Қытайдағы АҚШ елшілігі алдында жарылыс болды
Қытайдағы АҚШ елшілігі алдында жарылыс болды. Кім жасады? Не үшін? Қандай ұйым? Бұл сұрақтарға әлі жауап жоқ. Бірақ жарылыстың болғаны анық. Оның күші де, қанша адамды о дүниеге алып кеткені де маңызды емес. Маңыздысы болғандығы. Әлемдегі нөмір 1 державаның елшілігінің алдында жарылыс жасамақ түгелі, түшкіруге қорқып жүретін елдер көп. Демек бұл үлкен маңызға ие оқиға болды.
Осыдан бір ай бұрын Қытайдағы АҚШ дипломаттары акустикалық қару шабуылынан зардап шегіп, жартысы есту қабілетінен айырылды. Қазіргі таңда бұл іс бойынша тексеру жүріп жатыр. Тексеруді ЦРУ өз қолына алған. Егер бүгінгі жарылыс пен акустикалық қару рас болып шықса, онда бұл АҚШ-та екі мәрте диверсия жасалды деп қабылданары анық.
Бүгін түс ауа АҚШ-тың Мемхатшысы Помпео "алдағы онжылдықтағы ең қауіпті қарсыласымыз Қытай болмақ" деп кесіп айтты.
Кеше ғана Трамп "Қытайдың әділетсіз сауда жүргізуінен АҚШ 817 млрд доллар жоғалтты" деп жазды. Сөйтіп Бейжіңді АҚШ фермерлеріне қысым көрсетуде деп айыптады.
Бір ай бұрын АҚШ Қытайдың тауарларына пошлина енгізуді бастады. Бейжің бумеранг әдісін қолданды.
Былтыр Трамп келе сала Тайваньға қару сатуды қолдайтынын айтты. Бұл екі ел арасын суытқан саяси қадам болды. Жауап ретінде Қытай әлемдік нарықтағы доллардың 30% өзінде екенін ескертті.
Қысқасы екеуінің арасындағы текетірес күшею үстінде.Қытайдың басшысы болған Дэн Сяопиннің "бір жотада екі жолбарыс билік құра алмайды" деген сөзі бар. Ендеше бір жаһанда күштері бірдей қос держава да болмасы анық. Кім жеңеді?
Abai.kz
Abai.kz