» » 2025 жылға дейін Қазақстанда 62 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады - министрлік

2025 жылға дейін Қазақстанда 62 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады - министрлік

2022-2025 жылдар аралығында Қазақстанда 62 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады деп күтіледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

2022 жылғы 28 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті кездесуі өтті.

Кездесу барысында Қазақстанның құрылыс және тұрғын үй саласын дамыту перспективалары қарастырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдын ала болжамы бойынша, 2022-2025 жылдар аралығында Қазақстанда 62 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады деп күтіледі.

Сонымен қатар, 5 201 мемлекеттік нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, оның 2 137-сі мемлекет қаражаты есебінен салынады. Қазіргі кезде 286 нысанның құрылысы тоқтатылды. 84 нысанда жұмыстардың тоқтауына бағаның қымбаттауы себеп болса, 202 құрылыс басқа да себептер бойынша (ауа райына, маусымдық шектеулер және т.б. байланысты) тоқтатылды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, әрбір нысан бойынша жағдай сарапталып, жұмыстарды қайта бастау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

ҚР Премьер-министрі нысандарды салуға өткізілетін мемлекеттік конкурстардың жосықсыз ұйымдастырушыларын жауапқа тарту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

"Бюджеттік қаржыландырусыз құрылыстарға конкурстар жарияланады. Бұл - заң тәртібін бұзу. Кінәлі тұлғаларды тиісті жауапқа тартуды қарастыру қажет", - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ мемлекеттік құрылысқа жұмсалатын шығындарды азайту мақсатында Премьер-министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, жобалау-сметалық құжаттама құнына баға белгіленуіне талдау жүргізуді тапсырды.
29 наурыз 2022 ж. 1 729 0