ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӨНДІРІС ОРНЫ Қызылорда облысындағы қуатты өндіріс орнының бірі – Жаңақорған ауданында орналасқан «СКЗ-U» ЖШС. Жаңа технологиямен жұмыс жасайтын зауыт 2007 жылы Қазақстан, Канада және Жапония мемлекеттері компанияларының құрылтайшылығымен құрылған болатын. Күкірт-қышқылы зауыты 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған озық технологиялы зауыт елімізде баламасы жоқ өндіріс орны қатарында. Зауыт «Қазатомпром» АҚ-ға қарасты уран өндіретін кәсіпорындарды ең басты реогент күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді. Оның қуаттылығы күніне 1500, жылына 500 мың тоннаны құрайды.Кәсіпорын 200-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Күкірт қышқылын өндіру технологиясы бойынша қалдықсыз жұмыс жасауды мақсат еткен өндіріс орнында шикізатты өнімге айналдыру үлесі 99,9 пайызды құрайды.– Тәжірибе алмасу мақсатында көптеген шетелдердегі осындай зауыттардың жұмыстарымен таныстық. Сонда байқағанымыз, біздің отандық өндіріспен шұғылданатын зауытымыз жаңа технологияны игеруде ешқайсысынан қалыс қалмайды. Ең қуаныштысы – қандастарымыз өндірістегі тың мамандықтарды игеруге талаптанып, құлшыныс танытуда, – дейді зауыттың бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Мәдіхан Бекжанов.«СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылын өндірумен бірге электр энергиясын да өндіреді. 2013 жылы зауытта өнім өндіріле бастағанда зауыт сағатына 420 кВт-тық өзінің күн электр станциясын іске қосады. Бүгінде аталған электр энергиясы серіктестіктің жұмысшылар тұратын қалашығын толықтай жарықпен қамтамасыз етіп отыр.«СКЗ-U» ЖШС еліміздің экономикасына үлес қосумен бірге әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып келеді. Қайырымдылық, демеушілік шараларынан қалыс қалған кезі жоқ. Мәселен, 2012-2016 жылдары серіктестік бұл бағыттағы шараларға 32 млн теңгеден астам қаржы бөлген. Сондай-ақ, Кейден ауылында скважина қазып, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдың аяқсу мәселесін шешуге де үлес қосты. Жұмысшыларының өміріне жауапкершілікпен қарайтын серіктестік басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік жағдайына мән береді. Әлеуметтік пакетке толықтай медициналық сақтандыру енген. Мұнымен қоса, зауытта күн сайын қызметкерлердің денсаулығын қадағалайтын тұрақты медициналық пункт жұмыс жасайды.Серіктестік болашақ мамандарды дайындауда да белсенділік танытуда. Мәселен, бүгінгі күнде кәсіпорын есебінен 3 студент жоғары оқу орнында, 5 студент колледждерде өндіріске қажетті мамандықтарды игеруде. Олар оқуын бітірген соң, осы зауытта жұмыс жасайтын болады. Яғни, өндіріс орны жаңа толқынмен жаңарып отырады деген сөз.Нұрмахан ЕЛТАЙ. Жаңақорған ауданы. Экономика 07 маусым 2018 ж. 1 006 2
Пікір 2