Жыл соңына дейін Қазақстанда 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылады
Жыл соңына дейін Қазақстанда 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында жалпы сомасы шамамен 1,1 трлн теңге болатын 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Онда 12,2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады», - деп атап өтті министр. Атап айтқанда, 2018 жылға жоспарланған бірқатар маңызды жобалар бар. Олардың арасында Алматыда диаметрі үлкен дәнекерлеуші болат құбырларын өндіретін зауыт құрылысы ескерілген. Сонымен қатар, екінші жартыжылдықта Павлодар облысында теміржолда қолданылатын доңғалақтар өндіру кешенін іске қосу жоспарда бар. Мұнымен қоса, Қызылорда қаласында жалпақ шыны өндірісі зауытын да 2018 жылы пайдалануға берілмек. Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Жеңіс Қасымбек Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қарқыны туралы баяндады. Сонымен қатар, Қазақстанда индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығына арналған құжат әзірленгені белгілі болды.