Иранға алғаш рет 510 тонна қой еті экспортталды – АШМ
Бүгінгі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев еліміздің экспорттық әлеуетін көтеру мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Вице-министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіп кешені өнімдері экспортының көлемін арттыру бойынша шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр. Соның нәтижесінде 2017 жылы ауыл шаруашылығы өнімдері мен өңделген өнімдердің экспорты 12,5%-ке, оның ішінде өңделген өнімдер 10,7%-ке артқан.
Арман Евниевтің пікірінше, бұған Қытай, Таяу Шығыс және Еуропа елдерімен ветеринариялық, сонымен қатар фито-санитариялық талаптарды келісу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар ықпал еткен.
«Экспорттың негізгі көлімі бидайдан, ұннан, майлы дақылдардан, арпадан, өсімдік майынан, мақта талшығынан, бұршақ дақылдарынан тұрады. Негізгі өткізу нарықтары – Өзбекстан, Ауғанстан, Ресей, Тәжікстан, Қытай, Иран, Қырғызстан, Түркия, Италия, Латвия елдері», - деді вице-министр.
Осы орайда Арман Евниев ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының географиясы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда Қытай нарығы балық, мал, ара, жылқы шаруашылықтарына және бидайға, кебек пен сояға ашық. Нәтижесінде Қытайға шығарылатын агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 34,3%-ке өсті. Иранға тірі қойларды, мұздатылған және салқындатылған қой етін жеткізу бойынша кедергілер жойылды. Нәтижесінде өткен жылы Иранға алғаш рет 4 763 бас қой және 510 тонна қой еті экспортталды. Сондай-ақ Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне ірі қара мал және ұсақ мал етін жеткізуге қойылған шектеулер алынып тасталды», - деді ол.
Сонымен қатар вице-министр Біріккен Араб Әмірліктеріне ет пен ет өнімдерін, тауық жұмыртқаларын және үй құсын жеткізудегі кедергілер жойылғанын мәлім етті.
Дәурен ЕРБОЛАТ
Baq.kz