» » » Дамудың негізгі баспалдағы

Дамудың негізгі баспалдағы

Елдің болашақ бағыт-бағдарын айқындап, келешектің кемел болуының алғышартын ойлас­тырып, келер күннің тірлігін күні бүгіннен жүзеге асыруды жоспарлаған Ұлт көшбасшысының дәстүрлі Жолдаулары саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуымыздың негізгі баспалдағы екені баршаға аян.

Жыл сайынғы Елбасының Жолдаулары Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қуатын арттыра түсетін басты мақсаттарға, айқын мұраттарға негізделіп жасалады. Әрбір Жолдау өзіндік нақты мақсаттан, жарқын болашаққа бағытталған ойлы мәселелері және бір мүддеге тоғысқан терең түсініктен тұрады. Сонау тәуелсіздік алған жылдардан бері Елбасы қазақстандықтар үшін, жас ұрпақтың болашағы үшін талай сыннан өтіп, көреген саясатының арқасында егемендіктің белгісін берік қалады. Жыл сайын дәстүрлі түрде Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында еліміздің ертеңі үшін өзекті, ойлы шешімдер қабылдап, халықты қуатты сөзімен қанаттандырып отырады. Ел Президенті Н.Назарбаев 2015 жылғы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын жолдап, жаһандық дәуірдің сын-қатерлеріне төтеп берудің тетігін айтты. Онда «Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде. Алпауыт елдердің текетіресі мен өзара санкциялар алмасу дүниені тұйыққа қарай бастауда. Біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырады. Бүгінгі ахуал – біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін уақыт тезі. Жауапты сәтте бірлігімізді сақтап, еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуіміз керек. Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін деген қағиданы ұстанып, еңбек етуге тиіспіз» деп, дәуір дүмпуінің кез келген төңкерісіне дайын болу үшін ең алдымен бірлік керек екенін баса айтқан болатын. Сонымен қатар, Жолдауда жаңа жаһандық нақты ахуалдың сын-қатерлері, Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері кеңінен талданды. Президент өз сөзінде дағдарысқа қарсы мүмкіндіктерді қалыптастыруда кез келген мемлекет ең алдымен экономикасын дамытуға тиістігін, яғни, қаржы, металдар мен азық-түлік және басқа да рыноктар тұрақсыз болғандықтан, экспорттық өнімдерге сұраныстың төмендеуі әбден мүмкін. Осының салдарынан әлем экономикасының дамуы күрт баяулап, ірі державалық мемлекеттер арасында сенімсіздіктің пайда болуына әкелетінін айтқан еді. Алайда, Елбасы бұл сөзімен біздің елдің дағдарысқа төтеп беретін күш-қуаты жоқтығын меңзеген жоқ. Қазақстан тоқырау жылдары тәуелсіздігін алды. Сан қилы қиындықтар мен саяси өзгерістерді бастан өткерді. Сол уақыттары қабылданған стратегиялық шешімдер мен іс-қимылдар маңызды рөл атқарды.
Мұнан кейінгі жылдары Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаулары, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, қазақстандықтарға арнаған үндеуі жарияланды. Биылғы жылы 5 қазанда «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы мен күні кешегі «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы еңбегі жарияланып, жан-жақты қолдау тауып отыр. Саяси құжаттардың барлығында мақсаты айқын, жарқын болашаққа бастайтын ірі бастамалар, Қазақстанның саяси аренадағы орнын айқындайтын және дамудың даңғыл жолын қалыптастыратын мол мүмкіндіктер мен тетіктер көрсетілген.
Қуантарлығы, бүгінгі күні ел келешегін кемел етер келелі істер, жарқын бастамалар көптеп жүзеге асуда. Еліміз көркейді, әлемдік деңгейде өз биігін бағындыра алатын дербес мемлекет екенін дәлелдеді. Ұлт санасының қайта жаңғырып, ескі қағидалардан арылу жолында Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында да ауқымды істер атқарылды. Халықтың үні саналатын тіл мен әдеби қордың тазарып, артық таңба мен дыбыстардан арылу үшін кириллицадан латын әліпбиіне көшу, жаңа әліпби арқылы әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін бойлау, ғылыми техниканың тілін еш қиындықсыз меңгеру мақсатында Мемлекет басшысы осындай саяси шешім қабылдады. Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауларындағы, мақалаларындағы басты назар аударылған мәселе ол – бәсекеге қабілетті мемлекет. Әрине, мемлекетті білім саласында биікке көтеріп, болашағын айқындайтын бүгінгі жастар. Ал, бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру үшін алдымен білім саласының дамуы маңызды. Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жете алады. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстан азаматы ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Ел Президентінің бағдарламалық мақаласы жарияланғаннан бері біздің ауданда да жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Жаңғырудың алғашқы баспалдағы саналатын латын әліпбиіне көшу бастамасы да аудан халқын бейжай қалдырған емес. Сонымен бірге, салт-дәстүрлерді халық жадында қайта жаңғыртып, бүгінгі ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында да айтулы шаралар ұйымдастырылып келеді. Мәселен, өткен жылы «Туған жерге тағзым» жалпы республикалық акциясы, «Жастар – туған жерге» атты аудандық жастар форумы секілді тарихи оқиғалар көптеп орын алды. Биылғы жылы да аудан орталығында жарқын істер жарасымды жалғасын табуда.
Президент осы жылғы Жолдауда өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруға тереңірек тоқталған. Онда бірқатар тұрғын үй құрылысына серпін беріп отырған мемлекеттік бағдарламаларды атап өтті. Соңғы жылдары елімізде құрылыс саласы қарқынды дамуда. Салаға серпін беріп отырған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында да қаншама қазақстандық баспаналы болуда. Бұдан бөлек, өздеріңізге белгілі, жуырда жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы іске қосылды. Қаншама қазақстандық жайлы қоныс, жаңа баспанаға ие болды. Міне, бұл да мемлекеттің халық үшін жасаған тиімді бастамасы. Биылғы саяси құжатта халықтың әл-ауқатының өсуі турасында бірқатар жобаларды қолға алу ұсынылды. Жолдау барша Қазақстан жұртын ел келешегінің дамуына жұмылдыруға бағытталып отыр. Президент елдің әлеуметтік жағдайын көтерудегі жүйелі жұмыстардың жауапкершілігін арттырып, оң нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Бұл тұста ерекше атап өтетін жаңалық, ауылдық жерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жаңғыртуға арналған «Ауыл – ел бесігі» жобасының іске қосылуы болмақ. Жоба арқылы ауылдық жерлерде «Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құрып, мектептерде әскери-патриоттық тәрбиенің рөлін күшейтетін боламыз. Сонымен бірге, «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту шарасы қолға алынбақ. Мұның барлығы халықтың әлеуметтік деңгейін көтеретін бірден-бір бастама деуге болады.
Сонымен бірге, Қазақстанның дамыған отыз елдің қатарына қосылуы, білім саласында жоғары жетістіктерге жетіп, озық елдермен терезе теңестіруі, бәсекеге қабілетті білікті мамандар қатарын арттыруы егемен еліміздің алдындағы басты міндет. Елбасы бұл жайлы саяси құжатта тағы да тілге тиек етті. Әрине, мұндай ауқымды істе мемлекеттің жастарға үміт артары анық. Өйткені, бүгінгі жас – ертеңгі ел үшін еңбек ететін жеке тұлға, кемел келешегіміздің кепілі. Ал, заман ағымына қарай түрлі технологияларды тез меңгеріп, өзгерісті дер кезінде қабылдай алатын зерек тұлғаларды дайындау бүгінгі күннің еншісінде. Айта кеткен жөн, Елбасы бұған дейінгі дәстүрлі Жолдауларында, стратегиялық бағдарламаларында жастар саясатына, оларды қолдауға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл жолы да Ұлт көшбасшысы кемел елдің келешегі – жастарға жан-жақты қолдау көрсетуді айтты. Яғни, 2019 жылды жастар жылы деп жариялауды ұсынды. Бұған «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекет саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», – деген ел Президентінің қуатты сөзі дәлел болмақ.
Мемлекет басшысы көрсеткен сара жол, саяси құжатта айтылған нақты әрі сенімді шешімдер егемен еліміздің жарқын болашағына бастайтын алтын көпір. Осы жолда бір шаңырақ астына бірігіп, жұмылған жұдырықтай атсалысуымыз маңызды. Отыздыққа ену мемлекетіміздің мәңгілік мұраты болғандықтан, біз қашан да заман сынына төтеп беруге дайын боламыз және ең алдымен, бұл ел ынтымағының арқасында жүзеге асатынын ұмытпаған жөн. Сонда ғана тәуелсіз мемлекетіміздің озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуына мол мүмкіндік туады.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ.
01 желтоқсан 2018 ж. 901 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 781

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031