Германиядағы орман өртін ауыздықтауға сарбаздар көмектесуде
Германияда орман өртеніп кетті.
От Берлиннен 30 шақырым жердегі 3 мың тұрғыны бар Фихтенвальд қаласынан басталған. Полиция қызметкерлері бірден түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарға эвакуациялау болуы мүмкін екендігін жеткізді. Бранденбург билігі ең жоғары қауіптілік деңгейін жариялады. Өрт орманның 90 гектарын шарпып үлгерген. Отты сөндіруге 250 маман тартылды. Сондай-ақ қызыл жалынмен күреске сарбаздар көмектесті. Олар әуеден жағдайды тікұшақпен бақылауда ұстап отыр. Сарапшылардың айтуынша, операция үлкен қиындықтармен өтуде. Себебі орманда екінші дүниежүзілік соғысынан қалып қойған оқ-дәрілер бар. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстардың дауысы естілген. А10 және А9 стратегиялық маңызы бар автобандар жабылды. Салдарынан ұзын-сонар кептелістер түзелген.
Вольфганг Блазик, Потсдам-Миттельмарк парламентінің төрағасы:
– Үлкен орманды өрт шарпыды. Соңына дейін қызыл жалынды жел қайда апаратынын білмедік. Ол тасжол арқылы өтіп, оңалту клиникасына дейін барады ма, әлде үлкен екі қала орналасқан оңтүстікке беттей ме? Қолымыздан келгеннің барлығын жасадық. Әзірге елді мекеннен 350 метр жердегі өртті тоқтатып үлгердік.
Хайко Шмидт, полиция өкілі:
– Автобанды жауып тастадық. Себебі ол арқылы өрт сөндіру көліктері өтіп жатыр. Айналып өтетін жолда машиналардың қарасы қалың. Қазір ол аймақта 100-ге жуық полиция қызметкері жұмыс істеп жатыр. Басқа аудандардан да көмекке тәртіп сақшылары келіп жатыр. Адамдар үшін қауіпсіз болған жағдайда ғана жолды ашамыз.
24.kz