Вице-министр жастардың неге ауылдан көшіп жатқанын айтты
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов ауылдағы жастардың неліктен қалаға көшіп жатқаны туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Біздің министрліктің қызметкерлері өңірлердегі ахуалды бағалау мақсатында үнемі аймақтарға шығып отырады. Атап айтқанда, қызметкерлеріміз өткен жылы көші-қон мәселесіне байланысты Шығыс Қазақстан облысы мен солтүстік өңірлерде болды. Нәтижесінде бірқатар мәселе анықталды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда жастар ауылдан көптеп көшіп жатыр. Осы орайда ол жастардың неліктен қалаға көшіп жатқанын айтты.
«Әсіресе, көршілес өңірлерде бұл мәселе өте өткір күйінде тұр. Жастардың айтуынша, жұмыстың тапшылығы, табыстың аздығы, үйдің жоқтығы осындай қадамға баруға итермелейді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың айтуынша, ауылда тұрақтамаудың тағы басты бір себебі – бос уақытты тиімді өткізуге мүмкіндіктің болмауы және мәдени ошақтардың жоқтығы», - деді Абзал Нүкенов.Сонымен қатар ол бұл мәселені шешу үшін Үкімет тарапынан тиісті шаралар қолға алынғанын жеткізді.
«Өткен жылы аталған мәселеге байланысты арнайы Үкімет отырысы өтіп, онда әрбір өңірде 2017 жылға арналған жастардың бос уақытын өткізу туралы жоспар әзірленді. Ол жоспарларға сәйкес, елімізде 379 жаңа көп функционалды нысан мен 7 сауықтыру орталығы бой көтерді. Өңірлерде көптеген футбол алаңы, хоккей корты, street workout орталығы іске қосылды. Біздің министрліктің ұсынысымен әрбір шағын қала мен аудан орталығында жастардың бос уақытын пайдалы өткізу үшін жеке кәсіпкерлерді тарта отырып, орталықтарды ашу мәселесі қарастырылуда», - деп түйіндеді сөзін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі.Дәурен ЕРБОЛАТ