АҚШ КАБУЛДАН АЗАМАТТАРЫН ЭВАКУАЦИЯЛАУДЫ ТЕЗДЕТТІ
АҚШ Президенті өз азаматтарын Ауғанстан астанасынан эвакуациялауды тездететінін мәлімдеді, сонымен қатар Ауғанстандағы ИМ лаңкестік тобының қаупі туралы ескертті.
Жексенбіде Ақ үйде өткен брифингте АҚШ Президенті Джо Байден Америка мен ауған азаматтарын Талибан бақылауындағы Ауғанстаннан шығаруға уәде берді. Бұған қоса ол қауіп-қатердің жалғасатынын ескертті, оның ішінде Хорасан провинциясындағы ДАИШ мүшелерінің шабуыл қаупі бар.
Байденнің айтуынша, соңғы аптада АҚШ Кабул әуежайынан 28 мыңға жуық адамды эвакуациялады. Осыған қарамастан 31 тамызға жоспарланған эвакуация мерзімін ұзартуды сұрап отырғандар бар.
Америка Президенті басқа елдердің басшыларымен мерзімді кейінге қалдыру үшін келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар Кабул әуежайындағы АҚШ әскерилері қауіпсіз аймақтың периметрін кеңейткенін мәлімдеді. «Біз өзгерістер енгіздік, соның ішінде әуежайдың айналасындағы кіру аймағын – қауіпсіз аймақты кеңейттік» дейді Байден.
Ол АҚШ Мемлекеттік департаментіне Ауғанстанда қалып қойған америкалықтармен телефон, электрондық пошта және басқа да байланыс құралдары арқылы хабарласуды тапсырғанын және Вашингтонның оларды әуежайға алдыру туралы жоспары бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар жексенбіде АҚШ Қорғаныс министрлігі Ауғанстанға көмектесу үшін азаматтық резервтік әуе флоты орналастырылғанын хабарлады. Бұл бағдарлама бойынша АҚШ-тың әртүрлі авиакомпаниясының 18 коммерциялық ұшағы адамдарды қауіпсіз елдерге тасымалдау үшін пайдаланылатын болады. Мұндай бағдарлама үшінші рет қолданылып отыр. Ол соңғы рет 2003 жылы АҚШ-тың Иракқа басып кіруі мен 1990-1991 жылдардағы Парсы шығанағы соғысы кезінде қолданылған.