» » ТҮЙІНДІ ТҰС ТЫНЫМСЫЗ тірлікпен ТАРҚАЙДЫ

ТҮЙІНДІ ТҰС ТЫНЫМСЫЗ тірлікпен ТАРҚАЙДЫ

Өткен жұмада аудан әкімі мен ауылдық елді мекендер басшыларының халық алдындағы есепті кездесуі Аққұм ауылдық округінде жалғасын тапты. Жиында алдымен аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев еліміздің бүгінге дейін жеткен жетістіктеріне тоқталып, мұның барлығы Елбасының сарабдал саясатының жемісі екенін жеткізді.

– Өткен жыл еліміз үшін тарихи және саяси оқиғаларға толы, абыройлы жыл болғаны баршамызға белгілі. Елімізде бірнеше халықаралық саяси маңызы бар шаралар өткізілді. Оның бір дәлелі, Алматыда өткен 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада, Қазақстанның елордасы Астана қаласында 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйымның қатысуымен өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі, еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелері құрамына енуі, ШЫҰ саммиті, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі Кеңес бастамасының 25 жылдығы секілді саяси-экономикалық маңызды шаралар еліміздің халықаралық аренадағы беделінің биіктете түскендігінің нақты дәлелі. Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін тамашалауға әлемнің әр қиырынан 3 млн адам келсе, біздің ауданымыздың 2000-ға жуық тұрғындары да көрме жұмыстарымен танысып, Астананың көрікті жерлерін аралап қайтты. Еліміздің ең басты құндылығы Тәуелсіздіктің 26 жылында қол жеткізген жетістіктері мен табыстарын ауыз толтырып зор мақтанышпен айтуға болады, – деді Қ.Сәрсенбаев.

Тәртіп түзелмесе, қылмыс көбейеді

Мұнан кейін ауылдық округ әкімі Абзал Ибраев өткен жылы ауылда атқарылған жұмыстар жайын тілге тиек етіп, алдағы мақсатымен бөлісті. Ауыл басшысының сөзіне сүйенсек, екі мыңнан астам халқы бар елді мекенде өткен жылы қыруар шаруа атқарылыпты. Өңірде 14 шаруа қожалық, 5 бюджеттік мекеме, пошта байланыс бөлімшесі, учаскелік полиция пункті мен имандылық үйі жұмыс жасайды. Өткен жылы 3576 гектар алқапқа дән себіліп, ауыл алтын күзде астыққа кенелді. Шаруашылық иелері мемлекеттік бағдарламамен 60 млн 465 мың теңге субсидияға қол жеткізді. Мал шаруашылығы бойынша да біраз ілгерілеушілік бар. Алайда, ауыл тұрғындарының қорадағы малын жайылымдық жерден қолды ету әлі де тыйылмай отыр. Осы орайда аудан әкімі елді мекен басшысына пада ұйымдастыруды тапсырды.
Жалпы, ауылда орын алған қылмыстың біразы ашылмай тұр және олардың көбісі мал ұрлығына қатысты. Осы орайда аудан басшысы учаскелік полиция инспекторының өткен жылы атқарған жұмысы қанағаттандырмайтынын жеткізіп, қылмыстың кем дегенде 70-80 пайызы ашылу керектігін ескертті. Аудан басшысы айтқандай қылмыс ашылмаса олардың қатары да арта беретіні баршаға аян. Мәселен, жаңа жыл басталысымен ауылда мал ұрлығына қатысты тағы 3 қылмыс орын алған.
Өткен жылы Аққұм ауылының тұрғыны үйінде заңсыз есірткі сақтаған. Араға екі ай уақыт салып, дәл осы елді мекенде есірткіге қатысты тағы бір азамат істі болды. Жалпы өткен жылы аудан бойынша үйінде заңсыз есірткі сақтау фактісі басқа ешқандай елді мекенде орын алмаған. Сондай-ақ, аудан төңірегінде қарумен жасалған қылмыс та тек осы аймақта орын алып отыр.
Биыл Сыр елінде «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» жылы болып белгіленді. Осы орайда Қайратбек Әубәкірұлы кәсіпкерлік саласының дамуы өңір экономикасына серпін беретінін жеткізіп, жергілікті халықты қолдан келсе жаппай кәсіппен айналысуға шақырды. Өткен жылы Аққұмда 5 ауыл тұрғыны мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, өз кәсібін өрістетуге қадам басты. Елді мекенде шағын кәсіпкерлік саласы бойынша 48 жеке кәсіпкер мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелген. Әлі де бұл салаға ынталы азаматтар жоқ емес.
Биылдан бастап дербес бюджеті бар елді мекендер қатарында Аққұм ауылы да кіреді. Атқарылар жұмыстардың жүйесі болса, қаржыдан тапшылық болмайды. Осы орайда ауыл басшысы өңірге дейін аяқсу жүретін ескі арықтарды қайта тазартып, су келтіру жұмыстары биылғы жылдың жоспарында бар екенін жеткізді. Сондай-ақ, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізу, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыссыздық деңгейін төмендету және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды үйлестіру де осы жылдың еншісінде.
Кездесуде өңір тұрғындары жерге қатысты бірқатар мәселе көтерді. Осы жағдайларға байланысты Қайратбек Сәрсенбаев сала басшыларына тиісті тапсырма берді. Ауыл әкімі мен учаскелік полиция қызметкерінің баяндамасынан соң аудан басшысы Жалағашта өткен жылы атқарылған жұмыстар мен биылғы жылдың еншісінде тұрған міндеттерге кеңінен тоқталды.
Өткен жылы аудан төңірегінде қыруар шаруа қолға алынып, көбісі өз жемісін берді деп айтуға толық негіз бар. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде экономикада тұрақты өсім қалыптасып, даму көрсеткіштер артты. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 8,7 пайызға өсіп, бұл салада игерілген қаржы 4,1 млрд теңгеге жетті. 2016 жылмен салыстырғанда өңдеу өнеркәсібі – 105,7 пайызға, ауыз су – 154,6, электрмен жабдықтау – 105,8 пайызға орындалды.
Негізгі қорға тартылған инвестиция көлемі 5 млрд 908 млн теңгені құрады, яғни бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырсақ, 3 есеге артқан. Аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 7 млрд 584 млн теңгеге жетіп отыр. Оның ішінде жергілікті кірістер 1 млрд 221 млн теңге болса, облыстан, республикадан тартылған қаржы – 4 млрд 865 млн теңге.
Жалпы, тауық жылында барлық сала бойынша біраз белесті бағындырған ауданның алдағы жылдан күтер үміті де мол. Аграрлық аймақтың халқы әсіресе ауыл шаруашылығы саласы бойынша қажырлы еңбек етіп, бүгінде жемісін көріп отыр. Аталған салада 13 896 млн теңгенің өнімдері өндірілді.
Мал шаруашылығына келсек, бұл салада өсім қалыптасу үшін шаруа қожалықтар мемлекет ұсынған бағдарламаларды тиімді пайдалануда. Нәтижесінде, төрт түлік мал басы былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда едәуір көбейген. Ет өндіру 2,5 пайызға, сүт өндіру 1,7 пайызға артып отыр. Аудан бойынша 77 шаруашылық тікелей мал шаруашылығымен айналысуда. Оның 64-і «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларына қатысып, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерді алуда.
Мұнан да өзге салалар бойынша біраз жетістіктерді тілге тиек еткен аудан басшысы алдағы атқарылар жұмыстардың да ауқымы кең екенін жеткізді. Кездесу соңында Қайратбек Әубәкірұлы ауыл тұрғындарының бірқатар сауалына жауап беріп, келесі ауылға атбасын бұрды.

