Бішкекте цифрлы болашақ мүмкіндіктері талқыланды
Қырғызстанның астанасында «Блокчейнді пайдаланудың практикалық тәсілі және қауіпсіздігі» атты халықаралық конференция өтті. Шараға «Корея блокчейн менеджмент» компаниясы өкілдері, Қырғыз Республикасы Ақпараттық технологиялар жаңа байланыс мемлекеттік комитетінің төрағасы Бақыт Шаршембиев, Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Беларусь Республикасының Байланыс және ақпараттандыру министрінің бірінші орынбасары Дмитрий Шедко, «BizBlocks» компаниясының бас директоры Чон Ин Ионг және Қырғызстанның цифрлық технологиялар бойынша мамандары қатысты.
Конференцияны ашқан Бақыт Шаршембиев Қырғызстанда цифрлы технологиялардың қазіргі кездегі қолданылу үрдісіне қысқаша тоқталып, Оңтүстік Кореяның электрондық экономикалық жобаларының бірі блокчейнге арналған конференция ісіне сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Қазақстанның Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев конференцияға қатысушыларға Қазақстан Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізінде 2017 жылдың 12 желтоқсанында қабылданған «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын таныстырып, Қазақстанда атқарылып жатқан жобаларға тоқталды.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізгі міндеті – тұрғындардың өмір сүру сапасын жоғарылату және цифрлы экономиканы құру арқылы ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру», деген министр бағдарлама бес бағыт бойынша іске асырылып жатқанын мәлімдеді. Біріншісі, инфрақұрылымды дамыту. Бұл бойынша жиырма бес жылда республика аумағында 20 мың шақырымдық оптикалық-талшықты байланыс желісі тартылған. Мемлекет басшысы алдағы 3 жылда тағы да осындай қашықтықтағы желі тартуды тапсырған. Демек, барлық елді мекен тұрғындарын жоғарғы сападағы байланыспен қамтамасыз етеді. Екіншісі, жасампаз қоғам құру.
Цифрлы сауаттылықты арттырмай бұл бағытта даму қиын. Сондықтан елде цифрлы технологиялар бойынша білім беру қолға алынады. Үшіншісі, экономиканы цифрлау. Экономиканың барлық саласында электрондық тәсілдер енгізілетін болады. Бұл орайда 3 жылда электрондық жүйеге көшу бойынша 120 іс-шараны орындау көзделуде. Төртіншісі, цифрлы мемлекет, цифрлы үкімет құру. Үкіметтік мекемелерден тұтынушыларға берілетін бес анықтама зерттелген. Яғни қағазбастылықтан арылудың заманы келді.
Құжаттарды цифрлау форматы арқылы 30 миллион анықтама қағаз беруді қысқартуға болады. Бесіншісі, инновациялық экожүйе аясында жаңа экологиялық технологияларды, стартаптарды өндіріске кіргізу. Министр конференцияға қатысып жатқан елдердің жастарына Астана қаласындағы ЭКСПО кешенінде іске асырылып жатқан «Ақылды қала» жобасы аясында озық технологияларды пайдалану арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік бар екенін жеткізді. Сондай-ақ блокчейн технологиясы бойынша Қазақстанда бірнеше жоба іске асып жатқанын мәлімдеді.
Мәселен, Ұлттық банк өзінің құнды қағаздарына делдалсыз қаржы құю қызметін іске қосқан. Бас прокуратура әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай реестрін жасап жатыр. Қаржы министрлігі қосарланған құн салығын әкімшілендіру бойынша блокчейн технологиясын қолдануды қолға алмақшы. Ауыл шаруашылығы, сауда салаларында және құқықты тіркеуде блокчейнді енгізу мәселесі қаралуда.
Д.Абаев криптовалютаның мүмкіндіктерін анықтау үшін Астана хабы мен Қырғызстанның жоғарғы технологиялық паркінің өзара әріптестігі керек екенін айтып, қырғыз қоғамын цифрлы болашақты бірге құруға шақырды.
Тәжірибе алмасу барысында Беларусь Республикасының Байланыс және ақпараттандыру министрінің бірінші орынбасары Дмитрий Шедко Қазақстан, Қырғызстан және Беларусьтің салалық мекемелері бірлесіп блкочейн платформасын қолдану бойынша келіссөздерді жүргізіп жатқанын атап өтті.Ал «BizBlocks» компаниясының бас директоры Чон Ин Ионг блокчейн технологиясының жай-жапсары және осы арқылы ақылды қала құру, оның қауіпсіздігі туралы дәріс оқыды.
АҚШ-тан келген OptDun ink компаниясының негіздеушісі Субутай-Алекс Карасулу блокчейннің келешегі бойынша пікірін білдірді. «Блокчейн – өз ойыңызды басқаға жеткізуші дербес жүйе, ортада үшінші жақ болмайды. Сондай-ақ ол арқылы инновациялық экожүйені, қаржы операцияларын жасауға болады, тіпті, мемлекеттік тұрғыда, сайлауларда дауыс беруге және басқа да амалдарды істеуге болады. Блокчейн адамның ерікті болуына алғышарт жасаған революция», дейді Субутай-Алекс.
Конференция «BizBlocks» компаниясына тиесілі жоғары технологиядағы «Kaiser» белгісімен шығарылған өнімдерді таныстырумен өз ісін аяқтады.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
egemen.kz