен қатар бөлмеде солып қалған гүлді ұстамауға тырысыңыз. Кейбір адамдар кептірілген гүлдерден әдемі композициялар жасауды ұнатады. Олар солған, өлген гүлдер деп есептелгендіктен, ондай гүлдер адам өміріне, күнделікті әрекеттеріне қарсы энергия туғызуы мүмкін. Сол себепті оларды сақтамауға тырысыңыз. Тіпті сізге қатты ұнайтындары болса, жыл сайын оларды ауыстырып тұрыңыз. Көп жағдайда қазір тірі гүлдердің орнына қалас гүлдер қолданылады. Оларды сатып алмауға тырысыңыз. Сіз тіршілік иесі болғандықтан, үйіңізде де тірі гүлдердің болғаны дұрыс. Қалас гүлдерді үй-ішінде аллергиясы бар адамдар болса, бөлмеңізге күн сәулесі нашар түскен жағдайда ғана пайдаланыңыз. Гүлдерге де көз тиеді Гүл өсіретін арнаулы құтылардың көгілдір, жасыл, ақ, сары түстерін, яғни ашық түстілерін сатып алғаныңыз жөн. Себебі гүлдер өте нәзік келеді. Жағымсыз энергияларды өзіне тез тартып алады. Үйге кірген бойда адам көзі гүлге емес ашық түсті құтыға түскені дұрыс. Қазір қыс мезгілі болғандықтан, бөлме температурасы кейде ысып кетеді. Осындай уақытта аптасына 1-2 рет гүл жапырақтарына су бүрку қажет. Себебі гүл жапырақтарын шаң басып қалса, оның өсуі тежеледі әрі оттегін бөле алмай қалады. Егер гүл ашып тұрған болса, гүліне суды тигізбегеніңіз абзал. Әрбір гүлге өзінше бір бап керек. Мәселен, шегіргүл, бегония, жүсіптің сұлулығына су бүркуге болмайды. Ал кейбір гүлдерге желтоқсан, қаңтар айларында мүлдем су құймай демалдырады. Десек те бір жайтты естен шығармаңыз, ауа тазартамын деп гүл өсіріп, оны шаң басып тұрса, одан еш пайда жоқ. Гүлдің басты талабы – тазалық.Massaget.kz Әлем 07 қаңтар 2018 ж. 3 485 0