АУЫЛЫН КӨРКЕЙТПЕСЕ, ӘКІМГЕ СЫН

Айта беретін жол мәселесі. Жарық пен басқа да тапшылықтарды былай қойғанда өңірдегі көркейту-көгалдандыру жұмыстары да көңіл көншітпейді. Бұл ауыл ақсақалдарының есепті кездесуде аудан басшысына жеткізген ақпары. Аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есепті кездесуі Ақсуда қорытындыланды.
Кездесуде әдеттегідей алдымен ауыл әкімі мен учаскелік полиция инспекторының баяндамасы тыңдалды. Бірқатар жетістіктерге тоқталған ауыл әкімі Н.Мұқашев алдағы атқарылатын жұмыстармен де бөлісті. Мұнан кейін аудан басшысы Жалағашта жыл көлемінде жүзеге асқан жұмыстарды тарқатып, биыл да біраз шаруаның қолға алынатынын жеткізді.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, Ақсуда көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілмейді деуге де болады. Тіпті жергілікті шаруашылықтар өсіп тұрған талдан қада шауып алып, орнына құрығанда қаламша да отырғызбайтын көрінеді. Бұл тұрғыда Қ.Әубәкірұлы жарық пен суды былай қойғанда көркейту-көгалдандыру жұмысын ауыл әкімінің өз деңгейінде ұйымдастыра алмауы үлкен сын екенін жеткізді. Кездесуде мұнан өзге де бірнеше мәселеге қатысты ұсыныс-тілектер тыңдалып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылатыны айтылды.

