Елiмiзде ветеринарлық анықтама электронды түрде берiлмек
Биыл елiмiзде электронды ветеринарлық анықтама беру жүйесi iске қосылады. Бұл туралы Үкiмет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бiрiншi вице-министрi Арман Евниев айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Биылғы жылы субсидиялау процесiн автоматтандыру жүйесi, электронды ветеринарлық анықтама беру жүйесi жүзеге асады. Сондай-ақ, мемлекеттiк орман учаскелерiн, ерекше қорғалатын табиғи территорияларды, аңшылық шаруашылықтарды немесе шаруашылық су қоймаларын бекiту кезiндегi конкурстық рәсiмдердi 100 пайыз электрондық форматқа алмастыру жүйесi iске асады. Электронды астық қолхат операцияларын блокчейн технологияларына алмастыру, ауыл шаруашылығы жерлерi, жайылым жерлер, орман, су ресурстарын, жануарлар әлемi, аңшылық және балық шаруашылық жерлерiне мониторинг жүргiзу үшiн геопортал құрылады», - дедi Евниев.
Вице-министрдiң айтуынша, зарарданған алаңдар мен объектiлер есебi автоматтандырылып, карантиндiк нысандар мен шегiртке сынды зиянкестердiң электронды картасы жасалады. Өсiмдiк шаруашылығы үшiн ауа райы болжамының дәлдiгiн арттыру мақсатында метеостанция бойынша пилоттық жоба iске асады. Зертханалық жұмыстар автоматтандырылады.
«Жалпы, цифрландыру бәсекеге қабiлеттiлiк пен еңбек өнiмдiлiгiн арттырып, азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартады. Жалпы, есептеулер бойынша 2025 жылға дейiн экономикалық эффект шамамен 40 млрд теңгенi құрайды», - дедi Арман Евниев.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