» » Аспанға қарап, жұлдызды санамаңыз – Сабильянов Бiртановқа медицинадағы проблемаларды атап бердi

Аспанға қарап, жұлдызды санамаңыз – Сабильянов Бiртановқа медицинадағы проблемаларды атап бердi


Бүгiн «Денсаулық сақтау саласын цифрландыру» тақырыбындағы Үкiмет сағатында Мәжiлiс депутаты Нұртай Сабильянов ДСМ басшысы Елжан Бiртановқа медицина саласындағы проблемаларды атап бердi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.


«Жаңа ғана Денсаулық сақтау министрi Елжан Бiртановтың баяндамасын тыңдадық. Маған министр ертегi айтып жатқан секiлдi болды. Неге? Өйткенi, цифрландыру болу үшiн денсаулық сақтау ұйымдарын, ауруханаларды, емханаларды бiз жақсы, жоғары интернет байланысына қосуымыз керек. Жаңағы Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнiң айтуынша, бұл 2022 жылы ғана жүзеге асады. Қаражат болса... Сонда, бұл цифрландыру кiмге жүргiзiледi? Мысалы, өңiрлердi алып қарайтын болсақ, Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстiк Қазақстан, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды облыстарының денсаулық ұйымдары бар-жоғы 14-43 пайыз ғана интернет жүйесiне қосылған. Сондықтан, бiрiншi кезекте осыны шешуiмiз керек. Құрметтi министр, сiзге айтарым, аспанға қарап, жұлдызды санағаннан гөрi жердегi тiршiлiкке дұрыс көзбен қараған жөн секiлдi», - дедi Сабильянов Бiртановқа.

Депутаттың айтуынша, елдi мекендердiң медицина саласында әлi де шешiлмеген көптеген мәселе бар. Мәжiлiсмен бiрқатар проблеманы да атап өттi.

«Аудан мен ауылдардағы медициналық ұйымдарды жаңа жедел жәрдем автокөлiктермен қамтамасыз ету керек. Қазiргi таңда Қазақстан бойынша 2124 жедел жәрдем көлiгi бар десек, соның 36 пайызы, яғни 770-сi ескi екен. Сонау ХХ ғасырда шығарылған автокөлiктер бар. Ендi ойлап қараңыз, қатты аяз бен боранда ескi автокөлiкпен науқастарды алып келе жатқанда жолда бұзылса не болады? Осы жағына неге көңiл аудармайсыз? Сiздер айтасыздар, оларды атқарушы орган, әкiмдер алу керек деп. Бiрақ, қаражатты бәрiбiр республикалық бюджеттен бөлу қажет. Сонда ғана бiз дұрыс медициналық көмек көрсете аламыз», - дедi Нұртай Сабильянов.

Сондай-ақ, мәжiлiсмен көптеген жерде аурухана мен емханалардың жағдайы төмен, халыққа қолайлы жағдай жасалмағанын айтты. Депутаттың мәлiметiнше, ШҚО Жарма ауданының орталығы - Қалбатау ауылындағы аурухананың жөнделмегенiне 25 жыл болған. Үржар ауданының орталығында мүлде емхана жоқ, тек үш дәрiгерлiк амбулатория қызмет көрсетедi. Оның бiреуiнiң ғимараты да жоқ.

«Қазақстан шекарасының ең шетiндегi Зайсан ауданының ауруханасы тар, бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Iшiнде су жоқ, кәрiз жүйесi жоқ. Адамдар тұрып тұр, шешiнетiн жер жоқ. Осыдан кейiн медициналық көмектiң жоғарғы деңгейде екенiн қалай айтуға болады? Осы мәселелердi шешетiн уақыт болды ғой», - дедi Сабильянов.

Депутат өңiрлерде кадр тапшылығы бар екенiн, осыған орай жас мамандарды қолдап, дәрiгерлердi баспанамен қамтамасыз ету керектiгiн айтты. Сөз соңында ол цифрландырудан бұрын емханалардағы тозығы жеткен құрылғыларды жаңасымен алмастыру, халыққа дәрi-дәрмектi уақытында жеткiзiп, дұрыс медициналық қызмет көрсету керектiгiн де атап өттi.
Еске салсақ, бүгiн Бiртанов биылғы маусым айында электрондық денсаулық паспорты мен пациенттiң жеке кабинетi пилот түрiнде енгізілетінін айтқан болатын. Сондай-ақ, елiмiзде еңбекке уақытша жарамсыз парақтары e-gov арқылы берiлiп, тегін дәрі-дәрмектi «есікке дейін» жеткізу пилоттық жобасы іске қосылатынын жеткiзген едi.



Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
29 қаңтар 2018 ж. 751 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 680

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031