ШАРУАСЫ ШИРАҚ ЖАЛАҒАШ

Жергілікті тұрғындардың біршамасы қорадағы бар малын бордақылап, табысқа кенелсе, көбісі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен кәсібінің көкжиегін кеңейтуде. Биыл «Сыбаға» бағдарламасы бойынша өңірдегі 6 шаруа қожалық 29,5 млн теңгемен қар¬жыландырылып, кәсіпкерлер тиісті қара¬жат¬қа 219 бас жергілікті аналық пен 8 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Ал, «Құлан» бағ¬дарламасы бойынша аймаққа 92 бас бие мен 8 бас асыл тұқымды аталық жылқы жеткізілді. «Алтын асық» бағдарламасымен де аудан еңбеккерлері толайым табысқа кенелуде. Биылдың өзінде аталған бағдарламаның көмегімен 190 бас қой мен 7 бас асыл тұқымды қошқарға қол жеткізген шаруашылық иелері уақ мал санын арттырумен қатар өз өнімдерін саудаға шығаруда.
Мал басын асылдандыру мақсатында жұмысын бастаған шаруашылықтардың алды бүгінде өз өнімін экспорттауды қолға алған. Аққұм ауылдық округіндегі «Бақдәулет-57» шаруа қожалығы мал басын асылдандырумен жұмысын бастаса, бүгінде жемісін көріп отыр. Табысқа кенелу үшін алдымен сапаға мән беру керектігін ескерген жергілікті шаруашылықтар әсіресе осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға ден қойған. Нәтиже де жаман емес.
Жалпы, шаруашылық иелерінің бет алысы жаман емес. Бірі егін саласын ілгерілетуге ден қойса, енді бірі мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Осы жылы ауданда 13 млрд 20,6 млн теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді. Бұл көрсеткішті өткен жылмен салыстырсақ 3,4 пайызға артқан. Жалпы егін саласымен қатар мал шаруашылығында да алдағы уақытта айтарлықтай жетістікке қол жеткізеріміз сөзсіз. Себебі, осы бағытта кәсіпке ден қойған жергілікті халықтың саны да артып келеді.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.
Пікір 2