» » Қылмыс неге көбейді?

Қылмыс неге көбейді?

Қаңтар айында аудан көлеміндегі қылмыстық көрсеткіш күрт көбейген. Мәселен, мал ұрлығы бойынша былтырғы қаңтар айында 10 оқиға орын алса, биылғы жылы 19 дерек тіркеліп отыр. Өкініштісі, осы 19-дың әзірге 6-уы ғана ашылған.

Бейсенбі күні аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтіп, күн тәртібінде жоспарға сәйкес екі мәселе, жоспардан тыс екі мәселе қаралды. Өңір басшысының айтуынша, мал ұрлығымен қатар есірткі қылмысы да ауданда өсе түскен. Айталық, 2016 жылы есірткіге қатысты 20 қылмыс анықталса, 2017 жылы 30 қылмыс тіркелген. Яғни, өсім – 50 пайыз. Ауданға қарасты Жаңадария ауылында бір жер учаскесі мен екі орман қоры жерінен есірткі анықталса, Еңбек, М.Шәменов ауылдарында ауылдық округтің жерінен, сондай-ақ Бұқарбай батыр ауылында үйдің ауласынан, біреуі орман қоры жерінен және Аққұм ауылында бір дерек тіркеліп отыр. Біз енді аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Н.Ибраевтың баяндамасына назар аударсақ.
– Аудандағы заңсыз есірткі алқабын өсіру деректерін анықтау мақсатында бөлінген тиісті сала қызметкерлерімен бірлескен жұмыстар атқарылып, бірқатар қылмыстар ашылды. Былтырғы жылы аудан көлемінде 31 дерек анықталып, сот шешімімен тиісті шаралар көрілді. Тарқатып айтсақ, есірткі затын сақтау бойынша 23, есірткіні егіп, баптау бойынша 7 дерек тіркелді. Мәселен, Бұқарбай батыр ауылының тұрғыны М.Жүнісқұлов екі түрлі есірткі затын ауласына еккені анықталып, жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, Жаңадария ауылынан 10 шақырым жердегі «Қошқарбаз» жеріне 1479 түп егілген есірткі табылып, қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге, ауылдан 9 шақырым қашықтықтан 4268 түп құрамында есірткісі бар сора өсімдігі егістік алқабынан тәркіленіп, айғақ заттар, саусақ іздері анықталып, қылмыскерлерге іздеу салынды. Мұнан бөлек, Аққыр ауылына қарасты «Бекей» деген жерде қалың сексеуілдің арасынан егілген есірткі заты анықталып, жедел іздестіру шаралары жүргізілсе, ал тікұшақ арқылы Шәменов ауылынан 3 шақырым жерде қалың жиденің ішіне 50 шаршы метрдей жерге егілген есірткі анықталған, – деді Н.Мерғалиұлы.
Бұл мәселе жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құрманбаева және амбулаториялық-емханалық қызметі бар Жалағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары И.Орынбасаровалар қосымша хабарлама жасады. Білім бөлімінің басшысы Гүлзат Ердәулетқызының айтуынша, әр тоқсан сайын 7-11 сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізіліп тұрады. Соңғы екі тоқсанда алынған сауалнама нәтижесінде алаңдатарлық жағдай тудырып отырған бірнеше сұрақ анықталған. Мәселен, «Есірткі қолданудың қандай түрлерін білесің?» деген сұраққа балалардың 50 пайызы «Шегу арқылы қолданады» деп жауап берген. Ал, «Есірткіні не үшін қолданады?» деген сұраққа «Өзімді еркін сезіну үшін» деген нұсқаны оқушылардың 60 пайызы көрсеткен. Ал, амбулаториялық-емханалық қызметі бар Жалағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары И.Орынбасарованың сөзіне сүйенсек, нашақорлықпен 24 адам есепте тұрса, оның ішінде диспансерлік есепте 8 адам, ал қалғаны профилактикалық бақылауға алынған. Маманның сөзінше, егер бақылауға алынған адам екінші рет есірткі түрін қолданып, құқық бұзатын болса диспансерлік есепке алынатын болады. Айта кету керек, «д» есепте тұратын 8 адам есірткінің «анаша» түрін тұрақты қолданатындар. Аталған мәселе бойынша аудан әкімі барлық ауылдық округ әкімдеріне, тиісті сала мамандарына тапсырмалар берді. Алдағы уақытта ауылдық округ жерлеріне қарасты орындардан есірткі дерегі анықталатын болса, ауыл әкімдері, орман қызметкерлері жауап беретін болады. Олар бұдан әрі қалың сексеуілдің, жиденің арасын тікұшақпен болсын тексеріп, есірткі егілмеуін қатаң қадағалауға міндетті. Сондай-ақ, белгілі бір жерге иелік ететіндер қылмысқа жол берген жағдайда, түгелімен жері мемлекетке қайтарылатын болады.