КЕНТТЕГІ КӨП МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАБАДЫ



Осы күні аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдерінің есебі Жалағаш кенті әкімінің есебімен жалғасты. Жиынға облыстық денсаулық сақтау басқармасынан Б.Боранбаева, сондай-ақ мекеме, бөлім басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
Кент әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Байымбеттің айтуынша, кенттегі ауыл шаруашылығы саласы тек жеке сектор есебінен дамуда. Кент тұрғындарының жеке меншігінде 4635 бас мүйізді ірі қара, 7148 бас уақ мал, 2346 бас жылқы, 17 бас түйе бар. Өткен жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара 417 басқа, жылқы 636 басқа, уақ мал 408 басқа өсіп отыр. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы негізінде 37 кәсіпкер шағын несие алып мал өсіруде. Жалпы, соңғы үш жыл ішінде 292 азамат несие алып, мал өсірумен және бордақылап сатумен айналысып келеді. Кентте шешімін таппай отырған мәселе – мал ұрлығының көбеюі. Оған бірден-бір себеп – мал бағу (бада) кезегінің дұрыс ұйымдастырылмауы. Осы орайда, аудан әкімі тұрғындарға, кент әкіміне және учаскелік инспекторларға бірігіп мал бағу кестесін ұйымдастырып, мәселенің шешімін тауып, жұмыс жасауға болатынын жеткізді.
Осы сала бойынша тағы бір түйінді мәселе – мал жайылымы. Яғни, жайылымдық жердің өрісі тарылған. Бұл мәселенің шешімін тауып, нақты бекіген жайылымдық жерлерді қадағалау үшін аудан басшысы Қ.Сәрсенбаев аудан әкімінің орынбасары А.Дәрібаевқа және тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді.
Жиын барысында Жалағаш кентіндегі 4 бағыт бойынша учаскелік полиция инспекторлары есеп берді. 1-ші бағыт инспекторының айтуынша, жыл бойы 11 ұрлық қылмысы орын алып, оның 7-еуі ашылған. Мұның да көбісі мал ұрлығы мен пәтер ұрлығы. Ал, 2-ші бағытқа жауапты инспектордың аймағында 6 қылмыс орын алып, 4-еуі ашылса, 2-еуі әлі ашылмаған. Сондай-ақ, 3-ші бағыт учаскесінде 92 әкімшілік құқық бұзушылық, 10 қылмыс дерегі тіркелген. Айта кету керек, оның көбі пәтер ұрлығы мен автокөлік бөлшектерін ұрлау болып отыр. Сонымен бірге, 4-ші бағыт учаскелік полиция инспекторының сөзінше, орын алған қылмыстардың ішінде 2 пәтер ұрлығы мен 1 үй ауласындағы ұрлық ашылған. Бұл бағыт бойынша 29 азамат алкогольді өнімдерді шектен тыс қолданатындар тізімінде тұр. Учаскелік полиция инспекторларының есебінен соң аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы әр бағытқа жауапты инспекторлар тұрғындармен тығыз байланыста болып, үйді-үйді аралап, әр отбасының мүшесін бақылауы тиістігін мәлімдеді. Қанша адам ішкілікке салынған, қаншасы жұмыссыз, қаншасы ұрлыққа бейім екендігін шама-шарқынша біліп отыру міндетті екенін жеткізді. Аудан әкімі мұнан әрі қылмыс жасағандардың келесі жолы қателікке бой алдырмаулары үшін және басқаларға құлақ қағыс болу үшін, сонымен бірге тұрғындар кімнің ұры екендігін біліп, сақтанып жүрулері үшін жергілікті «Жалағаш жаршысы» газетіне суретімен жариялауға тапсырма берді.
Есепті кездесуде кент әкімінің міндетін атқарушы Н.Байымбет 2018 жылы атқарылатын жұмыстар легін атап өтті. Нақтыласақ, биылғы жылы кент орталығындағы 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, еңбекшілер аллеясы мен Дәуімбай учаскесіндегі демалыс орнын жөндеу жоспарланып отыр. Жиын соңында аудан тұрғындары тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, аудан әкімінің назарына ұсынылды. Оның біріншісі, кенттегі бірқатар көшелерге аяқсу келтіру мәселесі. Бұл орайда ақсақалдар аудан басшысына каналдарды қаздырып, арықтарды тазалап, су жіберу мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Сондай-ақ, кент тұрғыны Ә.Зәкіров көп жылдан бері аудан басшылығына айтылып, алайда шешімін таппай келе жатқан Мысық би көшесінің жағдайын жеткізді. Тұрғынның айтуынша, көшеде асфальт түгілі жолдың ізі де қалмаған. Тағы бір айта кететін күрделі жайт – арғы бет пен бергі бетке қатынау үшін салынуы тиіс аспалы көпір. Бұл да айта-айта жауыр болған мәселе. Қыстың күні жерге мұз қатқанда балалар түгілі ересек адамның өзі әрең өтеді. Одан арғысын ойлай беріңіз... Жалпы, жиын барысында кент орталығында атқарылар жұмыстың көптігі байқалды.
Кездесуде аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы өткен жылы жүзеге асқан жұмыстарды баяндап, күн тәртібіндегі мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын жеткізді. Көшелерді жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы тартылып, шешімін табатынын мәлімдеді.

Кенжетай БАЛҒАБАЙ,
Нұржамила НАУАН,
Маханбет АХМЕТОВ(сурет).


23 қаңтар 2018 ж. 1 009 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930