Қазақстанда тағы бір банк лицензиясынан айырылды
"Capital Bank Kazakhstan" АҚ бағалы қағаздар нарығында банктік және өзге де операциялар мен қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияынан айырылды, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайты.
"Capital Bank Kazakhstan" АҚ-ты банк және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берілген лицензиядан айыру туралы
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасының 2021 жылғы 24 маусымдағы № 74 қаулысына сәйкес Банкті Агенттік банк және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берген лицензиядан айыру туралы шешім қабылданды.
"Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабы 1-тармағының 7), 15) 16) тармақшаларына сәйкес мыналар лицензиядан айыруға негіз болып табылды:
– пруденциялық нормативтерді және (немесе) басқа да сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі айдың ішінде үш және одан көп рет) бұзу;
– қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі айдың ішінде үш және одан көп рет) орындамау;
– уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын Банктің ірі қатысушысының орындамауы;
– Банкті төлемге қабілетсіз банк санатына жатқызу.
Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша Банк активтерінің мөлшері 38,5 млрд теңгені, несие портфелі – 33,9 млрд теңгені құрады, оның ішінде 30,4 млрд теңге немесе Банктің несие портфелінің 89,8%-ы – 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер. Банктің өтімді активтерінің мөлшері 149 млн теңгені құрайды, бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің көлемі 15,0 млрд теңгеден асады.
Пруденциялық нормативтерді орындамауына байланысты Агенттік Банкке қатысты 29 қадағалап ден қою шарасын қабылдап, 67 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасады.
2020 жылы Банк акционері Банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынды. Көрсетілген Жоспарды орындау шеңберінде Агенттіктің қатаң бақылауымен Банк 2020 және 2021 жылдары Банктің депозиторлар алдындағы 31 млрд теңге сомасындағы міндеттемелерін төмендетті.
Жоспарды іске асыру шеңберінде әлеуметтік тұрғыдан маңызды мекемелер (мектептер мен ауруханалар) алдындағы міндеттемелер толығымен және квазимемлекеттік сектор алдындағы міндеттемелердің айтарлықтай бөлігі де өтелді.
Алайда, Банк және оның акционері қабылдаған шаралар Банктің қаржылық жағдайын тұрақтандыруға әкелген жоқ. Банк пруденциялық нормативтерді бұзуды жалғастыруда және Банк клиенттері алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерін орындамайды.
Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 99%-ның депозиттері "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ-тың кепілдігімен толық көлемде өтеледі.
Агенттік Төрағасының 2021 жылғы 24 маусымдағы №206 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған Банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері ауысты. Уақытша әкімшілік Банктің тарату комиссиясы тағайындалғанға дейін әрекет ететін болады. Уақытша әкімшіліктің басшысы болып Агенттіктің қызметкері Шолпан Тайшыққызы Тоқсейітова тағайындалды.
2021 жылғы 25 маусымнан бастап ҚР заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және Банктің өзінің банк шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылды. Агенттік заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа Банктің қызметін мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтінішпен жүгінеді.
Сот Банкті мәжбүрлеп тарату туралы іс қозғаған күннен бастап Банкті ұстауға арналған ағымдағы шығыстармен байланысты талаптарды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де жағдайларды қоспағанда, кредиторлардың Банкке талаптары тарату өндірісінде ғана қойыла алады.