Мегалодон – әлемдегі ең үлкен акула
Ғалымдар омыртқалы жануарлар тарихындағы ең үлкен және ең күшті балықтар өлімінің себептерін зерттеді. Мегалодон жер бетінде бұрын өмір сүрген акулалардың ең үлкені. Ғалымдар оның тасқа айналып қалған қалдықтарын зерттей келе бұл акула түрінің ұзындығы – 18 метр, салмағы – 65 тонна болғанын анықтады. Бұл супержыртқыштың қалдықтары көп табылғанына қарамастан, олар не үшін біздің заманымызға дейін жете алмағаны туралы мәлімет аз.
“PLOS One” журналында жарияланған жаңа зерттеулерді Швецария мен АҚШ ғалымдары бірігіп жүргізген. Олар табылған барлық қалдықтарды зерттей келе Мегалодондар қырылып кету уақытын анықтады. Бұл 2,6 миллион жыл бұрын болған екен. Жыртқыштар рейтингісінде көш бастап тұрған бұл ірі акуланың жойылып кетуі ғаламшарымыздың басқа жануарларына жалпы экотізімге әсер етпей қоймаған. Оның ең үлкен нәтижелерінің бірі киттердің үлкеюі болды. Ғалымдардың мәлімдеуінше мегажыртқыштардың негізгі тұтынатын азығы да осы киттер болған. Киттер қалдықтарындағы мегадолонның 17 сантиметрге дейін болған гигант тістерінің табылуы соның дәлелі. “Мегалодон” грек тілінен аударғанда – "үлкен тіс" (μέγας и ὀδούς) дегенді білдіреді. Мегалодонда 5 қатар орналасқан 276 тісі болған. Бұл жыртқыштың ең көп табылатын қалдығы да осы тісі. Акуланың қаңқасы, омыртқа сүйектері тағы басқа қалдықтары өте аз табылады екен. Оның қалдықтары Еуропа, Солтүстік, Оңтүстік Америка, Африка, Аустралия, Пуэрто-Рико, Куба, Ямайка, Үндістан, Жапония, Жаңа Зеландия жалпы жер шарының барлық жерінде табылған. Мегалодонның тісінің күші – 182 000 ньютонға дейін, яғни бұл қазіргі күндегі ақ акула тісі күшінен 10 есе көп болған.
https://zhanaqorgan-tynysy.kz