Мұнан соң Мәдениет, Аққұм ауылдық округінің әкімдері баяндама жасады. Өйткені, бұл елдімекендерде тіркелген қылмыстар елден ерекше көбейіп отыр. Қарап отырсақ, Аққұм ауылында 2017 жылы 5 мал ұрлығы, 6 ұрлық, 1 қарумен жасалған қылмыс, заңсыз есірткі затын сақтау бойынша екі дерек тіркелсе, есірткі егу дерегі бойынша «Аққұм жер» ЖШС егіс алқабынан 970 түп есірткі табылған. Ал, орын алған қылмыстардың 8-і ғана ашылған. Мұнан әрі, Мәдениет ауылының әкімі Ө.Әбдіқалықов осыған дейін Мәдениет ауылында 32 әкімшілік құқық бұзушылық, 3 қылмыстық құқық бұзушылық орын алғанын айтып, аталған 3 қылмыс уақытында ашылып, аудандық сотқа жолданғанын жеткізді. Оның 2-еуі мал ұрлығы болса, қылмыс дер кезінде ашылып, 1 қылмыскерге кешірім беріліп, 1 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл турасында аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы ауыл әкімдеріне қоғамдық тәртіптің сапасын арттырып, жұмысты өрістетуді тапсырды. Сондай-ақ, ауылдың учаскелік полиция инспекторын тұрғын үймен қамтамасыз етуді міндеттеді.
Жиын барысында аудан әкімі 2018 жылдың қаңтар айындағы қылмыстық көрсеткіштердің күрт өсуі алаңдатарлық жағдай екендігін айтты. Ресми мәліметке сүйенсек, 2018 жылдың қаңтар айының қорытындысымен Қызылорда облысы бойынша қылмыс 30,8 пайызға төмендесе, Арал ауданында 25 пайызға, Қазалыда 9,6 пайызға, Шиеліде 30,4 пайызға, Жаңақорғанда 29,4 пайызға төмендеген. Ал, Жалағаш ауданында 33,3 пайызға өсіп отыр. Сондықтан да, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Н.Ибраев пен аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы М.Өсерге жұмыс күшін жетілдіруге, артылған сенім үдесінен шығуға, барлық тиісті шараларды жедел түрде жүзеге асыруға тапсырмалар берілді. Бұдан былай ішкі істер бөлімі қылмыскерлердің жауапкершіліктен сытылып кетпеуінің алдын алуға жұмыс жасайтын болады. Яғни, барлық ауыл әкімдері, учаскелік инспекторлар тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, заң бұзушыға кешірім бермеу жолын қарастыру қажет.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселеде құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Ғ.Жанашев баяндама жасады. 2017 жылы ауданда комиссия отырысы 4 рет өткізіліп, облыс тарапынан Жалағаш ауданына 21 тапсырма берілді. Тапсырмалардың барлығы уақытылы орындалып, облыс әкімдігіне жолданған.
Байқағанымыздай, қылмыстың қай түрінен болмасын аудан көрсеткіші өсім алып отыр. Бұл, әрине, алаңдатарлық жағдай. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық ауыл әкімдері 15 наурызға дейін ірі қара малының бадасын ұйымдастырып, ай сайын жазбаша түрде есеп беруді бір жолға қоятын болады. Сондай-ақ, өңір басшысы Қ.Сәрсенбаев берілген мерзім ішінде тапсырма орындалмаса әкімдердің қызметінен босатылатынын мәлімдеді. Ал, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Н.Ибраевқа мал ұрлығын жасап, кешірім алғандардың қатарын азайтуды міндеттеді. Шынымен, біреудің малын ұрлап, онысы әшкере болған қылмыскер кешірімге ілінсе, ұрлық жасауын тоқтататынына кім кепіл? Сондықтан да, аудан әкімі кез келген қылмыскер тиісті жазасын алуы керектігін ескертті.

Н.АЛМАС,
М.АХМЕТОВ (сурет).

17 ақпан 2018 ж. 917 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 692

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031