Табиғатты өрттен қорғайық! Жалағаш орман шаруашылығы аудан көлемінде орман тоғайларды және шаруашылықтардың орманды алқаптарында өрттің алдын алу жұмыстарына байланысты аудан әкімінің мекемелермен келісілген іс-шарасы бекітілді. Сондай-ақ, аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлескен іс-қимыл жоспары жасалды. Барлық ауылдық округ әкімдіктер мен шаруа қожалықтарға орманда өрт қауіпсіздігін сақтау, оны заңсыз пайдалану сияқты т.б тақырыптарда ескертпе хаттар таратылды. Сонымен қатар, елді мекендердегі тұрғындарға, мектеп оқушыларына лекциялар оқылды. Орман өрті қаупі бар орманды жерлерге жақын орналасқан елді-мекендерде ауыл әкімдіктері және шаруашылықтармен бірлескен ерікті өрт сөндірушілер топтары құрылып, оған бірнеше техника жұмылдырылды.Орман шаруашылығының жұмысында ондағы өрт қауіпсіздігі – бірінші мәселе. Шаруашылықтар көктемгі егіс науқаны кезінде егіс алқаптарында, шабындықтарда, атыздарды, жаптарды және каналдарды қураған шөптерден, қоқыстардан тазарту мақсатында оларды өртеу кезінде өрттің тоғайға кетіп қалмауын қадағалап отыру қажет. Орманда өрт шығу себептері көбінесе адамдардың өз қателігінен болатыны анық. Сондықтан орманда өрт қауіпсіздігі ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыстарын тек орман шаруашылығы қызметкерлері ғана емес, ауылдық округ әкімдіктері, білім беру мекемелері және т.б мекемелер жүргізуі тиіс. Қазақстанның әрбір азаматы өзі өмір сүріп отырған жердің табиғатын қорғауға және ұқыпты ұстауға міндетті. Бір сөзбен айтқанда табиғат ананы өрттен қорғайық.Н.Қалданұлы,«Жалағаш орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-ның аға өрт сөндірушісі. Қоғам 17 наурыз 2018 ж. 2 428 0