ДАМУДЫҢ НЕГІЗГІ БАСПАЛДАҒЫ
Елдің болашақ бағыт-бағдарын айқындап, келешектің кемел болуының алғышартын ойластырып, келер күннің тірлігін күні бүгіннен жүзеге асыруды жоспарлаған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы – саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуымыздың негізгі баспалдағы. Мемлекет басшысының алғашқы дәстүрлі Жолдауы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қуатын арттыра түсетін басты мақсаттарға, айқын мұраттарға негізделіп жасалды. Саяси құжат өзіндік нақты мақсаттан, жарқын болашаққа бағытталған ойлы мәселелері және бір мүддеге тоғысқан терең түсініктен тұрады.
Президент өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің ертеңі үшін өзекті, ойлы шешімдер қабылдап, халықты қуатты сөзімен қанаттандырды. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты саяси құжатта саяси сабақтастық, заман талабына сай мемлекет, қоғамдық тұрақтылықты қалыптастыру мақсатында азаматтардың қауіпсіздігін сақтау, экономикалық даму, әлеуметтің әлеуетін көтеретін жаңа кезең қалыптастыру жолындағы жүйелі жұмыстардың айқын бағыты көрсетілген. Сарапшылар, зиялы қауым өкілдері, қазақстандықтар биылғы Жолдауды кеңінен талқылады. Ең бастысы халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған шешімдер қолдау тапты. Әсіресе саяси құжаттың төртінші бөлімінде әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі туралы айтылды. Яғни алдағы уақытта білім беру сапасын жақсарту, қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықтың алдын алу мақсатында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейту жұмыстары қолға алынбақ. Бұл үшін ауыл мектептеріндегі білікті кадр тапшылығын жою мәселесі бірінші орында тұр. Ел Президенті үкімет мүшелеріне келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырды. Қазақстандық жастардың білімін арттыру, дарынды ауыл жастарының шет елде білім алуына мүмкіндік жасау және аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан балалардың білім алуына қолдау көрсету күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды. Енді дарынды балалардың қабілетін дамытудың жол картасы әзірленетін болды. Мемлекеттің дамуы, келешегінің кемел болуы – білімді ұрпақтың қолында. Сол үшін болашаққа телмірмей, дәл бүгінгі күннен бастап білім саласының озық технологияларын пайдаланып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек.
Мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты экономикалық-әлеуметтік даму болғандықтан, Президент Жолдауында осыған аса мән берді. Тіпті «Халықтың денсаулығын жақсарту мәселесі айрықша назар аударуды талап етеді. Барлық жастағы ел азаматтары арасында бұқаралық спортты дамыту маңызды. Спорт инфрақұрылымының балалар үшін барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек» деп, әрбір қазақстандық азаматты салауатты өмір салтын ұстануға шақырған еді. Бәрімізге белгілі елімізде спорт саласына қолдау көп. Біз де бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылдау қажеттігін қолдаймыз. Бұл бастаманың өз кезегінде саланың дамуына септігін тигізері анық. Спорт саласын жан-жақты дамыту үшін ауылдық жерлерден бастап барлық спорт кешендерін, спорт залдарды техникалық жағынан қамтамасыз ету осы саланың қарқынды дамуына тікелей әсер етпек.
Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыру бүгінгі күннің маңызды мәселесі екенін айтты. Бұл үшін экономикалық дамудың қарқын алуына күш салмақ. Экономикалық дамудың негізі өздеріңіз білетіндей ішкі өнімді, отандық шикізаттың өсімін тұрақты әрі жоғары деңгейге жеткізу керек. Сондай-ақ осыны негізге ала отырып, экономиканың дамуына тың серпін беретін құрылымдық өзгерістерді, нақты жоспарларды құру қажеттігі туады. Қажет болғанда да бұл заманның талабына сай туындаған қажеттілік деп білеміз. Әрине уақыт күттірмейтін, жолдан тоспайтын қажеттілік. Елдің болашағы үшін жасалған жоспарлар сәтті жүзеге асса, келешектің кемел болуына жол ашылмақ. Саяси құжатта айтылған ұсыныстар, нақты шешімдер мемлекеттің дамуына негіз болмақ. Президент Жолдауының қоғамдық тұрғыдан қолдау табуы ондағы атап көрсетілген өзекті мәселелердің салмақты бетбұрыстан туғанын дәлелдейді.
Жалпы Мемлекет басшысы көрсеткен сара жол, саяси құжатта айтылған нақты әрі сенімді шешімдер – егемен еліміздің жарқын болашағына бастайтын алтын көпір. Осы жолда бір шаңырақ астына бірігіп, жұмылған жұдырықтай атсалысуымыз маңызды. Мәңгілік ел болу мемлекетіміздің мұраты болғандықтан, біз қашанда заман сынына төтеп беруге дайын боламыз және ең алдымен бұл ел ынтымағының арқасында жүзеге асады.
Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