ТЕХНОЛОГИЯ ТИІМДІЛІГІ: ЕНДІ ҚАҒАЗДА ЕМЕС, КӨЗ АЛДЫҢДА...
Балалар компьютерлік ойындарды неге жақсы көретінін білесіз бе? Айталық, «Counter strike»-ты. Балақай бір қаланың ішіндегі көшелерді аралап, кейде «жүгіріп» жүріп, зәулім ғимараттың ішіне еніп, бөлмелерін қарап, ең жоғары қабаттан «қаланы» тұтастай бақылап, өзіне керек «адамды» іздейді. Демек, ол компьютер арқылы қаланы аралап шығады. «Алып шаһарда» шынымен өзі жүргендей, ақыл-ойы арқылы ойынға кіріп кеткенін сезбейді.
Ал, компьютердің күші – 3D форматта! 3Д нұсқада мультфильм мен кино көрген боларсыз. Мұндай мүмкіндікті басқа қай салада пайдалануға болады? Өткен жыл соңында Қызылордада ұйымдастырылған «HackDay-2017» идеялар фестивалінде біз айтқандай, 3D нұсқадағы ойын емес, ұтымды ұсыныс айтылды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жуырда сол байқауға қатысушылармен кездескен болатын. Кездесуде ІТ технологияны игеремін деген жасқа қолдау жасалатынын жеткізді. Бүгінде ІТ саласындағы стартап жобалар – экономиканы, өндірісті цифрландырудың негізі. Фестивальде І орын иеленген «3D толықтырылған шындық» жобасының маңыздылығы қандай? Қоғамға қандай пайдасы бар? Жоба авторы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ программисі Бағдат Қыдырбеков ерекше идеясымен бөлісті.
БҰЛ ТЕК ФИЛЬМ КӨРУ ЕМЕС...
Сырдарияның сол жағасында бой түзейтін қаланың қандай болатынын көру кімге де қызық. Айталық, қаладан тұрғын үй алатын болсаңыз, бөлмелерін қағаздағы сызбадан көріп, ойша елестетесіз. Егер «3Д толықтырылған шындық» бағдарламасы қолданысқа енгізілсе, қала, үй көз алдыңызда «пайда болады». Қалай? Алдымен, смартфоныңызды қағаздағы штрих коды бар қаланың суретіне жақындатасыз. Смартфонның бетінде болашақ қаланың бейнесі пайда болады. Экранды саусағыңызбен жылжыта отырып, көшелерін, ғимараттарды, болашақ үйіңізді, оның бөлмелерін әртүрлі көлемде көре аласыз. Әлгінде айтқан ойын секілді виртуалды түрде бейнені әр қырынан қалағаныңызша тамашалайсыз. Бұл жобаны сауда, білім, денсаулық сақтау секілді кез келген салада қолдануға болады. Тарқатып айтсақ.
САУДА САЛАСЫНДА
Айталық, аяқ киімді сауда орнына барып таңдайтынбыз не сатушы тауарларын тасып, арнайы әкеліп көрсететін. Ал бағдарлама қолданысқа енсе, сатушы аяқ киім көрсетіп, әуреге түспейді, қолына журнал ұстап жүреді. Ал сіз журналдағы аяқ киімнің суретіне смартфоныңызды жақындатып, өнімді қырынан, оңынан, терісінен айналдырып қарап, үйде отырып-ақ таңдау жасайсыз.
БІЛІМ САЛАСЫНДА
Оқушыларға тарих пәнінен ежелгі қалалардың қандай болғаны қызық. Суреттің аты – сурет. Қамалдарды, небір шаһарларды «осындай болған-ау» деп ойша шамалайды. Ал әлгінде айтқандай, суретке құрылғыны жақындатсаңыз, Х ғасырдың қаласын виртуалды аралау мүмкіндігіне ие боласыз. Биология пәнінен адамның ішкі құрылысын көруге болады. Мысалы, жүрек тұсына жақындатса, құрылғының экранында жүрек пайда болып, қан тамырларын, жүрекше, құлақшаны анық көре алады.
ТҮРКИЯДА ТУҒАН ИДЕЯ
Жоба авторы Бағдат Назарбекұлы Түркияға сапарында шағын ауылдың мұражайын тамашалайды. Мұражайда үлкен экран орнатылған, тек төрт нүктесі бар. Сол төрт нүкте арқылы сіз ауылдың тарихын экраннан түгелдей көріп шығасыз. Креативті идеяның қанат жаюына Түркия сапарының да әсері болғаны анық.
«3D толықтырылған шындық» бағдарламасын Бағдат жалғыз емес, төрт жігіт болып бірге дайындады. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың құрылыс мамандығы бойынша білім алатын Ердәулет Есмағамбет қала құрылысының сызбасын сызса, Ақниет Қарташ пен Бақытжан Жұмаділла объектіні тұрғызумен, 3D нұсқадағы толықтырумен айналысады. Сондай-ақ, экономика және ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Нұрлан Құлмырзаев идеяны толықтыра түсуге көп көмектеседі.
Бағдат 3D бағдарламасының технологиясын қалай үйренді? Бірде бағдарлама қалай жасалатынын түсіндіруге арналған интернет-форумда Бағдат сұрақты көп қояды. Сауалының көптігі соншалық, бұл жағдай әкімшінің шамына тиіп, ол тоқтатуын сұрайды. Сонда бейтаныс украин азаматы «мен түсіндіріп берейін» деп хат жазыпты. Ол тек жұмыстан келген соң Skype арқылы түсіндіреді. Ал Украина мен Қазақстан арасында уақыт айырмашылығы бар. Уәделескендей украиндық азамат жұмыстан келіп, кешкі асын ішіп болғанда, бізде сағат түнгі екі не үш екен. Бірақ білімге, жаңалыққа деген құштарлық Бағдатты күн мен түнге қарамайтын фрилансерге айналдырды.
БІЗ БОЛАШАҚТА...
3D көзілдірікті киіп, құлаққап арқылы бір-бірімізбен сөйлесуіміз мүмкін. Тек естіп қана қоймай, әңгімелесушіні жанымызда отырғандай көре аламыз. Айтпақшы, облыс орталығындағы аялдамаларда ақын-жазушылар туралы ақпарат бар. Онда QR кодтың белгісі орнатылған. Егер Play Market мобильді қосымшасынан бағдарламаны жүктеп, тақтадағы QR кодқа смартфон, iРhon секілді техниканы жақындатсаңыз, экранда сайт пайда болады. Сайтқа кіріп тұлға туралы деректерді қарай аласыз. Ал егер «3D толықтырылған шындық» жобасы жүзеге асса, сайтқа кірмей-ақ, тұлға туралы бейнематериалды былай да көруге болады.
«3D толықтырылған шындық» бағдарламасы екі бағыттан тұрады. Біріншісі – IR – (англ. augmented reality, «дополненная реальность») ақпаратты сенсорлы құрылғы арқылы қабылдауды жетілдіру, екіншісі BR – (англ. virtual reality, VR, искусственная реальность) виртуалды шындық техника арқылы адамға, оның сезім мүшелеріне әсер етеді. Қосымша шындық арқылы затты бақылау мүмкіндігіне ие болсаңыз, виртуалды шындық арқылы өткен ғасырға не болашаққа аттана аласыз. Қазір жұмыс тобы бағдарламаның бірнеше нұсқасын тәжірибе түрінде дайындаған. Егер қолдау болса, әр салаға қатысты ақпаратты енгізіп, мұны Play Market мобильді қосымшасына жүктеуге болады.
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».